Жүкембаевтың жеңісі

15

Жерлесіміз, Шу ауданының тумасы Батыр Жүкембаев кәсіпқой рингтегі он жетінші кездесуінде де жеңіске жетті. Бұл жекпе-жекте отандасымыз WBA Continental және IBF Inter-Continental белбеулерін иеленді.
Батырдың бұл жолғы қарсыласы оңай шағылатын жаңғақ емес. Бірінші жартылай орта салмақ дәрежесінде сынға түскен Жүкембаев кезінде мексикалық Сауль Альвареспен қолғап түйістірген Мексика оғланы Мигель Васкеспен қолғап түйістірді. Жекпе-жек жоспарланған он раундқа созылды.
Канаданың Монреал қаласында ұйымдастырылған бокс кешінде қазақстандық боксшы өзінің шын мықты екенін дәлелдеді.
Батыр жекпе-жек бастала салысымен шабуылға көшті. Әсіресе Жүкембаевтың комбинациялық шабуылдары жанкүйерлерді сүйсіндіргені анық. Шудан шыққан чемпионның тікелей соққысы да, апперкоты да, қапталдан жұмсаған соққысы да нысанаға дәл тигенін байқадық. Бір сөзбен айтқанда Батыр бұл шайқаста қарсыласына ешқандай мүмкіндік берген жоқ. Мұны төрешілердің есеп қағазы да дәлелдей түсті. Үш төрешінің біреуі 100:90 есебін тіркесе, қалған екеуі 99:91 есебімен жеңісті Батыр Жүкембаевтың еншісіне жазды.
Мигель Васкес жеңіс салмақ дәрежесінде 2010-2014 жылдары IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын өзінде ұстап тұрғанын көпшілік біле бермеуі мүмкін. Сондай-ақ ол кәсіпқой рингте әйгілі отандасы Сауль Альвареспен екі мәрте жекпе-жек өткізген. 2006 жылы дебюттік шайқасында Альвареске қарсы шыққан Васкес төрешілердің екіұшты шешімімен жеңіліс тапса, 2008 жылы төрешілердің біржақты шешімімен отандасына есе жіберген. Сауль Альвареске қарсы тәуір жұдырықтасқанына қарап-ақ бұл жігітті осалдардың санатына жатқызуға болмайды. Батыр үшін мұндай қарсыласпен қолғап түйістіру тәжірибе жинақтау үшін керек болғаны сөзсіз. Одан бөлек Батыр әзірге мұндай төзімді боксшымен жұдырықтаспағаны мәлім.
Кездесу өткенге дейін өз салмағында 24-орында тұрған Батыр Жүкембаев алдағы күндерде рейтингте көтерілетіні талас тудырмайды. Отандасымыз 17 жекпе-жектің он үшін мерзімінен бұрын аяқтаған болатын.

 

Табиғат Абаилдаев

 

Comments are closed.