- Advertisement -

Ержүрек ерлеріміз барда еліміздің болашағы әрқашан жарқын

73

- Advertisement -

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер беру рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы рәсімге қатысушыларды Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы жеңіс мейрамымен құттықтап, әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне қосқан үлесін ерекше атап өтті.– Батыр бабаларымыз аманат етіп қалдырған кең-байтақ жерімізді қорғау – бәрімізге ортақ парыз. Сіздер сияқты ержүрек ерлеріміз Отанымыздың тыныштығын күзетіп тұрғанда еліміздің болашағы әрқашан жарқын боларына мен кәміл сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саяси жүйесінің берік негізі ретінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әрқашан айрықша мән бергенін атап өтті.
– Егемендікті, Қазақстан Республикасы аумағының тұтастығы мен ұлттық мүддені қорғау – біздің армиямыздың және Күштік құрылымдардың басты бағдары. Бұл стратегиялық маңызды міндеттерді шешу үшін командирлер корпусына – генералдар мен офицерлерге зор жауапкершілік жүктеледі. Әскер мен құқық қорғау органдарындағы ахуал мен әскери дағдының сапасы сіздердің сауатты басшылықтарыңызға байланысты. Сіздердің барлық күш-жігерлеріңіз, білімдеріңіз бен тәжірибелеріңіз Қарулы Күштеріміздің жауынгерлік қабілетін, құқықтық тәртіп пен конституциялық құрылысты қорғау жөніндегі құқық қорғау органдары мен арнаулы қызметтің тиімді жұмысын арттыруға бағытталуы тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев генералдар мен офицерлерге арнаған сөзінде бұл жоғары шендер мен арнаулы атақтар олардың еңбектерінің лайықты жемісі екенін атап өтті.
Рәсім барысында 2-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі шені – Ғ.Нұрдәулетовке, М. Ахметжановқа; полиция генерал-лейтенанты арнаулы атағы – А.Шпекбаевқа, Е. Тұрғымбаевқа; генерал-лейтенант әскери атағы – М.Алтынбаевқа; Мемлекеттік күзет қызметінің генерал-майоры арнаулы атағы – Ә.Жүсіповке; ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры арнаулы атағы – Д.Ерғожинге, Т.Әлімжановқа, М.Ирменовке, А.Төлеуовке, Б.Уәлиниязовқа; сыртқы барлау генерал-майоры арнаулы атағы – Б.Найзабековке; 3-санатты жоғары біліктілік сыныбы Қ.Сөнтаевқа; генерал-лейтенант әскери атағы – Ә.Халықовқа, генерал-майор әскери атағы – М.Аймашевке, А.Ашировке, Ф.Бәденовке, А.Жұмағалиевке, Т.Қайырбековке, Т.Мұратбаевқа, А.Мұстабековке; контр-адмирал әскери атағы – С.Бекжановқа; 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі шені – Қ.Жақыпбаевқа, Б.Жүйріктаевқа, М.Сексембаевқа; полиция генерал-майоры арнаулы атағы Қ.Дәлбековке, А.Дүйсембаевқа берілді.
* * *

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әскери және құқық қорғау саласының қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар тапсырды. Мемлекет басшысы мемлекеттік наградалар тапсыру барысында салтанатты шараның Отан қорғаушылар және Жеңіс күні мерекелері қарсаңында өтуінің де мәні зор екенін айтты. Қазақстан Президенті қауіпсіздік пен қорғаныс саласының аса маңызды екеніне тоқталды.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде жоғары санатты, білікті сардарлар мүлде аз болды. Тұңғыш Президентіміз әр сарбазды жігерлендіре отырып, айбынды әскер құрды. Бүгінде біздің Күштік құрылымдарымыз заманауи техника мен технологияны меңгерген. Олар кез келген қауіп-қатерге қарсы соққы бере алатын айбынды әрі мобильді күшке айналды. Жақында ғана өткен «Айбалта-2019» оқу-жаттығуы – соның айқын дәлелі, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев адам өмірін өрттен, судан арашалап қалған бейбіт күннің батырларының ерліктері туралы да айтты.
– Сіздердің бейбіт күндегі ерліктеріңіз бен игі істеріңіз өскелең ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Сондықтан бүгін біз мінсіз әскери қызметімен, ерен ерлігімен дараланған азаматтарды марапаттау үшін жиналып отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Салтанатты шарада бір топ азамат І, ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, ІІ, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Құрмет» орденімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.
Шара соңында Қасым-Жомарт Тоқаев марапатталушыларға мінсіз қызметі үшін алғысын білдіріп, оларға зор денсаулық, отбасыларына береке, жаңа табыстар тіледі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support