- Advertisement -

Нұрлыбектің бағы жанды

123

- Advertisement -

Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы облыстық «Текті сөздің төресі –терме» атты жыршы, термешілердің байқауын өткізді. Облыстық мектеп олимпиадалары мен мектептен тыс іс-шаралар өткізу орталығында өткен өнер жарысы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының бір жылдығына орайластырылды. Ұлттық өнерді дәріптеп, тіл мәдениетін арттыру мақсатына негізделген шара биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр.
Байқаудың ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова терме өнерін жандандыру, насихаттау керектігін, сол арқылы рухани жаңғыра отырып, жастарымыздың санасына серпіліс сыйлап, оң жолға тәрбиелей алатынымызды тілге тиек етті.
Сайыста Тараз қаласы және аудандардан келген 16-35 жас аралығындағы он бір үміткер өнерлерін ортаға салды. Қазақтың қасиетті домбырасын серік еткен өнерпаздар түрлі жыр-термелерді нақышына келтіре орындап, құлақтардың құрышын қандырып, жүректерді тебірентті. Әйтсе де, әтттеген-ай дейтін сәттер де болмай қалмады. Кейбір қатысушылар тақырып таңдауда қателік жіберсе, енді бірінің сүбелі сөзі мен домбыра шертісі мақамымен үндеспей жатты. Кей қатысушылардың өзі шығарған термелерін ұсынғаны қуантты. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын» демекші, барлық қатысушылар шамаларынша жақсы деңгейде өнер көрсетуге тырысты.
Облыстық филармонияның әншісі, Қазақстанның мәдениет қайраткері, жыршы-термеші Дүйсенбек Өміралиев бастаған қазылар алқасы байқау қорытындысын шығарарда ойлары бір арнада тоғысып, жеңімпаздарды анықтады. Нәтижесінде, тақырыпты шебер жырлаған Жамбыл ауданынан келген Нұрлыбек Құрманов бас жүлдеге ие болып, жеңіске жетті. Жүлделі бірінші орын тараздық Нұрлыбек Таласбаевқа бұйырса, екінші орынды Сарысу ауданынан келген Балнұр Өксікбаева, үшінші орынды байзақтық Бақытжан Байкүшіков иеленді. Сондай-ақ жуалылық Мәлік Мықтыбеков «Тақырыптық талғамы», мойынқұмдық Бектұр Оңалов «Орындау шеберлігі», Т.Рысқұлов ауданынан келген Айжан Тұрғын «Көрермендер көзайымы», шулық Ерлан Сәулебаев Аяз Бетбаев атындағы номинацияларымен марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге басқарманың арнайы дипломдары мен сыйлықтары табысталды. Жеңімпаз атанған Нұрлыбек Құрманов күзде өңірімізде өтетін осы байқаудың республикалық кезеңінде бақ сынайтын болады.

 

Жанғазы АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support