Жарайсыңдар, жас ұландар!

22

«Тараздың» жас футболшылары Қазақстан чемпионы атанды

Жамбыл жері – жас футболшылардың мекені. Тараз төрінде талай талантты футболшының томағасы сыпырылған-ды. Ересектеріміз премьер-лигаға оралып жатқан шақта жамбылдық жасөспірімдердің нәтижесі жыл өткен сайын жоғарылай түскені көңіл тоғайтатыны анық.
Тамаша жаңалық! «Тараз» футбол орталығының 2000 жылы дүниеге келген жасөспірімдер құрамасы Қазақстан чемпионы атанды! Жерлестеріміз шешуші ойында алматылық «Қайрат» командасының академиясындағы жастардан айласын асырды. Осылайша өздерінің шын мықты екендіктерін дәлелдеді.
Шыны керек, мұндай нәтижені көпшіліктің күтпегені анық. Өйткені «Қайрат» футболшылары финалдық кезеңде алаң қожайындары ретінде мықты командаға телінген болатын. Сонымен қатар алматылықтар осы доданың басты фавориті ретінде де танылған еді. Сол себепті жұртшылық бұл жарыста алматылықтардың топ жаратынына бек сенімді болғаны талас тудырмайды.
«Қайратта» мүмкіндік, «Таразда» мектеп бар екенін жамбылдық жасөспірімдер кезекті мәрте дәлелдеп берді. Сүйін Молдашбаев жаттықтыратын «тараздықтар» ойын сайын ел күтпеген нәтижелерді тіркеумен болды. Талайларды таңдай қақтырды. Алматыдағы додаға төрт бірдей жартылай финалдық кезеңнің жеңімпаздары жиналды. Әрине, бәрі де мықты. Бірақ олар «Тараздан» қауіптенбеген. Екі ойыннан кейін «қайраттықтар» көш тізгінін қолға алған-ды. Олар «Тобыл» және «Семей» командаларын айқын басымдықпен жеңген еді. Ал жамбылдықтар екінші орынға орналасқан болатын. Бірінші ойында «Семей» командасын 1:0 есебімен жеңген жерлестеріміз екінші кездесуде қостанайлық «Тобылмен» 1:1 есебімен тең түскен.
Қоржынына алты ұпай салған алматылықтар үшін шешуші кездесуде тең ойын жеткілікті саналса, «Тараз» жасөспірімдері қалайда жеңіске жетуі тиіс. Сондықтан да жамбылдық бозбалалар жасыл алаңда аянып қалмай, бар күшін сарқа жұмсады.
Алматылықтарда алаң басымдылығымен қатар психологиялық басымдық та болды. Өйткені доп айырмасы бойынша да, ұпай айырмасы тұрғысынан да алда тұрған олар чемпиондыққа бір қадам жақын қалған-ды. Бірақ біздің жастар тығырықтан жол таба білді. Жасыл алаңда алаң қожайындарының өткір шабуылдарына төтеп берді. Сауатты ойын үлгісін көрсетті. Комбинациялық тұрғыдан әдемі карсы шабуылдар ұйымдастырды.
Маңызды ойынның бірінші кезеңінде қос команда футболшылары есеп ашпай тең тарқасты. Бұл есеп «қайраттықтарды» қанағаттандыратын әрі ойында аздаған басымдық та солардың уысында тұрды. Қалайда үш ұпай иелену керектігін түсінген біздің өрендер екінші кезеңге тыңғылықты дайындықпен шықты. Жаттықтырушының айтқан ақыл-кеңесін мұқият тыңдағандарын ойын үлгісінен де аңғардық. Кездесудің екінші бөлігінде жамбылдық жампоздар жеңіске деген жігерлілік танытып, жеңіс голын соқты. Қорытынды есеп 0:1. «Тараздың» пайдасында! Ойын аяқталғанға дейін сауатты қорғанып, қарсы шабуыл ұйымдастыра білген жерлестеріміз жеңісті қолдан сусытпай, чемпиондық атаққа қол жеткізді.
Жалпы, дода барысында «Тараз» футболшыларына бірқатар ойындарда сәттілік серік болған еді. Бірақ сол сәттілік атаулының өзі шын мықтыға ғана жолдас болады емес пе? Ендеше жасыл алаңда 100 пайыз беріліп ойнаған бозбалаларымыздың бұл жеңісін кездейсоқ деп бағалауға еш негіз жоқ. Ең бастысы «Тараз» футбол мектебінің шын мәнінде мықты екенін кішкентай шеберлеріміз тағы бір мәрте айғақтағаны бізді қуантады. Жарайсыңдар, жампоздар!
Жасөспірімдеріміздің жарқын жеңісі келер жылы премьер-лигада бақ сынайтын «Тараз» футбол клубына жұғысты болса екен…

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.

микро займ на карту