- Advertisement -

ҰБТ КӨРСЕТКІШІ КӨҢІЛ КӨНШІТПЕЙДІ

104

- Advertisement -

Маржан РАҚАЙ

Түлектер көптен күткен сынақ – Ұлттық бірыңғай тестілеуден де өтті. Өкініштісі, өңірдегі көрсеткіш көңіл көншітерлік емес. Өткен жылмен салыстырғанда шекті балл ала алмаған түлектер саны екі еселенген. Білім сапасының мұншалықты күрт төмендеуі, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында талқыланды. Мұндай жағдай білім басқармасының, бөлімдердің, мектеп ұжымы мен аудан әкімдері тарапынан ҰБТ төңірегіндегі түсіндіру және өзге жұмыстардың төмендігінен орын алғанын атап өткен өңір басшысы 500 бала түрлі себеппен сынаққа қатыспағанын және 114 бала рұқсат етілмеген заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуге жіберілмегенін жеткізді.

– Қазір алдын ала жүргізілген саралау нәтижелеріне сәйкес кейбір мектептердің ҰБТ-ға дайындығы өте төмен болғаны белгілі. Әсіресе Жуалы, Т.Рысқұлов, Меркі аудандарында оқушылар салыстырмалы түрде 50 балдан төмен алған. Сонда оларға 11 жыл бойы мұғалімдер қандай білім берген? Қайда білімнің сапасы? Мемлекеттің көмегі мен қолдауына қайтарым қайда? Бүтіндей үш ауданның 3-4 мектебі 50 балдан жоғары ала алмаса, жұмыстың нәтижесі қайда? Сосын Жуалы, Қордай, Мойынқұм, Шу, Талас, Т.Рысқұлов аудандарында 90-нан жоғары балл алған мектеп жоқ, – деді Бердібек Машбекұлы.
Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесіне байланысты осы және өзге де мәселелер бойынша облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова баяндама жасады. Оның айтуынша, облыс бойынша нақты 6619 түлек ҰБТ тапсырған. Ал өтініш білдіргендердің 562-сі тестілеуге қатыспаған. Олардың 367-сі ерікті түрде ҰБТ-дан бас тартса, 57-сінде жоғары оқу орындарына түсуге арналған сертификаты, ал 17-сінде оқу орындарының білім гранты бар болған.

