Табысын Жамбыл жерінен тауып, салығын басқа жаққа төлейді

19

Жұмыс беруші мен жұмысшы арасында туындайтын дау-дамай мен талас-тартыстардың түпкі себебі не? Өз құқығымызды толық білмейміз. Керек десеңіз, жазулы тұрған заңды білмегендігімізді қазақшылығымыздан деп ақтап алып, орын алған заңсыздықтардың артын жылы жауып қоя салатынымыз тағы бар. Егер еңбек қатынастарын реттеуге салғырт қарамасақ, жұмыс берушілер ұжымдық шарт жасауда сылбырлық танытпаса, түйткілді мәселелер азая түсер ме еді?!

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында дәл осы еңбек қатынастары төңірегіндегі түйткілдердің де қозғалуына себеп болған да осы жағдай. Ал бізге қозғау салғаны – өңірдегі «Ақбақай» кен орны басшыларының ұжымдық шарт жасауға құлық танытпай отырғаны. Жиында бұл жайтты облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген көтерген еді. Осы мәселенің мән-жайын білу мақсатында Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаевпен сөйлескен едік.
Айтуынша, ауданның өндірістік аймағында орналасқан кәсіпорындармен еңбек қатынастарын реттеу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылыпты.
–Бұрын Мойынқұм ауыл шаруашылығы дамыған аймақ ретінде аты шықса, бүгінгі таңда өндіріс саласы да қарқын алып келеді. Өйткені ауданның өндірістік аймағында түрлі бағытта жұмыс істейтін 10-нан аса кәсіпорын тіркелген. Бұл ретте, аталмыш өндіріс ошақтарында қызмет ететін жұмысшылардың қауіпсіздігі мен олардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын заң шеңберінде реттеу аса маңызды екені белгілі. Сондықтан да біз бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуге күш салудамыз. Дегенмен, аудандағы «Алтын алмас АК» АҚ Ақбақай филиалы жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы еңбек қатынастарын реттейтін ұжымдық шартты жасауға асығар емес. Мұндай мәселе аталған кәсіпорынның бас кеңсесі өзге облыста орналасқандықтан туындап отыр, – дейді Мәден Тоқтарбайұлы.
Жалпы, ұжымдық шарт арқылы жалақы мөлшері, жұмыс уақыты мен демалыстың ұзақтығы, жұмыстан босату және ауыстыру, зейнетақы мен жәрдемақы төлеу шарттары, еңбек жанжалдарын қарау тәртібі сынды маңызды дүниелер реттеледі. Егер жұмысшы, я болмаса жұмыс беруші ұжымдық шарттың қайсыбір бабын орындаудан бас тартса, екі тараптың қайсысы болса да өз талабын сот арқылы орындатуға құқылы. Ал бұл ұжымдық шарт жасалғанда ғана мүмкін болмақ. Бір сөзбен айтқанда жұмыс берушінің де, жұмысшының да тиісті мүддесі мөрі басылған заңды құжат – қос тараптың да қорғаушысы. Әрі ұжымдағы тәртіп те нығаяды, жұмысшылардың жауапкершілігі де жоғарылайды. Екі жақ та келісімшартта таңбаланған «шекарадан» шықпаса, қағазға басылған міндеттерін мүлтіксіз орындаса, жұмыс өз ырғағымен алға баса береді.
Алайда ұжымдық шарт жасасудың тиімді екенін біле тұра 1000-нан аса жұмысшысы бар «Ақбақай» кен орнының басшылығы бұл талапқа немқұрайды қарап отырғаны түсініксіз. Жоғарыда аталған мәселелерге қатысты шалғай аудандағы іргелі кәсіпорынға сұрау салған едік. Олар осы істі қолға алғандарын хабарлады. Қазір тиісті жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. «Кен орнында 1069 адам жұмыс істесе, оның 454-і жергілікті жердің тұрғындары. Барлық жұмысшылар әлеуметтік көмекпен қамтылған. Мәселен, жұмысшылардың балаларына белгіленген талап бойынша жоғары немесе орта оқу орындарына білім алу гранттары ұсынылады. Үздік қызметкерлерге «Кенші даңқы», «Шахтер даңқы», «Еңбекші даңқы», «Құрметті металлург», «Құрметті кенші» және «Еңбек ардагері» сынды төсбелгілер беріліп, ынталандыру мақсатында сыйақы да тағайындалады. Бұдан басқа да әлеуметтік көмектер көрсетілуде» делінген жауап-хатта.
