- Advertisement -

Мәслихат – ел қамқоры, асыл үн, Құтты болсын, сенің ширек ғасырың!

473

- Advertisement -

тәуелсіз ел мәслихат тарының құрылғанына – 25 жыл

Елдігіміздің тірегіне айналған қоғамдық институт

Бағлан Қарашолақов,
облыстық мәслихаттың хатшысы.

Осы ширек ғасырда облыстық мәслихат қандай даму жолдарынан өтті? Алдымен соған тоқталсақ.
1994 жылғы 7 наурызда тәуелсіз мемлекетіміздің демократиялық сипаттағы тұңғыш мәслихат сайлауы өткені белгілі. Бұл сайлаудың басты ерекшелігі – елімізде тіркелген түрлі партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің депутаттыққа үміткер кандидаттарын өздері іріктеп, жекелеген азаматтардың өзін-өзі ұсынуы болды. Халықаралық деңгейде сыннан өтіп қалыптасқан демократиялық ұстанымдар осылай көрініс тапты.
Сол жылы облыстық мәслихат жиналысының алғашқы депутаттарын сайлау бойынша өңірімізде 35 округтік сайлау учаскесі құрылды. Ал оларға тіркелген кандидаттар саны – 70. Өлкеміздегі жаңа тұрпаттағы депутаттар корпусын қалыптастыру және оны өткізу шын мәнісінде демократиялық сипатта еді. Себебі депутаттыққа үміткер кандидаттарға, сайлау округтері мен учаскелік сайлау комиссияларының сайлауалды ұйымдастыру жұмыстарына атқарушы билік тарапынан ешқандай ықпал жасалып, қысым көрсетілген жоқ. Бұл сөзіміздің басты дәлелі – халықтың қалауына сәйкес депутаттық мандат алғандардың жартысына жуығы, өзін-өзі ұсынған тәуелсіз үміткерлер арасынан таңдалып алынуы болса керек. Еліміздің демократиялық құндылықтарға қарай жасалған түбегейлі бетбұрысы да – осы. Алғашқы шақырылымның бірінші сессиясында облыстық мәслихаттың хатшысы болып, ұзақ жылдар партия-кеңес органдарында ысылып, кейіннен қалалық, облыстық деңгейдегі мемлекеттік қызметтерді атқарған, білікті де тәжірибелі депутат Щорс Шарафутдиновтың бірауыздан сайланғанын да атап өтуіміз керек.
Ал 1999 жылы 24 қазанда өткен кезекті сайлауда облыстық мәслихатқа депутаттар сайлау жөнінде құрылған 35 округтік сайлау комиссиясына тіркелген үміткер саны 118 еді. Сайлау қарсаңында біреуі өз кандидатурасын қайтарып алуына байланысты, сайлау бюллетеньдеріне 117 үміткердің тізімі енгізілді. Ережеге сай, облыстық мәслихат жиналысының депутаттарын сайлау жөніндегі 9 округ бойынша 1 мандатқа 7-ден 9-ға дейін, 12 округта – 3-5 адамнан, 7 округте – 2-ден, қалған 7 округте – 1-2 үміткер сайлауға түсті. Облыс бойынша сайлаушылар тізіміне енгізілген 481640 сайлаушының 65,3 пайызы өздерінің таңдауын жасады. Бірінші кезеңде 21 кандидат депутат сайланды.
Қалған 14 округте — «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңның 109-бабының талабына сәйкес сайлау бюллетеніне екі немесе одан да артық талапкердің есімі енгізілгенімен, олардың бірде-бірі қажетті дауыс жинай алған жоқ. Сондықтан округтік сайлау комиссиясы олардың арасында неғұрлым көп дауыс жинаған екі кандидаттың арасында қайта дауыс беру процедурасын тағайындады. Ол заң талабына сай бір ай мерзімінен кешіктірілген жоқ. Облыстық сайлау комиссиясы өткізілген сайлаудың «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңның талаптарына толық сәйкес өткендігін анықтап, сайланған 35 депутаттың өкілеттігін таныды. Екінші шақырылған облыстық мәслихаттың 1999 жылғы 25 қарашада өткен бірінші сессиясында мәслихат хатшысы болып екінші рет депутат Щорс Құбатайұлы сайланды.
2003 жылғы сайлау да екі кезеңде өтті. 35 округте құрылған сайлау комиссиясына тіркелген 167 кандидаттың 20-сы бірінші кезеңде қажетті дауыс жинады. Заң талабына сай қалған 15 округте 2003 жылдың 12 қазанында, сайлаудың бірінші турында ең көбірек дауысқа ие болған кандидаттар арасында тағы да қайта сайлау өткізіліп, мәслихат құрамы толықтырылды. Осы шақырылымның хатшысы болып, бұған дейін облыстың бірнеше ауданын басқарған тәжірибелі, елге белгілі азамат, депутат Әбдінұр Әсілбеков сайланды.
Бұдан кейін кезекті мәслихат сайлауы 2007 жылы 18 тамызда өткізілді. Сайлау қарсаңында облыстық мәслихат құрамын қалыптастыруға қажетті 35 мандатқа ие болуға тілек білдірген 90 үміткер тіркелді. Олардың алтауы өз кандидатураларын қайта алып тастағандықтан, бұл жолы сайлауға 84 үміткер қатысты. Науқанға 373309 сайлаушы қатысып, өз таңдауларын жасады. Сайлаушылардың 87,3 пайызы «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясын (сол кездегі атауы) жақтап дауыс берді. Өйткені «Нұр Отан» өзінің партиялық бағдарламасының жаңа редакциясын уақыт пен заман талабына сай түзіп, салиқалы да салмақты сайлауалды тұғырнамасын әлеуметтік ортаға кеңінен таныстырып, сайлау науқанына үлкен жауапкершілікпен келген еді. Сайлау қарсаңында өткен алдын ала таңдау – праймериз жүйесінің қорытындылары да «Нұр Отан» партиясының сайлаудағы айқын жеңісіне игі ықпалын тигізді. Сессияда құрамы 6 депутаттан тұратын облыстық мәслихаттың тексеру комиссиясы құрылып, сонымен бірге шаруашылық-экономикалық, тұрмыстық-әлеуметтік салаларды қамтитын 4 тұрақты комиссия қалыптастырылды.
2012 жылғы 15 қаңтарда өткен Қазақстан Республикасының Парламенті мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау жөніндегі саяси додаға елімізде тіркелген барлық партиялар өкілдерінің қатысып, атсалысуы – мемлекетіміздің демократиялық дамудың жаңа сатысына нық қадам басып келе жатқандығының айғағы еді. Бұл жолы облыстық мәслихатты сайлау жөніндегі 35 округтің 34-інде «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының өкілдері жеңіске жетсе, 1 округтегі мандатқа республикалық «Ақ жол» партиясының өкілі ие болды.
