- Advertisement -

Қордайда қызылшаға байланысты бірде-бір жұмыс атқарылмаған

166

- Advertisement -

Күннің қызуы күшейіп, егіс алқаптарында көктемгі жұмыс қыза түсуде. Алайда қай аудандар қарқынға ілесе алмай келеді? Шаруалардың шешілмей тұрған проблемалары бар ма? Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұған дейін судың тапшылығын жою жөнінде, техника жаңарту, тұқым сапасын көтеру, майлы дақылдар мен қант қызылшасы көлемін арттыру туралы бірнеше мәрте нақты тапсырмалар берген болатын. Басты мақсат, әрине, егістік алқапты ұлғайту. Осы межелі міндеттер өз деңгейінде орындалды ма? Облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте осы мәселелер қайта пысықталды. Бердібек Машбекұлы халықты арзан әрі сапалы өніммен жеткілікті дәрежеде қамтамасыз ету үшін аталмыш жұмыстардың тыңғылықты орындалуы қажет екенін еске салды.

Көктемгі егіс-дала жұмыстарының барысы туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов кеңінен баяндап өтті. Ол 2021 жылдың өнімі үшін ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемін барлығы 771,2 мың гектарға орналастыру, яғни өткен жылмен салыстырғанда 49,5 мың гектарға арттыру жоспарланғанын айтты. Алайда межені Байзақ ауданы 1,6 мың гектарға және Талас ауданы 3,0 мың гектарға облыстық жоспардан кем орындайтын сыңайлы.

Облыс бойынша дәнді және дәнді бұршақты дақылдарды – 404,0 мың, майлы дақылдарды – 60,1 мың, қант қызылшасын – 6,0 мың, картопты – 11,5 мың, көкөніс дақылдарын – 44,3 мың, бақша дақылдарын – 15,7 мың және мал азығы дақылдарын 230,7 мың гектарға орналастыру жоспарланған.

Жаздық дақылдарды жалпы – 442,7 мың гектарға егу жоспарланса, бүгінгі күнге 375,5 мың гектарға егіліп, 84,8 пайызы аяқталған.

Баяндамашы тұқым жөніне де тоқталып, қажетті 77,9 мың тонна тұқым толығымен дайындалғанын, оның ішінде супер-элита – 0,2, элита – 4,5, I репродукция – 20,2, II репродукция – 36 және III репродукция – 29,1, будандар 9,7 пайызды құрайтынын атап өтті.

Егіс алқаптарын арзандатылған минералды тыңайтқышпен қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша 1,035 миллиард теңге бөлініп, оған 30,0 мың тонна алу жоспарланыпты. Бүгінгі күнге 5,6 мың тонна алынған. Алайда Мойынқұм, Қордай және Шу аудандарында тыңайтқыштың аз алынғаны сөз болды.

Биыл су үнемдеу технологияларын 10 мың гектарға арттырып, жалпы көлемін 40,0 мың гектарға жеткізу күтілуде.

Облыс бойынша көктемгі дала жұмыстарына 7,2 мың дана ауыл шаруашылығы техникалары қатыстырылуда. Жыл соңына дейін техника жаңарту жоспарын 10 пайызға жеткізу межеленсе, бүгінде жалпы 352 дана техника алынып, ағымдағы жаңару көрсеткіші 2,2 пайызды құрап отыр. Осы орайда Қайрат Аманов облыс әкімінен Жамбыл, Жуалы, Т.Рысқұлов, Сарысу, Талас және Шу аудандарында жұмысты жандандыруды тапсыруды сұрады.

Көктемгі дала жұмыстарына Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан облысқа 11573 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлініпті. «Бүгінгі күнге әр ауданнан операторлар бекітіліп, «Петросян» зауытынан келісімшарт арқылы облысқа ақпан-сәуір айларында 6,7 мың тонна жеткізілді. Оның 2,9 мың тоннасы 689 шаруашылықтарға 158-160 теңге аралығында босатылды, ол нарықтағы бағамен салыстырғанда 12-18 пайызға төмен. Алайда кепілдендірілген дизель отынының қажетті көлеміне аудандар тапсырыс бергенімен, бұл жұмыстар баяу жүргізілуде. Жамбыл, Меркі, Мойынқұм және Талас аудандарының дұрыс ұйымдастырмауы себебінен тарату көрсеткіші төмен болып тұр», – деді басқарма басшысы.

Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру мақсатында облысқа «Аграрлық кредиттік корпорациясы» АҚ арқылы «Кең дала» бағдарламасы бойынша 421,5 миллион теңге қаржы қарастырылған. Облыс бойынша 48 ауыл шаруашылығы құрылымдарынан 424,0 миллион теңгеге өтінім түсіп, әзірге 3 шаруашылықтың өтінімдері мақұлданыпты.

Жиында жоспардың өз деңгейінде орындалмауы бойынша аты аталған аудандардың әкімдері онлайн-байланысқа шығып, мән-жайды түсіндіруге тырысты. Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы тыйым салуына қарамастан, ІV репродукциялы тұқым еккен Жуалы ауданына тоқталып, аудан әкімі Олжас Қаржауовтан жауап алды. Сондай-ақ «Май бағасының өсуіне өңірде майлы дақылдардың аз егілуі де себеп болып отыр», – деген облыс әкімі ауданда майлы дақылдар, оның ішінде мақсары егуге көбірек көңіл бөлуді тапсырды. Тапсырма орындалмай жатқан Сарысу мен Талас аудандарының, бақша дақылдары жөнінен жұмысы сыналған Т.Рысқұлов ауданының әкімдері хабарламаларын ортаға салды.

Бердібек Сапарбаев техника алу жөніндегі жұмыстардың алғашқыда жақсы басталып, кейіннен кідіріп қалғанын да тілге тиек етті. Сонымен қатар қант қызылшасын 6 мың гектар жерге егу міндеттемесін толығымен орындау тапсырылды. Жерасты және жерүсті суларын тиімді пайдалану туралы айтылды. Жиында «Казгидромет» өкілі алдағы айлардағы ауа райы болжамына тоқталды. Алдағы мамырда жауын-шашын мөлшері былтырмен салыстырғанда аз болатын сияқты. Бердібек Машбекұлы ылғал мен судың деңгейі қандай болатынына назар аударып, қанша су қажет, жетпегенін қайдан аламыз деген мәселені алдын ала ойластырып отыру керектігін атап өтті. Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітов ауа райына байланысты көктемгі дала жұмыстары екі аптаға созылатынын жеткізді. Сондай-ақ бір аптаның ішіндегі атқарылған жұмыстар динамикасына қарай, Сарысу мен Талас аудандарының көрсеткішін төмен бағаласа, Қордай ауданында қант қызылшасына байланысты бірде-бір жұмыс атқарылмағанын атап өтті.

Жиында 1 мамырдан бастап егістікке су берілетіні, 10 мамырға дейін аталмыш жұмыстар толық аяқталуы тиістігі ескертілді.

Қарлығаш Есбергенова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support