- Advertisement -

Ой-шұңқыр жолдың азабы, кетірді-ау әбден мазаны

305

- Advertisement -

немесе жауапты мекемелер өз жұмысына неге атүсті қарайды?

Жасыратыны жоқ, қазір әлдекіммен жол төңірегінде әңгімелесе қалсаңыз, Шудың жолдары міндетті түрде әңгімеңіздің өзегіне айналады. Бұған басты себеп – Шу шаһарына кіреберіс үш бағыттың да жолдарының сапасыз болуынан болса керек. Жол деген аты ғана болмаса, ойлы-шұңқырлы, қырат-қырлы, жүрек шошырлық қия-тасты жолмен жүрген жолаушылар шыбын жанын шүберекке түйіп отырады. Дегенмен де «Алматы-Астана», «Меркі-Шу-Бурылбайтал» бағытындағы тас жолдарға «Шудың жолы» деп айдар таққанымыз болмаса, шындығында олар республикалық мәндегі жолға жатады. Бір қуантарлығы, биылдан бастап дәл осы «Меркі-Шу-Бурылбайтал» бағытындағы тас жолды күрделі жөндеу жұмыстары басталмақ. Алдағы 2-3 жылдың төңірегінде бұл жұмыстар толығымен аяқталып, ойқы-шойқы жолдарымыз тақтайдай теп-тегіс болады деп күтілуде.