Бесінші шақырылған облыстық мәслихат та өз өкілеттігі шеңберінде өңірдегі өркенді істердің одан ары өрістеуіне үлес қосты. Тұрғындардың әл-ауқатының өсуіне олардың азаматтық құқықтары мен бостандықтарының сақталуына, ұлтаралық татулық пен жарасымның өркендеуіне ықпал етті. 2012-2016 жылдар аралығында облыстық мәслихат 29 сессия өткізіп, онда шаруашылық-экономикалық, мәдени-әлеуметтік дамуға қажетті 200-ден аса мәселені мұқият талқылап, тиісті шешімдер шығарды. Қажеттілікке байланысты кезектен тыс 18 сессия шақырылып, онда облыс бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, уақыт талабына сай басқа да кезек күттірмес түйткілдерді шешу жолдары қаралды. Өңірдің өсіп-өркендеуіне қомақты үлес қосқан 6 азаматқа «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атақтары берілді.
Негізі облыс азаматтарына 2014 жылға дейін «Жамбыл облыстық мәслихатының Грамотасы» беріліп келген болатын. Кейін соңғы өзгерістерге байланысты «Жамбыл облысының Құрмет грамотасы» беріле бастады. Осылайша елімізде, оның ішінде киелі Әулиеата өңірінің дамуына, өркендеуіне ерекше үлес қосқан азаматтарды ұлықтаудың жаңа жүйесі қалыптасты.
Алтыншы шақырылымда, яғни 2016 жылдың наурыз айынан бері облыстық мәслихаттың 31 сессиясын, соның ішінде кезекті 11 сессия өткіздік. Депутаттар сессияларда барлығы 34 негізгі мәселені талқылап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды мәселелеріне тікелей байланысты 600-ге жуық шешім қабылдады. Соның ішінде атап өтетіні – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру, орман және су ресурстарын, жерді пайдалану заңнамаларының орындалу барысы секілді жоспарлы мәселелер. Сессияда облыстың 2018 – 2020 жылдарға арналған бюджеті мақұлданды. Сондай-ақ қоғам өміріне қажетті көптеген қағидалар мен ережелерді қабылдап, облыс әкімдігі жанында жаңадан құрылған комиссиялар мен кеңестердің жеке құрамдарын бекіттік.
Сессияда әдетте облыс әкімі, оның орынбасарлары, басқарма басшылары, ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, сессияда қаралған мәселелер мен онда қабылданған шешімдер жайлы ақпарат шұғыл түрде облыс жұртшылығының назарына ұсынылады. Жиында депутаттар қаралатын мәселелер бойынша ұдайы өз ой-пікірлерін ортаға салып, кез келген мәселені талқылауда жоғары белсенділік көрсететіп отырады. Өзекті мәселелердің шешімін табу жолдарын зерделеп, өздерінің азаматтық позицияларына сәйкес ұсыныстарын айтып, іскерлік танытып жүрген халық қалаулыларының арасында Г.Нұрымова, А.Майлыбаев, Д. Қожамжарова, М. Берік,
Г. Тлеубердиева, Д. Есімбеков, А. Нұржанов, М. Төлепберген, М. Ескендіров, Б. Алдашов, Е. Саурықов, М. Сәрсенов, Х. Базаралиев, Б.Сауранбаев, Т. Халық сынды азаматтардың есімдерін ерекше атап өтуге болады. Мәслихат депутаттары жылдан-жылға депутаттық сауал құқығын пайдалануда белсенділік танытып келеді. Мәселен, соңғы уақытта жолданған 83 депутаттық сауалдың барлығына тиісті мекеме басшыларынан толымды жауаптар алынған.
Осы алтыншы шақырылым тұсында, Президенттің «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 99-қадамында атап көрсетілген, «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңда айқындалған міндетті жүзеге асыру мақсатында облыстық Қоғамдық кеңес құрылды. Үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестік өкілдері және жекелеген адамдардың өзін-өзі ұсынуы арқылы қалыптастырылатын кеңестің құрамын, мәслихат сессиясында депутаттар ашық дауыс беру жолымен 3 жылдық мерзімге бекітеді. Өзінің 3 жылдық мерзімін осы 2019 жылы аяқтаған Қоғамдық кеңестердің алғашқы топтары өз міндеттерін мінсіз атқарды. Олар облысымыздағы көптеген тұрмыстық-әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуына, атқарушы билік пен әлеумет арасындағы келісім мен түсінушілікті жандандыра түсу тәрізді түйткілдерді тарқатуға себепкер болды. Бұл құрылым аз уақытта жергілікті өзін-өзі басқару тәртібінің бір саласы есебінде азаматтық ақылдасу алаңына айналып үлгерді. Қоғамдық кеңестердің жаңадан сайланған құрамы да еліміздегі демократиялық ұстанымдардың одан ары өркендей беруі үшін қызмет көрсете береді деп сенеміз!
Құрамына тек депутаттар кіретін тұрақты комиссиялар мәслихаттар жұмысының тағы да бір маңызды тармағы саналады. Күн тәртібіндегі барлық маңызды мәселелер алдын ала осы комиссиялардың қарауына ұсынылып, жан-жақты қызу талқылаудан өтеді. Осы арқылы шағын және орта бизнес саласын дамытуды жолға қою, заң шеңберінде оларды қаржыландыру, ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту мәселелерін назарда ұстайды. Сондай-ақ тұрғындар денсаулығын сақтау, білім және мәдениет салаларының қолжетімділігі мен олардың заманауи талаптарға сәйкестігін анықтап отыр. Ішкі-сыртқы туризмді дамытудың заманауи тетіктерін жетілдіру, мемлекеттік мекемелердің қабылданған индикативті жоспарларды орындау деңгейін бақылау жұмыстарын атқаруда.
Депутаттық корпус жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық және рухани өсу жолындағы бағдарламаларын жүзеге асыруға және бұл мақсатқа жұмсалатын қаржының мақсатты игерілуін қадағалап отырады. Жалпы облыстық мәслихаттың күнделікті қызметінде атқарылып жатқан іс-шараларды тұтас тізіп шығу мүмкін емес. Бүгінгі күні мәслихаттар жұмысының өзіне лайықты бағасын алуы – өкілетті және атқарушы биліктің іскерлігіне, олардың нәтижелі жұмысының толымды көрсеткіштеріне тікелей байланысты екендігі де даусыз.
Мәслихаттардың 25 жылдығы – өткен істерге марқайып, жинаған іс-тәжірибені бағамдай ой қорытып, есеп беретін кезең ғана емес, бұл – алға ауқымды жоспарлар жасап, әлеуметтік дамудың болашақ бағыт-бағдарларын айқындайтын жауапты уақыт. Депутаттар Елбасы алға қойған саяси-әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға сүбелі үлес қоса береді. Сөз соңында облыстық мәслихаттың барлық шақырылымдарының депутаттарын барлық деңгейдегі маслихаттардың 25 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Бірлігіміз бекем, тірлігіміз түзу болып, Тәуелсіз еліміздің абыройы асқақтай берсін!

