- Advertisement -

Еңбекті қорғау және қоғамдық бақылау

154

- Advertisement -

Бұл дүниеде адам үшін де, қоғам үшін де еңбек және еңбек ету ең қымбат және ең өзекті мәселе. «Әлемнің әміршісі – еңбек» деп айтпаған әулие де, данышпан да, саясаткер де жоқ. Ақылды адамның бәрі де қоғам дамуының негізгі
байлығы мен тірегінің мәнін ерекше жоғары қойған.

Сол себепті еңбекті қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қолайлы жағдай туғызу басты міндет. Бұл мәселе Кәсіподақтар федерациясының назарынан ешқашан қағыс қалған емес. Олай болуы мүмкін де емес. Кәсіподақ ұйымдарының қызметі еңбек заңдылығын сақтауға байланысты қоғамдық бақылауды күшейту, әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуге бағытталғанын адамдар жақсы біледі.
Өткен 2018 жылы кәсіподақ ұйымдары жұмысында еңбекті қорғау және қауіпсіздік жылы болғанын еске сала кетейік. Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік әріптестермен бірге Қазақстанның барлық өңірінде «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы жүзеге асып, «Еңбекті қорғау саласында профилактика мәдениетін бірге көтереміз!» республикалық акциясы және «Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясындағы еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор» конкурсы өтті.
Әлеуметтік әріптестермен бірлесе жүргізген жұмыстың нәтижесінде 2017 жылмен салыстырғанда, 2018 жылы өндірістік жарақат 1678-ден 1568-ге немесе 6,6 пайызға, жұмыс жағдайында қайтыс болғандар 244-тен 216-ға немесе 11,5 пайызға азайды. Бұл мәселе облыста қалай болды десек, өткен жылы өндірістік жарақат алудың 60 оқиғасы тіркеліп, жұмыс жағдайында 10 адамның өмірі қайғылы аяқталды. Өкінішке қарай, осының барлығы еңбекті қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысында сақтық шараларының әлі де жетіспеуінен немесе абайсызда болса да, барынша мұқият болу қажеттігі жұмыс берушілердің жауапкершілігін қатайта түсудің міндетін жүктейді. Біз жоғарыда атап өткен еңбекті қорғау жөніндегі іс-шаралардың барлығы жұмыскердің кәсіби біліктілігі мен техникалық жағынан сауаттылығын арттыру, бір-біріне көмек берудің нәтижелі болуын көздейді. Еліміздегі ірі және орта кәсіпорындарда өндірістік кеңестерді арттыру қажеттігі де байқалып отыр.
Кәсіподақтардың қажеттілігі қай уақытта сезіледі? деген сұраққа берер жауаптың түпкі мәнін еңбек заңдылығын сақтауға қатысты жағдайларда деп айтуға болады. Мәселен, өткен жылы әлеуметтік әріптестермен өзара ықпалдасу әрі іс-әрекетті бірлесіп атқарудың арқасында 2017 жылмен салыстырғанда ұжымдық еңбек даулары 5-тен 2-ге дейін немесе 2,5 есеге азайған. Соңғы 5 жылдың ішінде еңбек кикілжіңдері 28-ден 2-ге дейін немесе 14 есе кеміген. Еңбек дауларын ушықтырмай, алғашқы сәтте шешуге қол жеткізу еңбек ұжымында да, өндіріс мүддесі үшін де, әрине, өте пайдалы іс.
Қазақстан кәсіподақтарының қоғам құндылықтарына қамқоршы болуы билік тармақтарымен әріптестік әрі ынтымақтастық тұрғысында жаңа және ықпалды ізденістермен айқындалуы жұртшылық арасында оң пікірге ие болды. Қандай да бір даулы мәселені сотқа дейін шешу мақсатында Жоғарғы Сот пен Кәсіподақтар федерациясы арасында жасалған меморандум аясында 17 аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде, ал жақында елордалық татуласу орталығы мен кабинеттері ашылды. Бұл орталықтар еңбек және басқа да дауларды сот жүйесіне жеткізбей-ақ татуласу жолымен шешетін тиімді алаң. Жамбылдық медиаторлар да біздің бұл бастамамызға үлкен қолдау білдіріп, бірігіп қызмет етуге әзір екенін мәлімдеуде. Әңгіме бұл жерде тегін құқықтық қызмет көрсету және әлеуметтік бірлікке үлес қосу болып отыр. Облыстық сот та бұл іске шын ынтасымен атсалысып келе жатқанын атап айтуды жөн санаймыз. Жалпы, еліміз бойынша 2018 жылдың наурыз айынан бері 2140 медиациялық рәсім өткізілді. Оның ішінде 980 еңбек дауының 872-сі медиациялық келісім арқылы, ал 108-і әңгімелесу түрінде шешілді.
