- Advertisement -

Қонысбайға құландықтар дән риза

255

- Advertisement -

Ауданда Қонысбай туралы әңгіме қозғалса, оны білетіндер адамгершілігін, іскерлігін және қайырымдылығын бөле-жара айтады. «Осындай азаматтар көп болса, еліміз баяғыда гүлденіп, жұмыссыздық мүлдем азаяр еді» дейтіндер де бар. Әлбетте, осындай жақсы атпен елдің аузына ілініп, алғыс алып жүргенге не жетсін?! Қонысбай ауылдастары арасында мұндай құрметке ізденгіштігі, табандылығы, білімділігі мен біліктілігі нәтижесінде ие болуда. «Туған жерге туыңды тік» демекші, оның өзі туып-өскен Қазақ ауылы мен аудан орталығы – Құлан ауылына сіңіріп жүрген еңбегі өте зор.

2012 жылы Қазақ ауылына 25 орындық балабақша салып, ел игілігіне ұсынды. Онда жаңа 13 жұмыс орны ашылды. Балабақша аудандық оқу бөлімінің теңгеріміне берілген. Осыдан үш жыл бұрын Құлан ауылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 100 орындық балабақшаны және іске қосты. Өткен жылы оған қосымша құрылыс жүргізіліп 50 орындыққа кеңейтілді. Соның нәтижесінде «Аяна» бөбекжайы 42 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Қонысбай Сағынбек – Қырғыз мемлекеттік политехникалық институтының түлегі. Мамандығы – жол-құрылыс инженері. Еңбек жолын Қырғыз Республикасының Талас облыстық жол басқармасында аға инженер болып бастаған ол кейін бас инженер болды. Т.Рысқұлов ауданында «ДЭУ-540» жол-құрылысы мекемесінде жол шебері, бас инженер, кейін басшылық қызметін атқарды. 1997-2001 жылдары «Оразханұлы» шаруа қожалығына жетекшілік етті. 2001 жылы «Құлан жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрды. Аудандағы шағын мекеме бүгінде іргелі кәсіпорынға айналды. Кәсіпорын ауданмен қатар, облыс көлемінде жол салумен және жөндеумен шұғылданады. Серіктестіктің Қарақыстақ ауылының қасында карьері бар. Жабдықтары Ресейден сатып әкелінген асфальт зауыты сағатына 60 тонна өнім шығарады. Сондай-ақ тас уатып, ұсақтайтын екі қуатты қондырғысы бар. Қонысбай қолда бар техниканы жыл сайын жаңартып отыруға күш салады.
Бұл мақсатқа жыл сайын 35 миллион теңге жұмсалады. Соның нәтижесінде былтыр техника саны 82 бірлікке жетті. Оның 80 пайызы жаңа. Өткен жылы бір автогрейдер және құм мен асфальт таптайтын қондырғы сатып алынған. Кәсіпорында 32 адам тұрақты жұмыс істейді, жазда олардың қатары 100-ге дейін жетеді. Орташа айлық жалақы – 80 мың теңге көлемінде. Олар негізінен Т.Рысқұлов ауданында жол жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Жыл сайын бірқатар ауылдарда 3-4 көшені орта жөндеумен қамтиды. Облыстық мәндегі жолдарда да бұлардың қолтаңбасы айшықты. Соның нәтижесінде бүгінде аудандағы жолдың 80 пайызға жуығы жақсы және қанағаттанарлық деген дәрежеге жеткізілді. Серіктестік өзі құрылғалы бері облыс аумағында 26 шақырым жолды күрделі, 150 шақырымды орта және 3 мыңнан астам шақырым жолды ағымдағы жөндеуден өткізіпті. Тек өткен жылдың өзінде мекеме ұзындығы 20 шақырым 12 көшені орта жөндеумен қамтыған. Былтыр 351 миллион теңгенің жұмысы атқарылған. «Құлан жолдары» ЖШС 16 жылда 4 519 миллион теңгенің жұмысын атқарып, осы мерзімде жергілікті бюджетке 350 миллион теңге түсірген.
Қонысбай қайырымдылықты ең ізгілікті де қасиетті іс деп санайды. Бұл жөнінен ол жұртқа жарқын өнеге көрсетіп келеді. 2003 жылы ауданда жер сілкінісі болған кезде ортақ қорға қомақты қаржы құйды. «Әулиеата», «Көне Тараз» мешіттеріне Құлан ауылындағы субұрқағы құрылысына, «Тараз» футбол клубына, «Сұлтан» мешітіне, «Ботпай ата», «Биназар батыр», «Мерей» қорларына қаржылай демеушілік көрсетті. Жалғызілікті, тұрмысы төмен және мүгедек жандардан көмегін аямайды. Мектептерге де қажетті құрал-жабдықтарын сатып әпереді. Қонысбай Оразханұлының тынымсыз еңбегі, ел игілігі үшін жасап жатқан істері елеусіз емес. Қазақстан Республикасы Көлік және автомобиль жолдары министрлігінің Алғыс хатымен, облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» және «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен, «Парыз–2011» байқауының дипломымен марапатталған. 2008 жылы Қазақстан Республикасының Көлік және автомобиль жолдары министрлігінің марапаттауымен «Құрметті жолшы» атағына ие болды.
Қ.Сағынбек – Т.Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы. Ол өткен жылы «Қазақстан ұлттық бизнес» орталығының шешімімен жол-құрылыс мекемелерінің арасында салық төлемдерін уақтылы төлегені үшін 100 мекеме ішінде 12 орынды иеленіп, «Алтын қыран» ордені мен «Үздік мекеме» атағына ие болды.

Ақылжан Мамыт

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support