Ардагерлер бастамасы қолдау тапты

Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты
Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялаған еді. Жуырда Астана қаласының «ЭКСПО – 2017» көрме кешені аумағында орналасқан «Нұрлы Әлем» павильонында Жастар жылының ашылуы өтіп,
салтанатты шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков бастаған бір топ азамат қатысып келген болатын. Жыл жаңалығына айналған осынау шараның аясында облысымызда көптеген игі бастамалар қолға алынып келеді. Осыған орай кеше облыстық
ардагерлер кеңесі де үн қатып, арагерлердің басын қосып, келелі жиын өткізді. Оған Тараз қаласы мен аудандардағы ардагерлер кеңесінің төрағалары мен ұйымның белсенді мүшелері қатысты.

Айтулы басқосуды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ашып, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесе ұйымдастырылып отырған шараның мақсатымен таныстырды. Сөйтіп алғашқы сөзді облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбековке берді.
– Құрметті ардагерлер! Бүгін сіздер үлкен бастамаға қозғау салып, жастарға үлгі көрсетіп отырсыздар. Елбасы Жастар жылының ашылу салтанатында жастардың ғылым саласында ашқан тың жобаларымен танысып, білімді ел жастарына зор сенім артатындығын жеткізді. Бүгінде сауаттылық индексі бойынша Қазақстан 155 елдің ішінде 15-орыннан табылды. Жастардың білім деңгейі бойынша еліміз Швейцария, АҚШ, Норвегия және Финляндияны басып озып, 9-орынға тұрақтаған. Бұл – жас тәуелсіз мемлекетіміз үшін үлкен жетістік, – дей келіп, Бекболат Серікбекұлы аталған салтанатты рәсімнен алған әсерімен бөлісті. Сонымен қатар Жастар жылы аясында облыста атқарылғалы жатқан жұмыс барысымен таныстырды.
Бұдан кейін Е.Солтыбаев баяндама жасап, облыстық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген төралқа отырысына қатысушылардың облыс өрендеріне арнаған Үндеуін жариялады. Соңынан ұйымға белсене қатысқан ардагерлер кеңесінің төрағаларын Құрмет грамоталары және Алғыс хаттармен марапаттады.
* * *
Облыстық ардагерлер ұйымының ұйытқы болуымен «Ғибрат» орталығында Халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның дүниеден қайтқанына 100 күн толуына орай еске алу кеші ұйымдастырылды. Ал қаламыздағы іргелі оқу орны М.Х.Дулати атындағы ТарМУ бұл шараға демеушілік көрсетті.
«Тау алыстаған сайын биіктей береді» демекші, залдың көрікті тұсынан орын алған «Қазақтың нар тұлғалы қаламгері» тақырыбында жабдықталған кітап көрмесі оқырманын бейжай қалдырмағаны анық. Әр кітапқа қараған сайын шығарма кейіпкерлері көз алдыңа елестеп, оқиға желісі санаңда өзі-ақ сайрап жөнелетіндей. Шерағаңның нар тұлғасы мен кітаптарына қайта-қайта қарай бергің келеді.
Еске алу кешіне жиналған облысымыздың зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар мен ғалымдар, сыншылар мен қоғам қайраткерлері, шәкірттері мен жерлестері Шерағаңа деген сезімдерін қимастықпен жеткізді. Халық жазушысы, қоғам қайраткерінің есімін жоғары оқу орнына, балабақшаға, мектепке, көше мен ауылға беру, туған жерінен мұражайын ашу туралы ұсыныстар жасалды.

Марат Құлибаев

Comments are closed.