Өзін-өзі басқаратын өкілет ті орган

Арман Еділбаев,
облыстық
мәслихаттың депутаты.

Елімізде өзін-өзі басқаратын өкілетті орган осыдан 25 жыл бұрын құрылғаны мәлім. Тіпті алғашқы мәслихат депутаттарының сайлауы 1994 жылдың наурызында өткені көпшіліктің есінде. Тәуелсіз мемлекеттегі демократиялық үдерістерді дамыту бағытында жасалған батыл қадам осы болды. Себебі бұл – елдегі әлеуметтік-саяси мәні зор оқиға еді.
Өз кезегінде халықтың ойын білдіретін және қажетті іс-шараларды белгілеп, олардың іске асуын заң шеңберінде қадағалайтын жергілікті өкілетті органға сайланған депутатардың иығына зор жауапкершілік артылды. Жұрттың сенімінен шығу оңай емес. Ал бастапқы жылдарда көпшіліктің өтініш-тілегіне қарай билік органдарының шешімін өзгерту одан да қиын болғаны белгілі. Өйткені ол кезде өте өзекті мәселелер көп еді. Біріне басымдық беріп, екіншісін кейінге шегеру мүмкін болмаған кездер де кездесті. Бірақ қос тараптың да ортақ мүддесі – әлеуметтің әл-ахуалын жақсарту еді.
25 жылдың ішінде құрамында әртүрлі салаларда еңбек ететін халық қалаулылары бар облыстық мәслихат өңірдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси салаларында маңызды істердің жүзеге асуына зор үлесін қосты. Сессия отырыстарында маңызды шешімдер қабылданып, ол өңірдің әлеуметтік жағдайын түзеуге ықпал етті. Елдің ілгері дамуы үшін еңбек ететін органның назарынан қоғамдағы өткір мәселелер, жұрттың мұң-мұқтажы ешуақытта тыс қалған емес.
Осы ретте заң жүзінде мәслихат құзыретіне жатқызылған мәселелердің бірқатарына ғана тоқтала кетсек. Жалпымемлекеттік мүдделерді ескере отырып, облыстық мәслихат депутаттары бүгінгі таңда өңірді дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті бекітеді. Қазына қаржысының қалай игеріліп жатқаны туралы тиісті сала басшыларының есептерін тыңдайды. Жергілікті әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелерін шешуде, қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бекітеді. Сондай-ақ әкімнің ұсынысы бойынша «Облыстың, қаланың, ауданның Құрметті азаматы» атағын беру қағидалары және облыстың Құрмет грамотасымен наградтау туралы ережені әзірлеп бекітуде, беруде және басқа да міндеттерді орындауда жоғары азаматтық ұстаным танытып отыр.
Мен әрдайым №8 сайлау округінен сайланған облыстық мәслихаттағы «nur Otan» партиясының депутаттық фракциясының мүшесі ретінде өз сайлаушыларыммен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргіземін. Өйткені халық қалаулысының басты міндеті – бұқара мен биліктің арасындағы алтын көпірге айналу. Сайлаушылармен өткізілген кездесулер мен жиналыстарда тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстар мен сын-ескертпелерді назарға алып, оларды жоспарлы түрде орындап отырамын.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық нық орныққан. Көптеген елдермен тереземіз теңесті. Алпауыт мемлекеттердің өзі Қазақстанмен қарым-қатынасын нығайтуға ұмтылуда. Бұл – татулықты ту еткен халқымыздың басты жетістігі. Себебі ол барша қазақстандықтардың ортақ табысы. Бұған бірінші шақырылымнан бастап ширек ғасыр бойы тәуелсіз еліміздің игілігі үшін бір-біріне қолдау көрсетіп, адал еңбек еткен барлық депутаттар да үлес қосып келеді.

Жастар мәселесі – басты назарда

Ерболат Саурықов,
облыстық мәслихаттың депутаты,
филология ғылымдарының докторы, профессор.

Әрбір аймақтың саяси-экономикалық және әлеуметтік-рухани дамуында мәслихаттардың орны ерекше. Бұл институт ширек ғасырда жергілікті өкілдік орган ретінде ең алдымен халықтың тұрмыс-тіршілігін жан-жақты зерделеп, мемлекеттік мүдделер үшін қызмет етіп келеді. 2016 жылы Тараз қаласы бойынша №3 сайлау округінен облыстық мәслихаттың алтыншы шақырылымның депутаты болып сайланғалы бергі уақытта депутаттар корпусының елдегі демократиялық үдерістің сақталуына қаншалықты ықпал ететінін айқын сезіндім.
Мәслихаттың әрбір сессиясында облыстың экономика, бюджет, салық және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелерінен бастап көптеген тақырыптар талқыланады. Кәсіпкерлікті қолдау, құрылыс, көлік және коммуналдық салаларды дамыту жолдары да назардан тыс қалған емес. Құқықтық тәртіп, әлеуметтік-мәдени салалар, гендерлік саясат және қоғамдық ұйымдармен байланыс, сонымен қатар агроөнеркәсіпті дамыту, экология және табиғатты пайдалану сынды әр саладағы күн тәртібінен түспейтін түйткілдер де депутаттар бақылауында. Соның әрқайсысы бойынша депутаттар өз ұсыныстарын білдіріп, оны уақыттың еншісінде қалдырмай, жедел шешімін табуын қадағалап отырады.
Ширек ғасырда қоғамда кездесіп отырған әрбір өзекті мәселелер мәслихат назарында болды. Соның нәтижесінде өңірдегі әлеуметтік ахуал жақсара түсті. Әсіресе облыстың алдағы уақыттарға арналған бюджеттік жоспарында басымдық берілетін бағыттарды алдын ала анықтауда үлкен жауапкершілік танытты. Осының арқасында күн өткен сайын экономикалық даму қарқыны тұрақтана түсті. Әсіресе облысқа жаңа басшы келгелі өңірде көптеген салаларда ілгерілеу байқалып, Тараз қаласы көркейе түсті.
Биыл Мәслихаттың 25 жылдық мерейтойымен облысымыздың сексен жылдық мерекесі тұспа-тұс келіп отыр. Қазір соған байланысты дайындық іс-шаралары жүргізілуде. Облыстық мәслихат Елбасы баса мән беріп отырған шағын және орта кәсіпкерлік, туризм, әлеуметтік-мәдени салалары қарқынды дамытуға баса мән беріп, тиісті шешімдер қабылдауда. Депутаттар алдағы уақытта да тәуелсіз еліміздің болашағын баянды ететін игі істердің ұйытқысы бола бермек. Өйткені тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, саяси тұрақтылықты сақтау мен экономикалық-рухани дамуымызға сүбелі үлес қосу – әрбір халық қалаулысының азаматтық борышы.
Тәуелсіздігімізді нығайту – Қазақстанның азаматы әрі облыстық мәслихаттың депутаты ретіндегі менің асыл парызым. Өзім басқаратын Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде спорттағы ерекше жетістіктері бар 9 студентке және мүмкіндігі шектеулі 3 азаматқа барлық оқу жылдарына 6,8 миллион теңгенің тегін оқу грантын тағайындадым. Ал әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көп балалы, өнер және спорт саңлақтары және тағы басқа 516 студентке әлеуметтік жеңілдік қарастыру үшін 35 миллион теңге бөлінген.
«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Мойынқұм аумағындағы «Құралай сұлу» кесенесі қайта тұрғызуға 10 миллион теңге, өз заманының көрнекті өкілі Сиха болыстың кесенесін тұрғызуға 8 миллион теңге жұмсалды. Сондай-ақ былтыр Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінде айтылған «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бастамасына орай Жамбыл даңғылы №73 мекен-жайда орналасқан «Тараз қонақ үйін» сатып алып, «Студенттер үйі» ретінде қолданысқа бердік. Бұған қоса, Мойынқұм ауданы Құмөзек ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің саябағына 3 миллион теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргіздік.

