- Advertisement -

«Облыс әкімінің сұрағы мені тың ойларға жетеледі»

243

- Advertisement -

Мәлік Ақүрпеков,

А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры:

«Облыс әкімінің сұрағы мені  тың  ойларға  жетеледі»

 

«Мұнда аңыз адамдар еңбек еткен»

–  Мәлік Дүйсебайұлы, Асқар Тоқпанов облыстық қазақ драма театрына директор болып келгеніңізге екі айдан асып қалды. Үлкен мекеме тізгінін ұстаудың жауапкершілігі қалай екен?

– Мен ұзақ жылдар бойы осы драма театрдың актері болдым. Болат Бекжанов директор болып келген соң, қызметке тартты. Театр директорының көрермендермен жұмыс жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Кейіннен көркемдік жетекші және көркемдік кеңестің төрағасы ретінде де еңбек еттім. Болат Үмбетәліұлымен өнер сапарларында бірге жүріп, жұмыста да тәжірибесін бойыма сіңіріп, көп нәрсе үйрендім деп ойлаймын. Репертуарды бірге таңдасып, актерлердің шеберлігінің артуына ықпал етіп, білікті басшыдан қажетті дүниелерді үйреніп жүрдік. Үйренуден жалықпадық. Сондықтан осы қызмет маған ұсынылғанда бірден келістім. Мен мұны бастық болып шіреніп жүру деп емес, үлкен жауапкершілік, өнердің алдындағы аманат деп қабылдадым.

– Биыл сіз басқаратын театрдың құрылғанына 85 жыл толады. Бұл – үлкен тарих. Мерейлі датаға дайындықты осы кезден бастап кеткен боларсыздар. Театрдың тарихына да тоқтала отырсаңыз…

– Театр көне Тараз жерінде 1936 жылы «Әулиеата театры» болып құрылған. Мекеме – осы өңірдегі мәдениет пен өнердің қасиетті қара қарашаңырағы. Өнер ордамыз  шымылдығын тұңғыш рет 1936 жылы 16 наурызда Бейімбет Майлиннің «Келін мен шешей» атты комедиясымен ашқан. 1939 жылы 14 қазанда Жамбыл облысының құрылуымен бірге театр «Жамбыл облыстық қазақ драма театры» болып аталды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 ақпандағы № 70 қаулысымен театрға қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер, қазақ театр өнері педагогикасының негізін қалаушы, актер, көрнекті ұстаз, Қазақ КСР-нің халық артисі Асқар Тоқпановтың есімі берілді.

Өнер ордасы әр жылдары Польша, Мысыр, Ресей, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Румыния және өзге мемлекеттер мен өз елімізде көптеген театр фестивальдарына қатысып, республикалық, бүкілодақтық және халықаралық театр фестивальдерінің лауреаты атанған.

Тек соңғы жылдардағы жетістіктерді айтар болсақ, 2017 жылы Румыния елінде өткен Халықаралық театр фестиваліне «Қыз Жібек» саунд-драмасымен қатысып, әлемнің 23 елінен келген өнер ұжымдары арасынан топ жарып,  «Үздік ашық аспан астындағы қойылым» және «Үздік шығырмашылық ұжым» номинацияларын иеленіп, бас жүлдені жеңіп алды.

Бүгінге дейінгі тарихында театрдан үш бірдей Қазақстанның Халық артисі, жиырма Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, екі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, он екі Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, жеті ҚР Мәдениет саласының үздігі, оннан астам Халықаралық және Республикалық театр фестивальдарының лауреаттары,  бірнеше Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаттары шыққан. Театрдың негізін қалаған алғашқы труппасында Шәріпбай Сәкиев, Сәти Үмбетбаев, Сатылған Атамқұлов, Мұхаметқали Табанов, Тұраш Әбуов, Қасым Қырқымбаев, Тәжімет Әлмұхамедов сынды және басқа да дарынды өнер иелері қызмет етті. Бұл өнер мекеменің директоры қызметін әр жылдары Қасым Қырқымбаев, Тәжімет Әлмұхамедовтер атқарса, театр ұжымына одан кейін Сәдуақас Ирғалиев, Әбіл Төлебаев,Тұрар Дүйсебаев, Әлібек Әмзеұлы, Шопан Кәрібаев, Атахан Апсаматов, Сыпатай Өсербаев,  Талғат Сұлтангереев, Құрманғазы Демешов, Қуандық Қасымов, Асқарбек Сейілхан, Ғани Садырбаев, Болат Бекжанов басшылық жасады.

