- Advertisement -

Балалық шақтың қызықтары

217

- Advertisement -

«Аула ойындары» додасы мәресіне жетті

Тараз қаласындағы орталық «Достық» алаңында облыстық «Аула ойындары» фестивалі, алаңдағы тоғызқұмалақтан облыс біріншілігі өтті. Спорттың қалашық, ләңгі, асық ату, қашпа доп, секірмек секілді бес түрі қамтылған додада Тараз қаласы мен аудандардың командалары сынға түсті. Бірнеше кезеңді қамтыған аула ойындарының алдымен аудандарда іріктеу кезеңдері ұйымдастырылып, облыстық жарысқа кілең «сен тұр, мен атайын» үздіктер сұрыпталып алынған болатын. Жарысқа қатысушы ұжымдар 10-14 жас, 15-18 жас, 18 жастан жоғарылар санаты бойынша дода көрігін қыздырып бақты.
Бұл күні жасөспірімдер жан алысып, жан беріссе, үлкендер жағы балалық шақтың қызықтарын еске түсіріп ләңгі тепті, асық атты, қызыққа батты. Бұқаралық спортты дамыту, насихаттау мақсатында ұйымдастырылған аламанда үздік шыққан командалар барлық спорт түрлері бойынша жинаған ұпайларына байланысты анықталды.
Жалпы саны 459 спортшы қатысқан дуы басым аламанда барлық ұжым жеңіс тұғырынан көрінуге талпынып бақты. Қорытындысында 10-14 жасқа дейінгі жасөспірімдер сынында Қордай ауданының командасы қарсылас­тарынан оқ бойы озып, топ жарса, екінші орын Шу ауданының құрамасына, үшінші орын Тұрар Рысқұлов ауданынан келген балғындарға бұйырды.
15-18 жасқа дейінгі сайыпқырандар сайысында Сарысу ауданынан келген саңлақтар алдына жан салмаса, меркіліктер екінші орынды, қордайлықтар үшінші орынды қанжығаларына байлады. Ересектер додасы өте тартысты жағдайда өтті. Барлық ұжымдардың спортшылары жеңіске жету жолында аянып қалған жоқ. Әйтсе де қарсыластарына қарағанда қарымды көрінген Байзақ ауданының құрамасы бірінші орынды иеленсе, Сарысу ауданының саңлақтары екінші орынды, қордайлықтар үшінші орынды місе тұтты.
Алаңдағы тоғықұмалақ аламанында 15 командадан 150 спортшы бақ сынады. Нәтижесінде 10-11 жастағылар бәсекесінде сарысулықтар жеңімпаз атанса, қордайлықтар екінші орынға, меркіліктер үшінші орынға орнықты. 12-13 жастағы спортшылар дуында қордайлықтар бірінші орыннан көрінсе, тараздықтар екінші орынға, меркіліктер үшінші орынға лайық деп танылды.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support