- Advertisement -

Тойхананың есігін төтенше жағдай қызметі ғана бұза алады

127

- Advertisement -

Аты жаман індет күн өткен сайын өршіп келеді. Соңғы аптаның ішінде облыста коронавирустың 449 жағдайы тіркеліп, апталық өсім 6,3 пайызды құрап отыр. Республикалық көрсеткішпен (5,6%) салыстыратын болсақ 0,7 пайыздық өсім байқалады. Әсіресе Тараз қаласында науқастар қатары күрт артқан. Ахуалдың күрделене түсуі бұқараның бейқамдығына да байланысты. Сондықтан да санитарлық талаптарды күшейтіп, карантиндік шектеулер енгізуге тура келуде. Сейсенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен коронавирустың алдын алу жөніндегі штабтың отырысында осы мәселе кеңінен қаралды.

Жиында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев жағдайдың мәз емес екендігін, Тараз қаласында соңғы аптаның өзінде 304 науқастың тіркелгенін айтты.

– Ағымдағы жағдай бойынша облыстағы ауруханаларда 2500 инфекциялық төсек қоры, оның ішінде 250 реанимациялық төсек қоры, оған қоса 135 төсек-орынға арналған карантиндік стационарлар жұмыс атқаруда.

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты Covid-19-бен ауыратын науқастарды емдеу үшін қосымша резерв ретінде 2260 инфекциялық, оның ішінде 251 реанимациялық төсек қоры ашылып, жұмылдырылатын болады.

Ағымдағы жылдың 27 сәуіріндегі ақпарат бойынша инфекциялық стационарларда 897 науқас ем қабылдауда. Карантиндік стационарларға 17 адам орналастырылған, – деді Әсет Әскербекұлы.

Басқарма басшысы дәрілік заттардың екі айлық қоры әзірленгенін, медициналық құрал-жабдықтардың жеткілікті екенін тілге тиек етті. Дегенмен вакцинациялау жұмыстары баяу жүргізілуде.

– Облыс бойынша 18 жастан жоғары 582 000 адам коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялауға жатады деп жоспарланған. Жалпы облыс бойынша 37 егу пункті бар, олардың 12-сі қалада, 25-і аудандарда орналасқан.

2021 жылдың 1 ақпанынан бастап облысқа 81 700 доза «Спутник V» вакцинасы келді. Жалпы өсіммен вакцинациялаудың бірінші компонентін 36 771 адам қабылдады. Ал 9 968 тұлғаға екінші деңгейдегі екпе жүргізілді. Егуден кейінгі асқынулар тіркелген жоқ. Бүгінгі күнге 1 компоненттің – 44 960, 2 компоненттің 21 525 дозасы қалды, – деді сала басшысы.

Ал облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділда Шыналиев қалыптасып отырған ахуалға байланысты алдағы 30 сәуірден бастап аймақта бірқатар шектеулер енгізілетінін айтып, қаулы жобасындағы өзгерістердің мән-маңызына тоқталды.

Жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жергілікті жердегі мониторингтік топтардың өз деңгейінде жұмыс жүргізбей отырғандығын сынға алды. Осы орайда басқосуға бейнебайланыс арқылы қосылып отырған Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев бір мәселенің шетін шығарды. Шаһар басшысының айтуынша, жасырын той-домалақ өтіп жатқан мейрамханалардың есігін тек төтенше жағдайлар департаментінің мамандары ғана бұзып кіре алады екен. Алайда сала қызметкерлері кемшілікті анықтаған мониторингтік топтардың шақыруына пысқырып та қарамайтын көрінеді. «Төтенше жағдайлар департаментінің басшылары мониторингтік топтардың жұмысына атсалыспайды. Күнде қасымызда жүрсін демейміз. Тек шақырған кезде келсе болғаны. Төтенше жағдайлар министрлігі рұқсат бермейді деген сылтау айтады. Ал ведомствоға шықсақ, әңгіме басқаша. Алматы мен Шымкент қалаларындағы жұмыстарға қарап отырсақ, кафе-мейрамханалардың есігін төтенше жағдайлар департаментінің мамандары ғана ашып беруде. Біз де осындай қадамға көшпесек болмайды. Әйтпесе, нысан иелеріне шара қолдана алмай, дәрменсіздік танытудамыз», – деді Ержан Жұматұлы. Осы мәселеге байланысты Бердібек Машбекұлы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ермек Момбаевқа жауапты маманды бекіту керектігін айтты.

– Біз облыстың бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысына түсіністікпен қарауымыз керек. Індет күннен күнге белең алуда. Сондықтан да мониторингтік топтардың жұмысын жандандырып, санитарлық талаптарды қамтамасыз етуіміз қажет. Қазір ауызашарды да мейрамханаларда өткізетін болдық. Мұндай жиындарды шағын көлемде отбасында жасаған абзал. Жақындарымыздың ауырмауы өзімізге байланысты. Бұл тұрғыда сауаппен қатар сақтықты да ойлағанымыз жөн. Сосын базарларда қауіпсіздік шаралары қатаң сақталуы тиіс. Сол үшін барлық әкімдер ардагерлер кеңесімен бірлесе отырып, кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек. Әсіресе кәсіпкерлер санитарлық талаптарды қатаң сақтауға міндетті.

Келесі кезекте коронавирусқа қарсы екпе қабылдауға үлкен мән беруіміз керек. Осы айдың аяғына дейін 44950 тұрғынның вакцина салдыруын қамтамасыз етуіміз қажет. Уақыт күтпейді. Бұл індетті жоюдың бірден бір жолы екенін әрбіріміз жете түсінуге тиіспіз, – деді Бердібек Машбекұлы.

Тұрсынбек Сұлтанбеков

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support