Азамат болу – парызың

Мұқаш Ескендіров,
облыстық
мәслихаттың депутаты,
Қазақстанның
Еңбек Ері.

Депутаттардан құралған жергілікті мәслихаттар құрылған кезден, яғни 1994 жылдан бастап атқарушы билікпен бірлесе қоғам өміріне белсенді араласып келеді. Бұл елімізде демократиялық үдерістерді дамытуға серпін бергені анық. Билік пен халық арасында жариялылық сақталып, мемлекет келешегі үшін қолға алынған реформаларды сәтті жүзеге асыруға мүмкіндік туғызды. Сондықтан мемлекетіміздің дамуы, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы да өзгеріп отырды.
Әрбір шақырылымдағы халық қалаулыларының экономика мен қоғамдағы маңызды шараларға қосқан үлесі елеулі. Себебі мәслихатқа өндіріс, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет салаларындағы бірқатар таңдаулы өкілдер депутат болып сайланды. Олардың көпшілігі өздерін қайраткер, іскер басшы, ұйымдастырушы ретінде көрсете алды. Қос тараптың арасында алтын көпір ретінде тұрғындардың мұң-мұқтажы, талап-тілектері бойынша көп жұмыс атқарды. Бұл жұмыстар әлі де жалғаса береді.
Өзім облыстық мәслихаттың депутаты болғандықтан, өндірістік жұмыстарының аса көптігіне қарамай, қоғамдық жұмыстарға баса көңіл бөлемін. Қала тұрғындарының бірде-бір өтініш-арызын қараусыз, аяқсыз қалдырмауға тырысамын. Олардың ішінде өз шешімін тапқан аса маңызды мәселелер де баршылық. Атап айтқанда, Жамбыл ауданының Шайқорық ауылдық округіне қарасты алты мың тұрғыны бар бес елді мекен газдандырылды. Бұл да көптен бері шешімін күткен мәселе болатын. Сонымен қатар облыс орталығындағы «Самал» шағын ауданындағы «Арай» аула клубы орналасқан ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуге, осындағы Қарасу өзенінен өтетін үш темір көпірдің салынуына ықпал еттім. Осының бәрі тұрғындар жайлылығы үшін және балалардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында жасалды.
Тараз қаласындағы «Мыңбұлақ» шағын ауданында үлкен спорт алаңы салынып, «Алатау» шағын ауданындағы спорт алаңына шағал төселгенін де біткен істердің қатарына жатқызуға болады. Сондай-ақ облыс орталығына жақын Бірлесу ауылындағы мектептің жөндеуіне көмек көрсетілді.
Балалар алаңсыз білім алуы үшін оларға қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Депутаттар бұл мәселені ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Осындай мақсатта балаларды өнерге баулитын Нұрғиса Тілендиев атындағы мектеп-интернатына спорт алаңын салып беріп, ауласын абаттандыруға көмектестім. Сонымен қатар «Алатау» шағын ауданындағы «Бәйдібек» медресесін жабдықтап, Жамбыл ауданының Шоқай ауылына мешіт салып және осы ауылдағы мектеп маңайын көріктендіруге атсалыстым. Бұдан өзге жыл сайын балалардың жазғы демалысын қызықты өткізуі үшін Сарысу, Талас және Түркістан облысындағы Созақ аудандарының әлеуметтік қолдауды қажет ететін және мүмкіндігі шектеулі, жетім балаларға «Жұлдыз» сауықтыру лагеріне тегін жолдамалар беріп отырамын. Сонымен қатар Бәйдібек медресесіне материалдық көмек беріліп, зағип және көру қабілеті нашар «Болашақ» мектеп-интернатының оқушыларын лагерьде демалту үшін демеушілік жасалады. «Мектепке жол» акциясының да белсенді қатысушысының бірімін.
Жастарды қолдау, әсіресе таланттарға демеушілік жасау – аға буынның азаматтық парызы. Өткен жылы жамбылдық жас ақындардың «Өрімтал» кітабының жарыққа шығуына көмек бердім. «Жамбылдың жыр қағаны» поэтикалық дуэлін өткізуге, Тараз қаласында спорттық биден әлем кубогін ұйымдастыруға да атсалыстым. «Жұлдызай» мүгедек балалар арасындағы республикалық фестивальге қатысқан өңіріміздің 101 жеткіншегіне қолдау жасап, Жуалы ауданының мектеп түлегіне білім грантын тапсырдым.
Депутаттар алдыңғы толқын ағаларға құрмет-ізет көрсетуді де ұмыт қалдырған емес. Жыл сайын 9 мамыр – Жеңіс күні, Қарттар күні, Құрбан айт мерекелерінде ардагерлер мен қариялардың үйіне барып, көмегімізді беріп тұрамыз. Бұл – қоғамның қолдауына зәру, жесірі мен жетіміне қарайласып, жүрек жылуын ұсынған халқымыздың өте бір тамаша дәстүрінің жалғасы. Менің әріптестерім осындай игі істің басынан көрініп, әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Дәстүрдің үзілмейтіндігінің, сабақтастық жалғасатындығының көрінісі – осы.

Қызметтің негізгі нысаны – сессия

Алтай Райқұлов,
облыстық мәслихаттың депутаты.

