- Advertisement -

Қаратай тұрысовтай қайраткер өткен

240

- Advertisement -

Мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысов көзі тірі болғанда 85 жасқа толатын еді. Ол тәуелсіздігіміздің елең-алаңындағы қиын шақта ел экономикасының дамуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Бұл күнде Тараз қаласында бір көшеге және №53 орта мектепке Қаратай Тұрысовтың есімі берілген.
Қ.Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназиясында мемлекет және қоғам қайраткерінің 85 жылдығына орай еске алу шарасы өтті. Салтанатты жиында облыстың Құрметті азаматы Жандар Кәрібайұлы, ішкі істер саласының ардагері Қыстаубай Сағынтаев, темір жол саласының ардагері Әбдуалы Данаев сөз сөйлеп, қайраткердің өнегелі өмір жолына тоқталды.
Қаратай Тұрысов – Біріккен Ұлттар ұйымының мінберінен сөз сөйлеген қазақ. Ол Мәскеуде қызметке араласып, одақ деңгейіндегі ірі лауазымдарда болды. Елбасының шақыруымен 1990 жылы елге оралып, ҚР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. Осы қызметте ел экономикасының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Кейін Парламент Мәжілісінің бюджет және қаржы комитетінің төрағасы ретінде де абыройға бөленді. Жасөркенде туылған азамат белгілі тұлғаға айналды. Салтанатты шарада Қарекеңнің барлық жақсы қырлары, іскерлігі, адамгершілігі туралы кеңінен айтылды.
Мұнан соң мектеп-гимназияның директоры Эльмира Қойлыбаева қонақтарды «Өмір жолынан сыр шертеді» атты фотокөрмемен таныстырды. Кейіннен қонақтар және ұстаздар мен ата-аналар мектеп өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады. Домбырашылар тобы орындаған күйлер попурриі көпшіліктің көңілінен шықты. Олар Нұрғиса Тілендиевтің, Әбдімомын Желдібаевтың ең үздік күйлерін ел назарына ұсынды. 3-сынып оқушы Ералы Қыдырбек бірнеше өлеңді жатқа оқып, көпшіліктің құрметіне бөленді. Орындалған патриоттық әндер де жұртты тебірентті.
Бұл күні қайраткердің туған жері Жамбыл ауданы Жасөркен ауылында да Қ.Тұрысовтың рухына арналып күрес түрлерінен жасөспірімдер арасында облыстық турнир өтті.
Осылайша жерлестері қоғам қайраткерінің рухына лайықты құрмет көрсетті.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support