Қош! Ал облыс орталығынан шалғай жатқан Шу ауданындағы аудандық маңызы бар жолдар мен ішкі көше жолдарының жағдайы қандай? Өткен жылы ауданға әкім болып келген Қайрат Досаев аз уақытта шағын шаһардың шырайын кіргізетін көптеген шараларды қолға алып, көпшіліктің көкейіндегі күрмеулі мәселелерді де рет-ретімен шешіп, өзінің іскерлігін байқатқан еді. Солардың қатарында, аудандағы шешімін күткен күрделі істің бірі автокөлік жолдарының жайы болатын. Жауын-шашынды күндері, көктем мен күз мезгілінде жүргіншілер лай-батпаққа батып, әбден әуре-сарсаңға салынса, жаз айларында сапасы сын көтермейтін жолдан шығатын шаңнан құдды бір тұманның арасында жүргендей күй кешуші еді. Мұндайда көлік тізгінін ұстаған жүргізушілердің шегетін азабымен қоса, темір тұлпарларының да сұрқы қашатын. Оның үстіне жолдың сапасы адам төзгісіз болса, шоқырақ аттың үстінде келе жатқандай жайсыз күй кешеріңіз айтпаса да белгілі. Әсіресе аудан ішіндегі ойдым-ойдым жолдың салдарынан жолаушылардың зардап шегетіні ешкімге құпия емес. Шулықтардың жанайқайына айналған осынау жол мәселесі аз айтылып, кем жазылған жоқ. Осыны ескерген аудан әкімі бұл мәселеге назар аударып, өткен жылы аудан ішіндегі біраз жолдар жөндеуден өткізілген. Былтыр басталған жол жөндеу жұмыстары тиісінше биыл да өз жалғасын тауып, аудан тұрғындарын қуантқан еді. Түйткілдің түйіні біртіндеп шешіле де бастаған болатын. Алайда қазіргі уақытта жөндеуден өтіп жатқан аудан орталығы Төле би ауылындағы Балуан Шолақ көшесінің 2,3 шақырым жолы мен Жаңа жол және Белбасар ауылдарының арасындағы 11,8 шақырым тас жолды көзбен көргенімізде, көңіліміз су сепкендей басылып қалды. Байқағанымыздай, ондағы жолдың сапасы мүлде сын көтермейді. Бұл сөзімізді жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысып шыққан «Нұр Отан» партиясы Шу аудандық филиалы партиялық бақылау комиссиясы және қоғамдық кеңес мүшелері мен аудандық мәслихаттың депутаттары да растап отыр. Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерболат Досымбаевтың сөзінше, жолдардың осылайша сапасыз төселуінің басты себебі – тендерді ұтып алып техникасы сай болмай, шеттен келіп жұмысты тоқырататын мердігер компаниялардың көтере алмайтын шоқпарды беліне байлауында болып отыр екен.
– Төле би ауылындағы Балуан Шолақ көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «Меркі жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысып қайттық. Ұзындығы 2,3 шақырымды құрайтын бұл жолдың ені 8 метр болғанымен, жобалық-сметалық құжатта 6 метр деп көрсетіліпті. Сондықтан да аталмыш серіктестік 6 метрге ғана жөндеу жүргізуде. Осыдан-ақ алдағы уақытта бұл көшенің жолы сапасыз болатындығын аңғару қиын емес. Керек десеңіз, мердігер сол 6 метрдің өзін талапқа сай жүргізе алмауда. Жаңа жол мен Белбасар ауылындағы 11,8 шақырым тас жолдың сиқы да дәл осындай. Ой-шұқырды жамаудың өзінде бірқатар кемшіліктерді анықтадық, – дейді ол.
Құрылыс сапасына бақылау жүргізуге жауапты мекеме жол жөндеу жұмыстарының қалай жүріп жатқандығын үнемі бақылауда ұстауы тиіс. Ал Ерболат Досымбаевтың айтуынша, олар бақылау жасамақ түгілі, мердігердің кім екенінен де хабарсыз болып шықты. Сонда мұны қалай түсіндік? Жауапты мекемелер құрылыс нысанының басында күн сайын болып, жасалып жатқан жұмыстың сапасын бақылауда ұстауы керек емес пе? Техникалық қадағалау мамандарының шығарған қорытындысын қарап, тапсырыс берушілер нысанды өз баланстарына қабылдайды. Осыны ескерер болсақ, жол жөндеуге, жол салуға арналған тендерді жеңіп алған жол-құрылыс компанияларының жұмысына техникалық қадағалаудың тиісті деңгейде жүргізілмеуі жол сапасының нашар болуына тікелей өз әсерін тигізетіні айтпаса да белгілі ғой. Шынын айту керек, жол үстінде жыбырлап, күннің аптап ыстығына қарамастан жұмыс істеп жүрген жол жөндеушілердің еңбегі – адал еңбек. Мысалы, күннің ыстығында асфальттың ыстығы мен арнайы техникалардан шығып жатқан күлімсі иістің ортасында жүру оңай шаруа емес. Алайда сол жұмысшылардың қаншама күнгі еңбегі жоғарыда аталған себептерге байланысты араға уақыт салып құмға сіңген судай болып заяда кетері бар. Күрделі жөндеуден өтті деген жерлері жарылып, келесі бір тұсы ойылып, сұрықсыз күйге түседі. Ол аз десеңіз, жамаған ой-шұқырлары опырая тесіліп жатады. Жасыратыны жоқ, содан кейін орын алған кемшіліктерді жою қажеттігі туындап, қосымша бюджет қаражаты жұмсалады.
Бұдан бөлек, жергілікті жүргізушілер жолдың жайы жандарына батқандықтан, кейбір жерлерде қара жол салып алғанымен, онысы жегеніңді желкеңнен шығарады. Неге десеңіз, өз беттерінше кедір-бұдырды тегістеу үшін төккен топырақтары жол ортасында төмпешік болып жиналып қалады. Бұдан бөлек, шаң-шаң болған көліктің ішінде отырған жолаушылар мен жүргізушілер демін ішке тартып, межелі жеріне жеткенше аузы-мұрындары топыраққа толып, қиналып жатады. Бұл көріністер қала халқынан гөрі, бірқатар аудан мен ауыл халқына етене таныс жағдай. Сондықтан да болса керек, жол туралы сөз қозғағанда ең алдымен жүргізушілер жылап қоя береді. Әрине, осыдан кейін жолаушылар мен жүргізушілердің ортақ базынасына айналған тас жолдардың тарлығы және сапасыздығы бәрінің жанына сыздауықтай батары сөзсіз.
Айта кету керек, биылғы жылы Шу ауданының жолдарын жөндеуге 541 миллион 592 мың теңге көлемінде қаржы қаралған. Оның 396 миллион 592 мың теңгесі облыстық бюджеттен бөлінсе, ауданның қазынасынан 145 миллион теңге қаралыпты. Бөлінген қаржыға аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 21,9 шақырымына және елді мекен көшелерінің 6,59 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Тағы бір айта кететін жайт, жол құрылысы стандартты талапқа сай жүргізілмей, қазіргі орын алған олқылықтар осылай жалғаса беретін болса, бөлінген қаржының құмда ізі, сайда саны қалмасына ешкім де кепілдік бере алмасы анық. Әрине, бұл ең әуелі жауапты тұлғалардың қателігі.
Осыған байланысты, өткен аптада «Нұр Отан» партиясы Шу аудандық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесінің және партиялық бақылау комиссиясының бірлескен отырысы өтті. Жиында күн тәртібіндегі ауызсу және жол мәселесі қаралып, аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлы комиссия мүшелерінің алдында есеп берді. Өз жұмысына шаң жуытқысы келмеген бөлім басшысы, жол жөндеуге жауапты мердігерлерді анықтау өз құзыретіне жатпайтынын, ол облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы арқылы жүргізілетіндігін айтып ақталды. Сонымен қатар басқосу барысында туындаған пікірталаста аудандық мәслихаттың хатшысы Ержан Көрікбайұлы Төле би ауылындағы Балуан Шолақ көшесінде жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстары жобаға сай еместігін, сондай-ақ жол жабындысы да белгіленген талапқа сай келмейтіндігін айтты. Бұған қоса, жауапты мердігер дайындаған жолдың құрамын арнайы зертханаға жіберу керектігін де сөз етті.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.

тілші түйіні

Тәуелсіздікке қол жеткізген осынау ширек ғасырдан аса уақытта еліміздің барлық өңірінде өзекті мәселе саналатын жол жөндеу жұмыстарына мемлекеттен көлемді қаражат бөлінді. Оған қоса, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам – Ұлт жоспарында да дәл осы жол-көлік инфрақұрылымын қалыптастырудың стратегиялық мақсаты нақты көрсетілген. Жолдардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіміздің қайнар көзі және ажырамас бір бөлігі екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Шынында да, қазіргі таңда жонылған тақтайдай тегіс жолдар барар жеріңе жылдам-ақ жеткізеді. Дүниежүзіндегі дамыған мемлекеттердің ең әуелі жол қатынасына ерекше назар аударатыны да сондықтан болар. Ал біздегі жол мәселесі әлі күнге қатаң қадағалау мен темірдей талапты қажет етіп тұрған жайы бар. Сол себепті де, жауапты тұлғалар жоғарыда аталған олқылықтарды назарға алып, тиісті шешім қабылдаса екен дейміз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support