Облыстық мәслихат өз қызметін Конституция және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заң негізінде жүзеге асыратыны мәлім. Заңға сәйкес олардың қызметінің негізгі нысаны – сессия. Осы арқылы біз Елбасы белгіленген міндеттерді іске асыра аламыз.
Тәуелсіздік жылдарында облысымызда жарқын жобалар жүзеге асты. Жүздеген әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Елді мекендерге ауыз су, газ құбырлары тартылуда. Жолдар жөнделіп, көшелер абаттандырылуда. Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп, жұмыссыздық деңгейі төмендеді. Мұндай мысалдарды әр ауылдан кездестіруге болады. Міне, осындай оңды істердің басы-қасында өкілеттіліктері мен біліктіліктері артқан жергілікті мәслихаттағы депутаттар корпусы да қатар жүргенін айта кету керек.
Алысқа бармай-ақ қоялық, мәселен, алтыншы шақырылымның басынан, яғни 2016 жылдың наурыз айынан бері облыстық мәслихаттың 30 сессиясы өтті. Оның – 18-і кезектен тыс. Депутаттар осы жиындарда барлығы 12 негізгі мәселені қарап, жалпы 200-ден аса шешімдер қабылдады. Сессиялардың күн тәртібінде өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытуға қатысты маңызды мәселелер қаралды. Саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысқан облыстық мәслихаттың кезекті кеңейтілген сессияларында Президент Жарлығына сәйкес облыс әкімінің оған жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есебі тыңдалады. Жалпы бұл жиынды өңірдің проблемалық мәселелерін шешу жолдарын жан-жақты талдау механизмі деуге де болады. Себебі сессияда депутаттар облыс әкіміне бірқатар ұсыныстарын жеткізеді.
Облыстық мәслихаттың сессияларында қаралатын мәселелер бойынша ұдайы өз ой-пікірімді ортаға салып, жоғары белсенділік танытып жүретіндіктен, кез келген түйткілге бей-жай қарай алмаймын. Сондықтан сайлаушыларым қойған сауалдың шешімін тапқанын қалаймын. 2017-2018 жылдары маған өңір азаматтарынан 2 өтініш түсіп, көтерілген мәселе бойынша тиісті лауазым иелеріне депутаттық сауалдар жолдадым. Соның арқасында дер кезінде шешілді. Тұрғындармен кездесулерде түрлі сауалдармен 10 адам қайырылып, оларға тиісті жауаптар берілді.
Өзім облыстық мәслихаттың кәсіпкерлікті қолдау, құрылыс, көлік және коммуналдық салаларды дамыту мәселелері жөніндегі 8 депутаттан құрылған тұрақты комиссиясы төрағасының орынбасарымын. Біз алдын-ала белгіленген жоспарға сәйкес, қаралатын мәселе бойынша алдымен жадынама дайындаймыз. Жоғарыда аталған тұрақты комиссия мүшелерінен, мәслихат аппараты қызметшілерінен және құзырлы органдардан жасақталатын жұмысшы топ облыстық мәслихат хатшысының өкімімен бекітіледі. Бүгінгі күнге дейін аталған тұрақты комиссияның 12 кезекті отырысы өткізілді. Онда жергілікті автомобиль жолдарының жайы, қоғамдық көлікпен жолаушылар тасымалын ұйымдастыру, облыстағы шағын және орта кәсіпкерліктің даму барысы секілді бірқатар өзекті мәселелер қаралды.
Облыстық мәслихатта марапаттау комиссиясы жұмыс істейді. Ал Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) Құрмет грамотасы негізгі марапаттың бірі саналады. Құрмет грамотасымен марапаттау – азаматтардың көп жылғы жемісті еңбегіне құрмет көрсету және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан айрықша үлесі үшін көрсетілетін аса маңызды моральдық көтермелеу екені сөзсіз. Сондықтан біз, яғни, осы комиссияның мүшелері бұл марапатқа өз саласында кемінде 10 жыл еңбек өтілі бар жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген еңбек озаттары ие болуын қадағалаймыз. Олардың қатарында ардагерлер, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, өндірістік және қоғамдық-саяси қызметте белсенділік танытқан және ғылым, мәдениет, әдебиет, өнер, білім, денсаулық сақтау, спорт, халыққа қызмет көрсету салаларының мамандары, шағын және орта бизнестің өкілдері, тағы да басқалары бар. 2016-2018 жылдары әртүрлі мемлекеттік органдардан, 100-ге жуық ұсыныс түсіп, 85-і қанағаттандырылды. Комиссияның оң шешімін алған азаматтар аталған марапатқа ие болды.
Депутаттар мен атқарушы билік басшылары арасында іскерлік қарым-қатынас орнаған. Біз өзімізді толғандырған мәселелер бойынша облыс әкімі орынбасарларының қабылдауларында жиі боламыз. Өзіміздің сайлау округімізге қатысты мәслихат аппаратына келіп түскен арыз-шағымдарды тексеруге қатысамыз. Сол сияқты әртүрлі қайырымдылық шараларына қатысуды да ұмыт қалдырған емеспіз. Былтыр осындай ізгі бастамаларға үн қосып, мұқтаж жандарға 870 000 мың теңгеге өз атымнан қаржылай көмек көрсеттім.
Негізгі жұмысым кәсіпкерлік саласына қатысты. Атап айтсам, тұрғындарды қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету. Көрсетілетін қызмет сапасын арттыру үшін былтыр 25 жаңа көлік алып, автопаркті жаңарттық. Биыл тағы үлкен сыйымдылықты 10 және орта сыйымдылықты 15 автобус сатып алуды жоспарлап отырмын.

Қоғамға керегі – мейірім

Гүлдара Нұрымова,
облыстық мәслихаттың депутаты,
медицина ғылымдарының кандидаты.

