- Advertisement -

Жазғы мектептің тиімділігін оқушылар да сезінуде

53

- Advertisement -

«Жазғы мектеп» жобасы өзінің жемісін беруде. Жоба аясында оқушылар білім алып қана қоймай, спорттық және мәдени-сауықтыру іс-шараларына тартылған. Төле би атындағы №8 гимназия мұғалімдері оқушылардың гуманитарлық және жаратылыстану бағытындағы пәндерге қызығушылықтарын оятып, сабақтарын түрлендіріп өткізуде. Тақырыпқа сай түрлі көрнекіліктер мен әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, белсенділіктерін арттыруда.

Жазғы мектеп аясында өткізіліп жатқан іс-шаралар күнделікті өз жалғасын тауып келеді. Атап айтсақ, 5-7-сынып оқушылары арасында «Ұлт болашағы – дені сау ұрпақ», «Шынықсаң, шымыр боласың!» атты салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл іс-шараға дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері мен сынып жетекшілері өз үлестерін қосты. Жарыс соңында жеңіс тұғырынан көрінген командалар арнайы мақтау қағаздарымен марапатталды.
Мемлекеттік рәміздерді ұлықтау мақсатында гимназия оқушылары Д.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында танымдық кеш өткізді. Оқушылар Мемлекеттік рәміздерге байланысты ой-пікірлерін ортаға салып, патриоттық тақырыпта өлең шумақтарын оқыды. Ол іс-шара қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлбайра Телбаева мен кітапханашылардың атсалысуымен әсерлі өткен еді.
Мәдени құндылықтарымызды жастарға таныту мақсатында қала жұртындағы тарихи орындарға саяхат ұйымдастырылды. Атап айтсақ, 5-сынып оқушылары «Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану» мұражайында болып, көне жәдігерлермен және оның тарихымен танысуға мүмкіндік алды.
Көрнекті жазушы Жүсіпбек Аймауытов «…театр деген нәрсе ермек емес, ол – үлгі, ол – тәрбие, өнер орны» деп айтқандай, гимназия оқушылары А.Тоқпанов атындағы театрда болып, жазушылардың драмалық шығармаларына қойылған қойылымдарды да тамашалады. Соның ішінде оқушыларға Қарағанды қаласынан келген «Алтын шашу» театр ұжымының «Мен әлемді жақсы көремін» атты қойылымы қатты әсер етті.
«Жазғы мектеп» жобасы Төле би атындағы №8 гимназия оқушылары үшін өз жемісін берді. Осыған қарап, оқушының кез келген пәнге, спорт пен мәдени іс-шараларға деген қызығушылығын тиімді оқу-тәсілдерімен жаз айларында да арттыруға болатынына көз жетіп отыр.

Дариға ҚАСЫМБЕКОВА,
Төле би атындағы
№8 гимназия директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support