Театрдың шығармашылық жұмыстарына өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап, бүгінге дейін 20-ға жуық режиссер басшылық жасап, бас режиссерлік, көркемдік жетекшілік қызметтер атқарыпты. Бүгінде театрдың көркемдік жетекшісі қызметін  талантты актриса әрі режиссер, ҚР Мәдениет саласының үздігі Анар Сағымбекова атқарып келеді. Театрдың бас суретшілері болып әр жылдары Д.Роот, А.Белолипецкий, М.Рахыжанов, В.Воложанкин, Н.Құдайбергеновтер қызмет істеді. Театрдың қазіргі уақыттағы бас суретшісі – ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, 2016 жылғы «Еңлікгүл» сыйлығының лауреаты Рахат Сапаралиева.

Театрымызға әр кездері арнайы шақырумен келіп, көптеген қойылымдар сахналаған белгілі режиссерлердің де айшықты қолтаңбалары қалған. Олардың қатарында қырғыз режиссері Бообек Ибраев, қазақтың бетке ұстар өнер дарабоздары Әзірбайжан Мәмбетов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Есмұхан Обаев, Райымбек Сейтметов, Нұрқанат Жақыпбаев, талантты режиссерлер Қадыр Жетпісбаев, Ерсайын Төлеубай, Әскер Құлданов, Шопан Кәрібаев, Тастан Өтебаев, Мұрат Бекхожин, Алтынбек Оңалбаев, Мұрат Ахманов, Асқар Наймантаев, Болат Ұзақов, Рүстем Жаныаманов, Нұржан Тұтов, Оразалы Ақжарқын-Сәрсенбек, Нұрлан Жұманиязов, Нурлан Абдыкадыров және басқа да көптеген режиссерлерді атауға болады. Театрдың бүгінгі репертуарында 30-дан аса қойылым болса, оның ішінде өз еліміздің, сондай-ақ шетел классиктерінің жұртшылыққа кеңінен танымал шығармалары бар. У. Шекспирдің «Отелло», «Гамлет», М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ақан сері — Ақтоқты», Ш.Мұртазаның «Тұрар. Сталинге хат», Қ.Қасымовтың «Қыз Жібек», А.Бекбосынның «Домалақ ене» сияқты туындыларымен қатар, бүгінгі күн тақырыбындағы, тарихи тақырыптардағы шығармалар, әртүрлі комедиялар, балаларға арналған ертегілер мен  шағын сюжетті спектакльдер жетерлік. Түйіндеп айтқанда, театрымыздың тарихы осындай. 85 жылдық мерейтойда  біз облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаматта басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай мырзамен бірге барлық мүмкіндіктерді қарастырып, осы мекемеге еңбегі сіңген азаматтардың барлығына құрмет көрсететін боламыз. Мұнда аңыз адамдар еңбек еткен.

«Құдай берген өнердің тоқтап қалуы мүмкін емес» 

– Әрине, театрдың мерейтойы өз жөнімен өтетіні белгілі. Жалпы, биыл алдарыңызға қойып отырған мақсат- мұраттарыңыз қандай? Театр жұмысында қандай жаңашылдық бар?

– Сұрағыңыз орынды.  Біздің театр соңғы жылдары бірқатар шет мемлекеттерге шығып, өзге облыс пен қалаларда өнер көрсетіп жүр. Алайда бірнеше жылдан бері аудандарға, алыс ауылдарға гастрольдік сапармен бару тоқтап қалған. Ең жақын екі-үш ауданға кейбір жылдары шыққан болармыз. Негізінен, бұл үрдіс жалғасын таппай келді. Енді біз осы олқылықтың орнын биыл толтыруды көздеп отырмыз. Алдағы сәуір мен маусым айларының аралығында облыстағы барлық ауданға, оның ішінде алыс ауылдарға дейін гастрольдік сапармен шығу, ересектерге және балаларға арнап спектакльдер қоюды көздеп отырған жайымыз бар. Қазір облыс аумағындағы барлық ауылдық клубтардың саны, сыйымдылығы, көрермен қабылдау мүмкіндігі туралы мәліметтерді алдық. Енді мүмкіндікке қарай Қордай ауданына қарай бір тобымызды, Талас, Сарысу аудандарына қарай екінші тобымызды шығарамыз деп жоспар жасадық.