Сондай-ақ 100 түлек жақын және алыс шетелдерде білім алуды жөн көрген. Ал 75 бала тестілеу пунктіне кіргізу барысына тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін өткізілмесе, 114 бала аудиториядағы ережені бұзғаны үшін тестілеуден шығарылған. Алайда ол түлектердің әрқайсысымен, ата-анасымен жұмыс жүргізіліп, олардың көбісі қаңтар айында тапсырған тестілеу сертификаттарымен оқу орнына құжаттарын тапсыратын болса, бірқатары колледждерге түсетін болыпты. 6 бітіруші денсаулық жағдайына байланысты қатыса алмаса, оларға осы айдың соңында қайта тапсыруға мүмкіндік берілген.
Ал «Білім-инновация лицейінің» 2 түлегі халықаралық тест нәтижесінде 140 балдық сертификатқа ие болып отыр екен. ҰБТ нәтижесінде облыс бойынша Қордай ауданындағы №2 мектептің бітірушісі Айтуған Дильназ ең жоғары 136 балл алса, Тараз қаласындағы Айшабибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған «Білім-инновация лицейінің» түлегі Аманжол Райхан 134 балл, Тараз қаласындағы №12, 49 гимназиялары мен «Дарын» мектеп-интернатының түлектері арасында да 134-135 балл алған бітірушілер бар.
Облыс бойынша706 бала 100-ден жоғары балл жинаған.
Өкінішке қарай, шектік деңгей болып бекітілген 50 балды ала алмағандар да бар. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда шекті балды жинай алмағандар саны екі есеге артқан. Бұл жағдайға білім басқармасының басшысы тек ҰБТ нәтижесінің емес, 11 жыл бойы білім берген ұстаздардың, мектептің білім сапасының көрсеткіші деген баға берді. 50 балл жинай алмаған Қордай ауданында 6 мектеп, Меркіде 4 мектеп, Мойынқұм мен Т.Рысқұловта 3 мектептен, Шу ауданында 2 мектеп бар екен.
Білім сапасының, ҰБТ көрсеткішінің бұлайша күрт төмендеуінің себебін сұраған облыс әкіміне білім басқармасының басшысы бірнеше себепті атады. Ең бірінші кезекте оқушылардың төртінші тоқсанда қашықтан білім алуға көшуінің салдары болуы ықтималдығын айтқан ол, сапаның болмауына ол да себеп еместігін тағы атап өтті. Яғни 11 жыл бойы жақсы білім алған бала бір тоқсан дайындала алмауы себепті мұншалықты төмен нәтиже көрсетпеуі керек еді. Келесі кезекте биылғы бақылау, тексерудің тым қатал болғанын атап өтті басқарма басшысы.
– Мен сізге тапсырма берген болатынмын. Әсіресе 10 жылдан аса бір мектепті басқарып, еш нәтиже көрсете алмай отырған директорлардың жұмысын саралау жөнінде. Облыс бойынша 19-ақ мектеп 90-нан жоғары балл алған. Ал 20-дан аса мектеп 50-ден жоғары балл ала алмайды. Сонда бала сонша жыл не үшін оқыған? Оған жауап беретін мұғалім қайда? Директор қайда? – деген облыс басшысының сауалына Гүлнар Махақызы бүгінгі таңда 9 мектептің директоры орнынан босатылғанын, нақтылы кезеңде 6 мектеп директорының өтініші негізінде оларды да жұмысынан босату туралы бұйрық әзірленгенін және барлығын қосқанда 33 мектеп басшысын босату жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ өңір басшысы түлектердің көршілес мемлекеттерге оқуға кетуін де зерделеу керектігін, мүмкіндік болса оған тежеу қажеттігін ескертті. Өйткені елімізде тегін орта білім алып, ал қаржысын өзге мемлекетке салып жоғары және арнаулы білім алатын тұрғындардың Отан алдындағы жауапкершілігін арттыру тиіс.
Білім саласына қатысты көптеген мәселелер талқыланып, аудан әкімдерінен де тиісті жауаптар алынған соң күн тәртібіндегі келесі сұрақтар қаралды. Олардың ең негізгісі карантин шараларын күшейтуге қатыс- ты болды. Күн өткен сайын науқастар санының артуы бүгінде үлкен алаңдаушылық туғызып отырғаны рас. Осындай жағдайда дәріханаларда дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі мен мамандар тапшылығы тағы туындап отыр.
– Баға негізсіз өсіп жатыр. Оған жол бермеу керек. Жыл басында бекітілген келісімдегі бағадан артпауы тиіс. Одан негізсіз көтергендерге қатаң шара қолдану қажет. Бізде бәрі бастық. Бәрі бірін-біріне сілтеп, ешкім халықпен тікелей жұмыс істегісі келмейді. Дәрі-дәрмек тауып бере алмасақ та, ең болмаса шынайы жағдайды елге түсіндіріп айтуға болады ғой. Жұртты да тектен-текке дүрліктіре бермей, түсінік жұмыстарын күшейту қажет, – деді Бердібек Сапарбаев. Сондай-ақ ол қазірде ауруханалардағы қабылдау бөлімдерінде қанша дәрігерден жұмыс істеп жатқанын сұрады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов бүгінде әрбір 10 төсекке 1 дәрігерден бекітілгенін айтты.
Сондай-ақ өңір басшысы аудандардағы жедел жәрдем қызметі мен мәйітхана мәселесін көтерді. Әсіресе жедел-жәрдемнің аудандық ауруханаға бағынысты болып жұмыс істеуін жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталып, бұл мәселені республикалық деңгейде көтеріп, шешетінін айтты. Өйткені ауданда болғанымен, облыс орталығына тікелей бағынатын қызмет халыққа жетемін дегенше көп уақыт жоғалтады екен. Бір мекемеде отырып, екі басшылыққа бағынатын құрылым халыққа қажетті қызметті дер кезінде көрсете алмайтынын атап өтті Бердібек Машбекұлы. Сондай-ақ Жамбыл, Байзақ аудандық ауруханаларында мәйітхананың болмауын тілге тиек етіп, алдағы 10 күнде бұл олқылықты жоюды тапсырды.
Аппараттық жиын барысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Асар», «Үлгілі ауыл» сынды бірқатар жобалар мен құрылыстар, ағын су мәселесі де айтылды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support