Биыл мәслихаттардың құрылғанына 25 жыл толып отыр. Тәуелсіз Қазақстанның саяси жүйесіне жаңа өкілетті органды енгізу бірінші кезекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығының арқасында сәтті жүзеге асты.
Осы кезеңде барлық деңгейдегі мәслихат билік пен бұқара арасындағы алтын көпірге айналды десек, артық айтқандық емес. Маңызды шешімдер қабылдарда әрдайым көпшіліктің сұраныс-өтініштерін ескеріп отырды. Осы арқылы түйткілдердің шешімін табуға ықпал етіп, қоғамдағы рөлінің жоғары екенін айқындай білді.
Жалпы өзім 2007 жылдан бастап мәслихат депутаты қызметін атқарып келе жатқандықтан, жергілікті атқарушы билік өкілдерімен, жеке кәсіпкерлермен және қоғамдық ұйымдармен бірлесе жұмыс істеудің маңызы қандай екендігін жақсы түсінемін. Өңірдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелердің оң шешімін табуы үшін ортақ мүдде жолында жұмыла білу керек. Әр айдың бірінші сенбісінде №8 қалалық емхана ғимаратында сайлаушылармен кездесу өткіземін. Осы кездесулерде тұрғындар әртүрлі мәселелер бойынша өтініштерін айтады. Басым көпшілігі – абаттандыру, қала жолдарын жөндеу, жарықтандыру мәселелері, сонымен қатар жұмыспен қамту, құжаттарды қалпына келтіру секілді сұрақтар.
Сайлаушылар айтқан кез келген мәселені назардан тыс қалдырмаймын. Соның ішінде денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелердің барлығын мүмкіндігінше тез шешуге тырысамын. Орындау өкілеттігім жетпеген сұрақтар болған жағдайда құзырлы органға депутаттық сауал жолдау арқылы тиісті нәтижеге қол жеткізуге ұмтыламын. Атқарушы органдармен өзара түсіністікте жұмыс істеу арқылы қазіргі таңда «Құмшағал» шағын ауданындағы жаңа мектеп, пошта, спорт алаңы салынып, ауызсу құбырлары тартылып, жолына асфальт төселді. Осы аталған игі істер тұрғындардың өміріне оң әсерін тигізетіні анық.
Қалалық округтен облыстық мәслихаттың депутаты болғаныма қарамастан, түйткілді мәселелер бойынша ауыл тұрғындары да жиі өтініш білдіріп келеді. Ауыл тұрғындарын денсаулық сақтау, білім және әлеуметтік мәселелер жиі алаңдатады. Көпшіліктің сұранысын ескеріп, өз қаржыма 2016 жылы Жамбыл ауданы Қарой ауылдық округінде «Нұр-Әлім» балабақшасын салдым. Сол жылы жұмысын бастаған балабақша сол округтің бүлдіршіндерін толық қамтып, 60-қа жуық адам жұмысқа орналасты. Оның көпшілігі – ауыл тұрғындары. Сонымен қатар Т.Рысқұлов ауданындағы Еңбекші ауылы тұрғындарының өтініші бойынша бой көтерген дәрігерлік амбулаторияның құрылысына да үлесімді қосып, жеке назарыма алған болатынмын. Қазіргі уақытта амбулатория ауыл игілігі үшін жұмыс істеуде. Шу ауданына қарасты Д. Қонаев атындағы ауыл тұрғындарының темір жол өтпесіне көпір салуға ықпал етуді сұраған тілектеріне қатысты аудандық әкімдікке хат жолдадым, нәтижесі күтілуде. Жуалы ауданына барған іссапарымда «Nur Otan» партиясының ұйымдастыруымен қоғамдық қабылдау өткіздім. Қабылдау кезінде тұрғындардан түскен әлеуметтік-тұрмыстық және жұмыспен қамтуға қатысты 10 сұрақтың барлығы қанағаттандырылды.
Облыс көлемінде «Ашық жүрекпен», «Барлық жақсылық – балаларға», «Тілектің орындалуы» секілді кең көлемдегі қайырымдылық акцияларын қолға алып, сәтімен жүзеге асырдық. Кейбіреуі дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келеді. Өзімнің мамандығым дәрігер болғандықтан, денсаулық саласында қозғалған әр ауқымды мәселелерді кідіріссіз шешуді парызым деп санаймын. Осы орайда өзім басқаратын «Мейірім» медициналық орталығында зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға әрдайым жеңілдіктер қарастырылғанын айта кеткенім жөн.
Жалпы Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 25 жылдығы, «Nur Otan» партиясының 20 жылдығы мен «Мейірім» медициналық орталығының 20 жылдығының тұспа-тұс келуі символикалық мәнге ие деп есептеймін. Аталған айтулы күндермен қазақстандықтарды және әріптестерімді құттықтаймын.

Негізгі міндет — «Мәңгілік Ел» идеясымен астарлас

Бақтияр АЛДАШОВ,
облыстық мәслихаттың депутаты, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор.

Егемен еліміз тоқсаныншы жылдардағы терең тоқырауды еңсеріп, дамудың даңғыл жолына түсті. Демократия принциптеріне сүйене отырып, өркениетке құлаш сермеді. Әлеуметтің әлеуетін арттырып, әлемдік қауымдастық алдында зор абыройға кенелді. Мұның бәрі Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі, бірлігі бекем халықтың жеңісі.
Әрине, қандай істі болсын бастау қиын. Сол сияқты тәй-тәй басқан тәуелсіздіктің тұғырын нықтауда, бұқараны баянды болашаққа жетелеуде әрбір құрылымға үлкен жауапкершілік жүктелетіні белгілі. Жергілікті мәслихаттарға да солай. Биыл осынау өкілетті органның құрылғанына 25 жыл толып отыр. Бұл – тәуелсіздік шежіресімен тұтасып, даму діңгегін нығайта түскен айтулы белес.
Мәслихат – халық сайлайтын, халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды белгілеп, олардың жүзеге асырылуын қадағалайтын жергілікті өкілетті орган. Өз қызметінде мәслихат мемлекеттің жалпы сыртқы және ішкі саясатына, қаржы және инвестициялық саясатқа сай келмейтін шешімдердің қабылдануына жол бермейді. Қоғамдық маңызы бар салаларда белгіленген жалпы мемлекеттік стандарттарды ұстанады, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етеді.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда мәслихаттар жергілікті билік және барлық сайлау науқандары түрлерінің әрекеттерінде негізгі рөлге ие болғанын айта кету керек. Өткенге сәл шегініс жасасақ, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1993 жылы Конституциясы қабылданып, жаңа тәуелсіз, егемен мемлекеттің іргесі беки түсті. Дәл сол жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі жергілікті мемлекеттік органдар құрылымына маңызды өзгерістер енгізген «Жергілікті билік және атқарушы органдар туралы» Заңды қабылдады. Жергілікті өкілетті органдар – мәслихат, жергілікті атқарушы органдар әкімшілік болып аталды. Мәслихаттар және әкімшіліктер «жергілікті мемлекеттік басқару органдары» деген жалпы атауға біріктірілді. Ұйымдастырушылық жағынан жергілікті органдар бір-бірінен бөлек, әрқайсысының өкілеттігі мен өз құзыреті бар.
1994 жылдың наурызында Қазақстанның саяси өміріне өзгеріс енгізген оқиға, яғни жергілікті өкілетті билік органдары – мәслихаттардың алғашқы сайлауы болды. Ол елдегі бәсекелестік жағдайында өткен сайлау еді. Бұл қадам елдегі демократиялық үдерісті жедел дамытты. Мәслихаттарға нақты заң шеңберінде жергілікті халықтың еркіндігі мен ерікті іс-әрекет етуін қамтитын мемлекеттік орган ретінде жаңа міндеттер жүктелді.
2001 жылдың қаңтар айында Парламент «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңды қабылдады. Жалпыхалықтық қолдауға ие болып, алдағы саяси өзгерістерге бастау болған Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған 2007 жылғы конституциялық реформа еді. Оның нәтижесі тамыз айында өткен Парламент Мәжілісіне және мәслихаттарға депутаттар сайлауларында көрініс тапты. Елбасы айтып өткендей, партиялық механизмдерді күшейту заманауи азаматтық қоғамның қалыптасуына, халықтың қоғамдық үдерістерге белсенді араласуына ықпал ететінін көрсетті. Бұл үдерісте басты рөлді саяси партияларға берді.
Саяси партиялардың конституциялық реформаға қатысуы оң нәтиже бергенін көрсетті. Ал өкілетті органдар өзінің өміршеңдігін, депутаттар кәсіптік қабілеті мен қызметтік жауапкершілігін толық дәлелдеді деп сеніммен айтуға болады. Сондықтан бұл мерейтойлық датаның жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілетті органдарының қалыптасуы мен дамуының белгілі бір кезеңінің қорытындысы ретінде ерекше маңызы бар.