Бұдан бөлек, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай облыстық орыс тетарымен бірлесіп, арнайы бейнероликтер түсірдік. «Атыңнан айналайын Әулиеата», «Баталы ел арымас», «Ленинградтық өренім», «Ақын мен батыр», «Халықтар достығы», «Жамбыл жырлары» бейнероликтерін алдағы уақытта облыстық «Jambyl» телеарнасы және өзге де телеарналар көрсетуге уәде беріп отыр. Әлеуметтік желі арқылы да таратылуда. Бұл бейне роликтерге тетардың көркемдік жетекшісі Анар Сағымбекова, актерлер Мәмбет Қожалиев, Елжан Жармұханбетов үлес қосқанын айта кеткен жөн.

– Ән жазып жүруші едіңіз. Оған уақыт бар ма? Басшы болудың жеке шығармашылыққа кері әсері жоқ шығар…

–  Әрине, жазған біраз әндерім бар. Оны елордадағы, Алматыдағы белгілі әншілер және тараздық әншілер де орындап жүр. Адамның бойындағы таланты ешқашан тоқтамауы тиіс. Жаңа қызметімдегі аса маңызды жұмыстарды жолға қойған соң, ән жазуды да тоқтатпаймын. Оның бағасын тыңдарман береді.

«Мақсатым – аянбай еңбек ету»

– Биыл театрдан қандай жаңа қойылымдарды көре аламыз?

– Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына байланысты Иран Ғайыптың «Жамбылдың қызыл жолбарысы» деген қойылым дайындалуда. Қоюшы режиссері – Қуандық Қасымов. Біз қазіргі таңда 7-8 актердің қатысуымен өтетін қойылымдарды көбейтіп жатырмыз. Қырғыз драматургы Бексұлтан Жәкеев аударған Әшірбек Сығайдың «Жүрейікші жүрек ауыртпай…» атты трагикомедиясын  (режиссері Қуандық Қасымов) дайындаудамыз. Кенен Ақүрпековтің режиссерлігімен С.Кугайдың «Қара шекпен» қойылымы алдағы 30 наурызға белгіленіп отыр. Мамыр айында Елен Әлімжанның «Абылай ханның серті» атты драмасын театрсүйер көпшіліктің назарына ұсынбақшымыз. Өзге де жаңа қойылымдар жоспарланып отыр.

– Театр басшысына облыс басшысының да жүктеген міндеті зор шығар…

– Осы қызметке тағайындаларымда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қабылдап, «Қандай жаңа идеяң бар?» деп сұрады. Облыс әкімінің осы сұрағы мені тың ойларға жетеледі, жаңа идеялар берді. Біздің театрдың көрермендері ересектер ғана емес, мектеп оқушылары да. Оқушы деген – балалар әлемі. Осы балалар әлеміне қатысты біраз жұмыстар жүргізілуі керек. Балаларға арналған ертегілер жоқ қазір. Біздің буын «Тазша бала», «Ертөстік», «Жезтырнақ», «Жалғыз көзді дәу», «Жеті басты айдаһармен алысқан батыр» секілді ертегілерге қанып өстік.  Қазір ондай мүмкіндік болмай тұр. Жеткіншектеріміз амалсыз Еуропаның мультфильмдерін көруге мәжбүр. Мен балаларға арнап ертегі және пьеса жазуды дамыту керек деп ойлаймын. Оның да тақырыбын алыстан іздемей, Әулиеатаның тарихымен байланыстырсақ… Мәселен, «Ақыртас туралы аңыз», «Төрткүлдің ханзадасы кім?», «Әулиеата балалары», «Тектұрмастың тағылымы», «Тараз шеберлері» тақырыптарын қамтысақ. Осы тақырыптарда балаларға арналған ертегілер мен пьесаларға байқау жарияласақ. Тіпті, бір ертегідегі кейіпкерлерді мақтанышымыз Димаш Құдайбергеновтің дауысымен сөйлетуге болады. Осындай идеяларым бар.

Театрдың ішкі, сыртқы әрлеу жұмыстары да жөнімен жүзеге аса береді. Театрымыздың 85 жылдық мерейтойы – бәріміз үшін маңызды. Оны театрдың барлық қызметкерлері сезініп отыр. Мерейтойды күзге белгілесек те, дайындыққа қазірден кірісіп кеттік. Аңыз адам, үлкен ұстаз Асқар Тоқпановтың шәкірттерінің тізімін жасадық. Сол кісілерге хабарласып естеліктер алу, байланыс жасау үздіксіз жалғасады. Менің мақсатым – сенімді ақтау жолында аянбай еңбек ету.

– Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support