- Advertisement -

«Қайратқа» қауқары жетпеді

37

- Advertisement -

Футболдан Қазақстан премьер-лигасының кезекті маусымы басталды. Премьер-лигаға қайта оралған «Тараздың» ойынын жанкүйерлер асыға күткені жасырын емес. Бірінші турда өткен жылғы ел біріншілігінің күміс жүлдегерлері Алматының «Қайрат» футбол клубына қонаққа барған «Тараз» футбол клубы қарсыластарына есе жіберіп алды.
Алматыда өткен ойында «Тараз» футболшылары қарсыласқа қарағанда төмен деңгейде ойнады деп айта алмаймыз. Тең дәрежедегі ойын үлгісін көрсетті. Әйткенмен премьер-лигаға бір жылдан кейін келгендіктен бе, футболшыларымыз толқып жүргендей көрінді.
Біздің команданың футболшылары бірінші кезеңде гол жібермегенде, бәлкім Алматыдан ұпай иеленер ме еді, кім білсін. Дегенмен «Қайрат» футболшылары мақсатына жетіп, ойынның жиырма алтыншы минутында таблодағы көрсеткішке өзгеріс енгізді. Голдың авторы – Рифат Нұрмұғамет. «Тараз» футболшылары екінші кезеңде де жақсы ойнауға тырысып бақты. Алайда тәжірибесі мол «Қайрат» футболшылары көксеген мақсаттарына қол жеткізіп, есеп айырмасын арттырды. Кездесудің алпыс жетінші минутында Айбол Әбікен мергендігімен көзге түсті. Қорытынды есеп 2:0. «Қайраттың» пайдасында.
Ойын аяқталғаннан кейін «Тараз» футбол клубының капитаны Мақсат Әмірханов пен команданың бас бапкері Вахид Масудов алғашқы кездесудегі сәтсіздік туралы ойларымен бөлісті.
«Премьер-лигаға оралғаннан кейінгі алғашқы ойын болғандықтан шығар, толқыдық, қобалжыдық. Бұл ойында өзіміз ұтылдық. Қателіктерден қорытынды шығарып, алдағы уақытта жақсы нәтижеге қол жеткізуге күш салатын боламыз», – дейді Мақсат. «Тәжірибелі командамен тең жағдайда ойнағанымызға қарамастан жеңілдік. Енді алдағы ойындарға жақсы дайындалып, тәуір нәтиже көрсетуге күш саламыз», – деген бапкер Вахид Масудовтың сөзі жанкүйерлерді жігерлендіре түскендей.
«Тараз» екінші турды да сыртта өткізеді. Кезекті қарсылас – Қостанайдың «Тобыл» футбол клубы. Жерлестерімізге жеңіс тілейміз!

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support