Әрбір дау туғызған мәселені шешу алдындағы адамдардың көңіл-күйі мен ой толқуын, түрлі шығындарын есепке алсаңыз да бұл татуласу әрекеттері халықтық дәстүрдің бай қазынасынан бастау алып отырған оң тірлік екеніне оп-оңай көз жеткізуге болады деп санаймыз.
Кәсіподақ ұйымдары еңбек құқын тиімді қорғау үшін жасалатын ұжымдық келісімшартқа айрықша мән береді. Бұл аумақтағы үшжақты комиссияның отырысында да жиі қозғалады. Өйткені ұжымдық шарт – жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің лайықты еңбек жағдайлары, еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік-еңбек қатынастарындағы өзара міндеттемелерінің орындалуына қоғамдық бақылауды қамтамасыз ететін құрал немесе тетік десек те орынды. Елімізде 2017 жылмен салыстырғанда былтыр ұжымдық шарттар саны 77750-ден 92645-ке немесе 16,1 пайызға артқан. Ал біздің облыста 2509-дан 3303-ке артты, яғни 27 пайызға өскен. Дегенмен шағын бизнес саласында ұжымдық келісімшартты арттыру бойынша жұмыстарды жүйелі жүргізген абзал.
Көпшілік жақсы білетін болар, өткен жылдың наурыз айынан бастап «Еңбек шартын жасаңыз!» республикалық акциясын белсенді жүргізудің нәтижесінде еліміз бойынша 10 мыңнан астам жұмыс беруші 37 мың жұмысшымен еңбек шартын жасады. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бар, міндетті зейнетақы аударымдары жоқ кісілерді де анықтау барысында бұл акцияның қажеттілігін сезіне отырып, жұмыстар жүргізілді. Бұл орайда облыс әкімдігінің тиісті басқармаларымен бірлесе атқарған жұмыстарымыздың қорытындысында 4249 адаммен еңбек шарты жасалды.
Бұл өткен жылы Кәсіподақтар федерациясының атқарған сан салалы жұмысының басты-басты нәтижесін айтып отырмыз. Қазір кәсіподақ мүшелерінің қатары 2 миллионға жетіп, еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйымға айналды. Кәсіподақтар федерациясы құрамында 22 салалық кәсіподақ, 16 аумақтық кәсіподақтар бірлестігі, 18 мыңнан астам бастауыш ұйым бар. Жақында Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым жыл қорытындысына арналған алқалы жиында тек өткен жылдың өзінде 470 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, 35 мыңнан астам адам кәсіподақ қатарына қосылғанын атап өтті. Бұл кәсіподақ ұйымына деген сенімнің бар екенін көрсетеді.
Елбасының 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауына байланысты еліміздегі еңбеккер жастардың абырой-беделін асқақтатып, Еңбек қоғамын қалыптастыру мақсатында атқарылатын іс-шаралар жоспары бекітілді. Мәселен, биыл сәуір айында облыстың еңбеккер жастарының, ал күз айында Қазақстан еңбеккер жастарының форумын өткізу көзделіп отыр. Осы екі іс-шара да «Меркі» шипажайында өткізілетін болады. Біздің бұл бастамамызға облыс әкімдігі де қолдау білдіруде.
Ең бастысы, Кәсіподақтар федерациясының басшылығы өз қызметін ашық әрі жариялылық тұрғысында атқаруға бетбұрыс қадам жасады. Мәселен, федерация және оған қатысты салалық ұйымдардың бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде белсенділік деңгейін арттырғанын мына төмендегі деректер дәлелдейді. Егер 2017 жылы ресми бұқаралық ақпарат құралдарында кәсіподақтар туралы 8, әлеуметтік желіде 87 материал жарық көрсе, биыл бұл көрсеткіш сілкініс жасады. Бұқаралық ақпарат құралдарында 153 материал жарияланып, әлеуметтік желілерде 1344 ақпарат берілді.
Биыл біз Жастар жылына орай ірі өндіріс орнындағы озық жастардың еңбегін таныту мақсатымен насихаттық жобаны қолға алып отырмыз. Соның бірін Тараз қаласының көрікті көшелеріне орналастырылған «Қазфосфат» – Қазақстан жастарының еңбек паспорты» деген билбордтан көруге болады.
Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссияның жұмыс сапасы мен деңгейін көтеру, өңірлік келісімдерді табысты жүзеге асыру, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының әлеуетін арттырып, лайықты еңбек жағдайларын жасау үшін биылғы жылды Аймақтар жылы деп жариялады.
Еңбек құндылықтарына қамқоршы болып отырған кәсіподақтардың нақты әрі тың бастамалармен жасалатын қадамдары сөз жоқ, Отанымыздың гүлденуі мен игілігіне жұмсалатын болады.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support