Иә, жұмысшыларға лайықты еңбек және тұрмыс жағдайын жасау, оларды өз қамқорлығына алып, әлеуметтік жағынан қаржылай қолдау көрсету құптарлық іс. Дегенмен, еңбек қатынастарын ұжымдық шарт арқылы реттеу қай мекемеге болса да тиімді болар еді. Білуімізше, Еңбек кодексіне сәйкес, қандай да бір кәсіпорынға ұжымдық шарт жасауды ешкім де міндеттей алмайтын көрінеді. Алайда ұжымдық шартты өз еркімен жасап, әлеуметтік жауапкершіліктің үздік үлгісін көрсетіп отырған өндіріс ошақтары да бар. Әлеуметтік жауапкершілігін жоғары деңгейде атқарып отырған кәсіпорындардың қатарына дәл осы аудандағы «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС-ын қосуға болады. Олардың өз жұмыскерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға бағытталған игі шараларын өзгелерге үлгі етуге болады.
Өндіріс ошағының маңында жұмысшыларға арналған «Самал» тұрғын үй қалашығы бой көтерген. Қалашықта орналасқан алты бірдей көпқабатты тұрғын үйде кәсіпорынның 200-ге жуық жұмысшысы тұрады. Қалашықтағы пәтердің бәрі де жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы келісімшарттың негізінде бір жылға дейін беріледі екен. Сәйкесінше, оның мерзімін кезең-кезеңімен ұлғайтуға да мүмкіндік бар. Арнайы күзет қызметімен қамтамасыз етілген тұрғын үй алқабында жұмыскерлерге арналған демалыс орталығы да үздіксіз қызмет етуде. Үш қабатты орталықтың алғашқы қабатында спорт залы орналасса, екінші және үшінші қабаттарында караоке бөлмесі, үстел теннисі мен тастаяққа арналған бөлме және кітапхана орналасқан. Бұдан бөлек, мұнда жұмыскерлердің балаларына арналған балабақша мен бесінші сыныпқа дейінгі білім беру орталығы және медициналық пункт жұмыс істейді. Өз кезегінде, мұндағы жұмысшыларға жасалған қолайлы жағдай мен әлеуметтік көмектің бәрі де заң жүзінде, арнайы келісілген ұжымдық шарт бойынша жүзеге асырылуда. Бұл өндіріс орнындағы дамудың тұрақтылығы мен еңбек қатынастарының дұрыс бағытта жолға қойылғандығының айқын көрінісі екені сөзсіз.
Реті келгенде айта кету керек, аудан әкімі Мәден Мұсаевпен болған әңгіме барысында тағы бір мәселенің шеті шықты. Дәлірек айтқанда, өңірімізде жұмыс істеп отырған кейбір кәсіпорындар салықты өзге облысқа төлейді екен. Аудан әкімінің айтуынша, бір ғана Мойынқұм ауданының өзінде өңірдің табиғи байлығын игеріп, көл-көсір табысқа кенелгенімен салықты көрші өңірлердің қазынасына құйып отырған бірнеше өндіріс ошағы болған көрінеді. Аудан әкімдігі тарапынан жүргізілген тиісті жұмыстардың нәтижесінде, аудандағы «Шығыс кен басқармасы», «Құлан көмір», «Khan Tau Minerals» ЖШС сынды ірі кәсіпорындар салықты облысымызға төлей бастаған.
Алайда жылына 150 мың тонна барит концентратын өндіруге қауқарлы «Эврика барит» ЖШС салықты өзге облысқа төлеуін жалғастырып келе жатыр екен. Егер де осы бір оғаштау мәселеге тереңірек үңілсек, оның кәсіпорын орналасқан елді мекен үшін маңызы зор екенін аңғаруға болады.
Қалай десек те, осы түйткілдің түйіні тарқатылып, табыстан келетін салық сол ауданға түсетін болса, ауылдағы көптеген әлеуметтік мәселелердің шешілуіне септігін тигізер еді. Сол себепті де жауапты басшылар жоғарыда айтылған мәселелерге ден қойып, оны шешу жолында бірқатар жұмыстарды қолға алса дейміз.

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.