- Advertisement -

«Ливерпуль» «Реал Мадридтен» айласын асыра алмады

59

- Advertisement -

Футбол жанкүйерлері тағатсыздана күткен чемпиондар лигасының ақтық ойыны аяталды. Маусым бойы қарсыластарын қоғадай жапырып келген англиялық «Ливерпуль» испаниялық «Реал Мадрид» командасынан айласын асыра алмады.

Франциядағы «Стад де Франс» стадионында өткен кездесу тартысқа толы болды. Матчтың бірінші минутынан-ақ әлемнің қос үздік клубы бірін-бірі аңдысып, барынша сақ ойнауға тырысты. Себебі чемпиондық атақ тек бір ғана командаға тиесілі. Әйтсе де, көп ұзамай Ливерпуль ойыншылары ізді-ізінен шабуылдағанымен бірінші таймда бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберді. Бұл ретте «реалдық» қақпашы Тибо Крутуаның да шеберлігін айта кеткен жөн. Сонымен кездесудің 59-минутында «реалдықтар» жылдам қарымта шабуылға шығып, қақпа маңына келгенде Винисиус Жуниор қарсыластардың қақпасынан саңылау тапты. Бұдан соң Ливерпуль ойыншылары тізгінді алып, шабуылды үсті-үстіне үдеткенімен есеп өзгермеді. Осылайша, «Реал Мадрид» чемпиондар лигасының 14 дүркін жеңімпазы атанды. Статистикаға көз жүгіртсек, бүгінге дейін «Реал» мен «Ливерпуль» осы аламанның финалында үшінші мәрте кездесіпті. 1981 жылы ағылшын клубы басым түссе, 2018 жылы испаниялық клуб жеңген. Ойыннан кейін «Реалдың» бапкерлері мен ойыншылары ағынан жарылып, футбол маусымы туралы пікірлерін айтып жатты.

– «Чемпион атану оңай болған жоқ. Ең қиын маусым десем, қателеспеймін. Сөздің шыны керек, ешкім бізді топ жарады деп ойламады. Мүмкін, осы сарындағы пікірлер жігіттерге жігер беріп, жеңіске жетелей түскен шығар. Командамызда жайлы жағдай қалыптастыруға тырыстық. Әр ойыншы өзін көрсетуге, дәлелдеуге мүмкіндік алды. Сондықтан лайықты түрде бас жүлдені иемдендік»,– деді «Реал Мадридтің» бас бапкері Карло Ачелотти. Иә, расында чемпиондар лигасының топтық кезеңінде «Реал» орта деңгейдегі командалардан басым түсіп, плей-офф ойынында Францияның адуынды «Пари Сен-Жермен» клубын жеңді. Шынтуайтында, футбол сарапшылары дәл осы тұста басымдықты париждіктерге бергенімен, жасыл алаңдағы ойын жүйесі мүлде басқа арнаға ауысқан еді. «Реал Мадрид» ширек финалда англиялық «Челси» командасын, ал жартылай финалда айқын фаворит саналған «Манчестер ситиді» тізе бүктірген. Жалпы маусым бойы «Реал» сапында 15 голмен көзге түскен Карим Бензема бастаған жігіттер әр ойынға мықтап дайындалып келгенін байқатты. Енді футбол жанкүйерлерін келер жылы «Реалдың» ерлігін кім қайталайды екен, деген сауалдың мазалайтыны анық.

Сәндібек ПІРЕНОВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support