- Advertisement -

Әбдірахман Кургулин кім?

179

- Advertisement -

«aq jolga» хабарласқан оқырман Майданда ерлікпен шайқасқан батырдың бейбіт күндегі өмір жолы да тағылымды болғанын айтты

Газетіміздің өткен сандарында Жамбыл жерінен Ұлы Отан соғысына аттанып, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, алайда түрлі себептермен сол атақты ала алмай өткен 8 батыр жайлы мақалалар жарияланған болатын. Сол мақалалар жарық көрген соң, көп ұзамай ұялы телефоныма тараздық Жанат Сарыбаева деген оқырман хабарласып: «Aq jol»-дың 23 қараша күнгі нөмірінде «Ерлігі елге – ұран, ұрпаққа – үлгі» деген мақала жарияланды. Сол жердегі Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған Әбдірахман Каргулин (дұрысы Кургулин) менің нағашы атам. Мақалада: «Оның бейбіт күнде қандай қызметте болғаны, не жұмыс істегені белгісіз» деп жазылған. Біз бірақ, Әбдірахман ата жайлы, оның атқарған қызметтері жайлы жақсы білеміз. Ол кісінің қазір қыздары бар. Менің жұмысыма келіңіз, көп мәлімет беремін», – деді. Көктен іздегенің жерден табылды деген осы ғой. Жексенбі күні Жанатты іздеп, жұмысына бардым. Облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты жасөспірімдер үйінде тәрбиеші болып істейді екен.
Жанат Асқарқызы алдыма бірнеше мәліметті жайып салды. Қорасан Қожа ұрпағынан Әлқожа, Әлқожадан Серғұлы, Көрғұлы, Ерғұлы тарайды екен. Ал Көрғұлыдан он ұл-қыз өрбісе, үлкен ұлы Мұхамеджан, Мұхамеджанның баласы біз зерттеп отырған Әбдірахман. Көрғұлының алтыншы перзенті – Әкімжан. Әкімжанның қызы – Айғаным, Айғанымның қызы бізге хабарласып отырған – Жанат екен. Сонда «Әбдірахман Көрғұлыұлы» орыстың әмірі жүрген кеңес кезінде «Әбдірахман Кургулин» болып кеткен ғой. 1984 жылы Әбдірахман Кургулин қайтыс болғанда ұжымдастары қазанама берген екен. Онда 73 жасында қайтыс болғандығы айтылады. Ал жақында «Aq jol» газетінде жариялаған мақалада Ә.Кургулиннің 1911 жылы туылғаны көрсетілген. Сонда екі дерек сәйкес келіп тұр.
Жанат дерек жинауға өте ұқыпты екен. Маған «Егемен Қазақстанның» 2006 жылғы 4 тамыздағы нөмірін ұсынды. Онда аталған газеттің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Серік Пірназардың «Кім болды екен бұл бозбала?» деген шағын мақаласы жарияланыпты. Автор ол жерде «Тараз» футбол клубында ойнайтын Нұртас Кургулин деген ойыншы туралы айта келіп, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романына тоқталады. «Шығарманың соңғы жағында бала Шерханның Әулиеатадағы мектеп-интернатқа орналасу үшін ең соңғы үмітпен Коргулин атты директордың алдына барғаны баяндалады. Ақыры сәтті аяқталған сол эпизодтағы оқиғаның болашақ жазушы тағдырының жақсы қалыптасуына айтарлықтай ықпалы болған сияқты. Жақсы адамның шарапатын көргенін жазушының өзі де әдемі келтіреді. Осы жерде «мына футболшы бала сол Коргулин ақсақалдың жақындарының бірі емес пе екен» деген ой келеді. Бұл сауалға Шерхан Мұртаза қалай қарайды екен?» деп жазыпты ол. Арада екі жыл өткенде «Егемен Қазақстанның» 2008 жылғы 19 қараша күнгі санында Жанат Сарыбаеваның «Бұл бозбаланы біз білеміз» деген мақаласы жарияланады. Онда «Ай мен Айшадағы» Каргулин – Тараздағы №5 мектеп-интернаттың директоры болған Әбдірахман Кургулин екені, Әбдірахман кейіннен Қызылорда педагогикалық институтының ректоры, Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық институттың ұзақ жыл аға оқытушысы болғаны, Жалпы биология оқулығының авторы екені жазылады. Әкімжаннан – Мүбарак, Мүбарактан –Мәлік, Мәліктен футболшы Нұртас Кургулин тарайтыны да осы мақалада айтылады. Мүбарактың туған қарындасы Айғаным (біз айтып отырған Жанаттың анасы) – мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің ұстазы екен. Оған №5 мектеп-интернатта сабақ беріпті. 2007 жылы Мырзатай Жолдасбеков Тараз топырағында 70 жылдығын жасағанда, Айғаным ұстазын арнайы алдырып, апайын құшақтап көзіне жас алып, жылаған екен. Айғаным әжеміз бұл күнде өмірден озып кетіпті.
«Aq jol» газетінде жарияланған мақалада Әбдірахман Кургулиннің майдан даласындағы ерліктері, ол туралы 710-шы атқыштар полкінің командирі Осиповтың: «Қиян-кескі ұрыс кезінде рота командирін алмастырып, Латвияның Айвиексте өзеніне өтуді жеңілдетті. Сол айқаста Әбдірахман Каргулиннің бір өзі 12 неміс жауынгері мен офицерінің көзін жойды. 1944 жылдың 10 шілдесі мен 5 тамызы аралығында майдан даласынан жарақат алған 54 жауынгер мен офицерді, ал 6-7 тамызда өзеннің батыс бөлігінен 21 жаралы жауынгерді алып шыққан. Медициналық қызметтің аға сержанты, жолдас Каргулинге (Кургулин) Кеңес Одағының Батыры атағын беруге ұсыныс білдіремін», – деген лебізі жазылған.
Ал біз жиені Жанат Сарыбаева арқылы Әбдірахман Каргулиннің бейбіт күндегі қызметін, тіпті Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның тағдырына оң ықпал еткенін біліп отырмыз. Аға оқытушы, институт ректоры болып, еліміздің жүздеген арманшыл жасына оң бағыт бергені тағы бар. Әбдірахманның бір ұлы ерте шетінейді. Дәрігер-онколог болып еңбек еткен қызы Сәуле беріректе өмірден озыпты. Оның қызы Айгүл де қазір зейнетте. Әбдірахманның Алматыда тұратын Ұлжан деген қызы бар екен.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support