Атқарушы билік пен әлеумет тік ортаның ақылдасу алаңы

Бақытжан Ертаев,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант.

Құрметті мәслихат депутаттары!
Тәуелсіздігіміздің елең-алаңынан Қазақстанда демократиялық құндылықтар қалыптасып, салтанат құра бастады. Соның бір көрінісі – жергілікті өкілетті орган маслихаттардың құрылуы. Биыл халықтың сенімі мен құрметіне ие болған органның айтулы датасы – 25 жылдығы аталып өтілуде.
Қазақстанның дамуына, оның саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік салаларда мол табыстарға қол жеткізуіне өлшеусіз үлес қосқан парламентаризм институтының жергілікті тармағы саналатын – мәслихаттар екені сөзсіз. Өкілетті орган 25 жылда әлеуметтік ортамен қоян-қолтық араласып, халықтың талап-тілек, ұсыныстарын тыңдап, атқарушы билік пен әлеуметтік ортаның арасындағы ақылдасу алаңына айналды. Ал депутаттар азаматтық қоғам құрудың бірден-бір бастамашылары болды. Сіздер, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдаулары мен Бастамаларын, Парламент пен Үкімет, басқа да орталық органдардың шешімдері мен бағдарламаларын жүзеге асыруға азаматтық үлестеріңізді қосып отырсыздар!
Әулиеата өңірі – өзімнің кіндік қаным тамған туған жерім. Осы өлкедегі депутаттар корпусының Отанымыздың өркендеуі, халқымыздың әл-ауқатының өсуі, адамдар арасындағы жарасым мен келісімнің салтанат құра беруі үшін еңбек етіп жатқанын көріп, қуанамын. Сіздердің тараптарыңыздан жасалып жатқан игі өзгерістерді, жағымды жаңалықтарды үнемі бақылап отырамын. Жұмыстарыңыздың жүйелілігін байқап, әрқашан риза боламын. Тарихи өлшемнің қас-қағым сәтіне баланатын ширек ғасыр мезгілінде атқарылған игі істер мен орындалған мақсаттар – тарихи өлкеміздің болашағының жарқын болатынын көрсетеді.
Әр деңгейдегі мәслихат депутаттарын, барлық сайлаушыны осынау ортақ мерекесімен құттықтаймын! Сіздерге ырыс-дәулет, бақ-береке, келісім мен жарасым тілеймін! Мерекелеріңіз құтты болсын!

Мемлекеттік басқару жүйесінің маңызды буыны

Мұратбай Жолдасбаев,
Парламент Сенатының депутаты.

Құрметті мәслихат депутаттары!
Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді органы – облыстық мәслихаттың құрылғанына 25 жыл толуымен құттықтаймын!
Мәслихаттар жиырма бес жыл ішінде Республикамыздағы өзін-өзі басқарудың, мемлекеттілікті одан әрі нығайту мен қазақстандық демократияны дамытудың негізіне айналды.
Депутаттар корпусының облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуына және де қоғамды одан әрі демократияландыруға, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға қосқан үлестері шексіз. Соның арқасында халықтың әл-ауқатын, тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған экономикалық және саяси реформалармен қатар, демократиялық үдерістер өз жемісін беруде.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жолында мемлекеттік басқару жүйесінің маңызды буыны болып табылатын мәслихаттардың жасампаздық еңбегі нәтижесін беріп, жемісті болады деген ойдамын.
Сіздерге және сіздердің отбасыларыңызға зор денсаулық, бақыт тілей отырып, алдағы уақытта да еліміздің өркендету жолындағы еңбектеріңіздің табысты болуына тілектеспін!

дамудың жаңа моделі

Абдалы НҰРАЛИЕВ,
Парламент Сенатының депутаты.

Құрметті мәслихат депутаттары!
Баршаңызды Қазақстан Республикасы жергілікті мәслихаттарының 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұрынғы ескі жүйедегі Кеңестер орнына ел тәуелсіздігінің үшінші жылы, яғни 1994 жылғы 7 наурызда жергілікті мемлекеттік басқарудың бір тармағы ретінде мәслихат деп аталған жергілікті өкілетті орган құрылып, бұл күн тарихқа енді.
Осы ширек ғасыр аралығында бұл органның өкілеттіліктері артты. Ал жергілікті мәслихаттың депутаттар корпусы біліктіліктерін жетілдіріп, қоғамды одан әрі демократияландыруға, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Сіздер елдегі барлық экономикалық және саяси реформаны жүзеге асыру барысында өз белсенділіктеріңізді танытып келесіздер.
Сіздермен бірлесіп, қазақстандық дамудың өзіндік моделін қалыптастырдық. Әрбір отандасымыздың жүрегінде елімізге деген шексіз мақтаныш сезімін орнықтырдық. «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдары айқындалды. Соның нәтижесінде ертеңге деген, ел болашағына деген сенім нығайды.
2016 жылғы 1 қаңтардан «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды. Бүгінде бірлесіп, Елбасы ұсынған бес институттық реформаны жүзеге асырып келеміз.
Бүгінде Отанымыздың жетістіктері – әрбір азаматтың ұлттық мақтанышына айналды. Ендігі мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру. Осы мақсатымызға бірге қол жеткізетінімізге кәміл сенемін!
Сіздерге татулық пен бақ-береке және Отанымыз – Қазақстан Республикасының ұлы болашағы жолында барлық игі мақсаттарға қол жеткізулеріңізді тілеймін!

