- Advertisement -

ЖИЫРМА ЖЫЛДЫҚ БЕЛЕСТЕР

63

- Advertisement -

Байзақ ауданы қашанда орасан тірлігімен, береке-бірлігімен ерекшеленеді. Қырманы дәнге, даласы әнге, дастарханы дәмге толы батыр баба есімін иеленген өңірдің еңбекқор халқы тірліктің көзін тауып, ел табысын арттырып, мерейін өсіріп келеді.

Еліміз тәуелсіздігін жариялап, еңсесін тіктей бастаған 1999 жылдың 13 қаңтары күні түймекенттік атпал азамат Бөкенбай Битабаров «Достық-99» шаруа қожалығын құрған еді. Шынында, еңбек еткенге бақыт та басын иеді. Адал еңбек еткеннің қашанда көңілі шат. Шалғай ауылда тұрып, төрт түлікті көбейтуге ден қойған қожалық жетекшісі сонау тоқырау кезінде ата кәсіпті небәрі үш ірі қара малмен бастаған екен. Арада жиырма жыл өтсе-дағы еңбекқорлығы мен жылдар бойына жинаған мол тәжірибесінің арқасында аталмыш шаруа қожалығының ұжымы жоғары нәтижелерге қол жеткізуде.
Алғашқы құрылған кезеңде алты трактор, үш комбайнмен жұмысын бастаған жеке шаруашылық құрылымында 146 адам еңбек еткен. Небір қиындықтармен бетпе-бет кездессе де ешбір мойымаған шаруа қауым жыл өткен сайын белестерді бағындыра білді. Аталмыш шаруашылық иелігіндегі 1200 гектар жердің 600 гектары суармалы, 600 гектары тәлімі алқап санатында. Шаруашылықта тұрақты 20-ға жуық адам жұмыс істесе, науқан уақытында қажеттілікке байланысты 70-80 адам жұмыспен қамтылады. Өткен жылы шаруа қожалығы 265 гектар жерге бидай, 380 гектарға арпа, 300 гектарға мақсары, 25 гектарға жоңышқа, 130 гектар аумаққа күнбағыс егіп, мол өнім алды. Сонымен қатар он бір трактор, төрт жаңа комбайн, екі астық сепкіш, бір күнбағыс жинағыш техникалармен қожалықтың базасы үлкейіп отыр. Ағымдағы жылға 12 гектарға мақсары, 12 гектарға күздік арпа, 400 гектарға күздік бидай, 110 гектарға жүгері, 40 гектарға қант қызылшасын, 50 гектарға күнбағыс, 300 гектарға жаздық арпа, 10 гектарға картоп және 10 гектарға жер жаңғақ егуді жоспарлап отыр.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларды тиімді пайдаланып отырған шаруашылық ұжымы 20 жылдың белесінде бірқатар жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтуге болады. Мәселен, жеке шаруашылық құрылымы облыс көлеміндегі шаруа қожалықтары арасында өткізілген жарыстарда қатарынан төрт мәрте үздік бестіктен көрінсе, 2003-2006 жылдары егістік жерлерді толығымен игеріп, нәтижесінде ауданның «Үздік шаруа қожалығы» атанды. 2006 жылы «Достық – 99» шаруа қожалығы Қазақстан Республикасының алтын кітабына енді. Ұжым еңбеккерлері түрлі дәрежедегі марапаттарды еншілеген. Солардың қатарында Қалдыбек Жұманалиев Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Алғыс хатына, Александр Черкашин «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісіне ие болды. Жастардың кәсіптік мамандыққа бетбұрысын жақсарту үшін аудан орталығындағы «Байзақ» колледжімен тығыз қарым-қатынаста жұмыстар жүргізіп, дуалды оқыту негізінде сыныптар ашып, білімгерлерді теориялық және практикалық тәжірибеден өткізуге де сүбелі үлес қосуда.
«Достық – 99» шаруа қожалы-ғының ұжымы өзінің 20 жылдығын салтанатты түрде атап өтті. Ауыл ақсақалы, ауданның Құрметті азаматы Бозай Оразалының ағалық ақ батасынан бастау алған салтанатты шарада аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Болат Сағынбеков, Түймекент ауылдық округінің әкімі Сұлтанбек Медеубеков, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жомарт Мұхамеджанов, ұжым ардагері Баянды Абдралиев, аудандық мәслихаттың депутаты Артық Үкібаев, №3 Байзақ колледжінің директоры Мұхит Нысанбаев, бірқатар шаруа қожалықтарының жетекшілері мен Түймекент ауылдық округіндегі мекеме басшылары ретімен өз құттықтауларын жеткізіп, ұжым басшылығы мен еңбеккерлерін Алғыс хаттармен марапаттады.
Салтанатты шара соңында шаруа қожалығының төрағасы Бөкенбай Ізтелеуұлы 20 жыл бірге еңбек еткен ұжымдастарын «Шаруашылыққа көп жылғы сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттап, оның әрбіріне түрлі-түсті теледидар тарту етті.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ,
журналист.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support