Қазақстан мәслихатының қарышты қадамы

Қожахан ЖАБАҒИЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan»
партиясы фракциясының мүшесі.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттің басқару сатысын жергілікті басқару жүйесін дамытуға бағыттады. Осыған байланысты 1993 жылы жергілікті билік және барлық сайлау науқандары түрлерін жүзеге асыруда негізгі рөлге ие болатын саяси институтты құру туралы заң қабылданды. 1994 жылы сайлау арқылы негізі қаланған, бүгінде тарихы ширекғасырлық шежіреге айналған жергілікті орган – мәслихаттар құрылды.
Қазіргі таңда түрлі деңгейдегі мәслихаттар Конституцияда көрсетілген «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деген басты қағидатты орындау үшін тынбай еңбек етіп келеді. Оған егемендіктің жолында атқарылған елеулі істер нақты мысал. Мәслихаттар жергілікті тұрғындардың еркіндігі мен ерікті іс-әрекет етуін қамтамасыз ететін функцияларға ие.
Биыл жергілікті өкілетті органның құрылғанына 25 жыл толып отыр. Өңір тұрғындарының қалауын, ықтиярын білдіретін алғашқы сайланған депутаттарымыз ең бір қиын кезеңде халық аманатын арқалап, ел-жұрттың қаяу көңілін көтеруде қолдан келгенше еңбек ете білді. Көз көргендер сол бір тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын-қыстау кездің қиындығын әлі де ұмыта қойған жоқ. Осы бір кезеңде маңызды салалардағы тоқтап тұрған жұмыстарды жандандыру, жаңа бастамаларды қолдау сынды түрлі саяси-экономикалық, әлеуметтік маңызды жұмыстардың бел ортасынан әрдайым мәслихат депутаттары табыла білді. Тіпті қазір мемлекетіміздің жағдайы жақсарып, аймақтық дәрежеде көшбасшылыққа ұмтылған сәтте де жергілікті жердегі әріптестеріміздің көтерер жүгі жеңілдемек емес. Өйткені Қазақстанның алдында әлемнің озық дамыған 30 елінің қатарына қосылу стратегиялық міндеті тұр. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары осы бағытта жасалған батыл қадам.
Жергілікті мәслихаттардың атқарушы органдармен бірлесе отырып, өздеріне сенім білдірген тұрғындардың мүддесі үшін қызмет етіп, облыстың экономикалық, әлеуметтік дамуына сүбелі үлес қосатынына сенім мол. Сондықтан да мәслихат депутаттарын 25 жылдық мерекелерімен шын жүректен құттықтай отырып, оларға ел үшін және жасампаз мемлекетіміздің жарқын болашағы жолындағы атқарып жатқан еңбектеріне толайым табыс тілеймін!
Мерейтой құтты болсын, әріптестер!

Өңірдің 25 жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы цифрлар тілінде

25 жылда облыстың жалпы өңірлік өнімі 1994 жылғы 10,8 миллиард теңгеден 2017 жылы 1320,7 миллиард теңгеге дейін немесе номиналды түрде 122,3 есеге өсті.

* * *
Жан басына шаққандағы ЖӨӨ 1994 жылғы 10,6 мың теңгеден 2017 жылы 1183,1 мың теңгеге дейін 100,1 есеге өсті.
* * *

Өнеркәсіп өнімі өндірісінің көлемі 2000 жылғы 25,8 миллиард теңгеден 2018 жылы 396,2 миллиард теңгеге дейін немесе 39,3 есеге өсті.
* * *

1999 жылдан бастап жаңа меншік иесінің келуіне орай «Қазфосфат» ЖШС-ның химия өнеркәсібіндегі өндіріс қызметі тұрақталып, өндіріс көлемі 47,3 есеге артты.

* * *

2010-2018 жылдары индустрияландырудың бірінші және екінші кезеңі аясында облыста жалпы сомасы 172,0 миллиард теңгеге 61 нысан пайдалануға беріліп, 6,9 мыңға жуық жұмыс орны құрылды.

* * *
1999-2018 жылдар аралығында негізгі капиталға салынған инвестициялар 106,2 есеге дейін өсті. Оның ішінде әлеуметтік нысандарды, инженерлік және көлік инфрақұрылымы нысандарын дамытудағы бюджеттік қаражат көлемі 282,5 есеге жуық өсті.

* * *

2011-2018 жылдары ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемдері 81,3 миллиард теңгені құрады, оның ішінде 62,1 миллиард теңгесі субсидия.

* * *

Облыста ауыл кәсіпкерлеріне қаржылай қолдау көрсететін 10 ауылдық несие серіктестігі бар. 32 бордақылау алаңы құрылды, 18,7 гектарға орналасқан жылыжай жұмыс істейді.

* * *

Облыста «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы іске қосылғаннан бастап өңірде сомасы 97,9 миллиард теңгеге 1323 жобаға қолдау көрсетілді. Нәтижесінде 15 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, 5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны сақталды.

* * *
Өңірде 2011-2018 жылдар аралығында бюджет қаражаты есебінен жолдарды жөндеуге 66,3 миллиард теңге бөлінді. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 2011 жылы 53,1-ден, 2018 жылы 81 пайызға жетті.

* * *
1994-2018 жылдар аралығында облыс бюджетінің кірістері 119,9 есеге өсіп, 263,8 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде меншікті кірістер 36,4 есеге өсті. Осы кезеңде облыс бюджетінің шығыстары 125,1 есеге өсті және 2018 жылы 262,7 миллиард теңгені құрады (1994 жылы – 2,1 миллиард теңге).

* * *
Халықтың номиналды ақшалай табысы 2017 жылы 2000 жылмен салыстырғанда 17,1 есеге, орташа айлық еңбекақы 11,7 есеге өсті.
* * *
Табысы күнкөріс деңгейінен төмен тұрғындардың үлесі 2001 жылғы 70,7 пайыздан, 2017 жылы 3,5 пайызға дейін төмендеді.
* * *
Жұмыссыздық деңгейі 2017 жылы 4,9 пайызды құрап, 1998 жылмен салыстырғанда (14,2%) 9,3 пайыздық тармаққа қысқарды. 2018 жылы 25,8 мың жұмыссыз тіркелді. Бұл 1998 жылмен салыстырғанда (61,4 мың адам) 35,6 мың адамға қысқарған.
* * *
2005-2018 жылдарға білім беру саласын қаржыландыру көлемі 10,1 есеге өсті.
* * *
1998-2018 жылдар аралығында 87 денсаулық сақтау, 96 мектеп және 50 балабақша пайдалануға берілді.

* * *
Осы кезеңде 835,96 шақырымнан астам газ құбыры, 1 939,92 шақырым су құбыры желілері тартылды, бұл көрсетілетін медициналық және білім беру қызметтерін, жалпы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырды.

* * *
Өмір сүру ұзақтығы 1998 жылғы 65,4-тен 2017 жылы 72,4 жасқа дейін өсті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support