- Advertisement -

Марапаттың қуанышынан жауапкершілігі артық

283

- Advertisement -

Аягүл МИРАЗОВА, Қазақстанның Еңбек Ері

Тәуелсіздік жылдарында білім саласында көптеген реформалар жасалды. Жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес бірқатар жаңалықтар болды. Мұғалім мен оқушының сабақ жүктемесін азайту мақсатында енгізілген өзгерістер де бар. Осы мәселелердің ара-жігін ажыратып, тарқатып айту үшін Қазақстанның Еңбек Ері, «Алтын жұлдыз», «Отан» ордендерінің, Ы.Алтынсарин атындағы медальдың иегері, Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер, ардақты ұстаз Аягүл Миразовамен сұхбаттасқан едік.

Аягүл Төреқызы, орта білім саласында жаңартылған білім беру мазмұнына көшуімізге не түрткі болды?
– Алдымен әрбір қазақстандықтың көкейінде жүрген, ой бөлісуге мүдделі мәселе бойынша, дәлірек айтқанда, білім саласының жай-күйі мен ертеңі турасында пікірлесуге шақырған ниетіңізге ризашылығымды білдіргім келеді. Әрине, мектептегі оқу жайында төрелік айтудан аулақпын, дегенмен мемлекетіміздің білім саясатын осы газет арқылы қолдайтынымды білдіріп, оны жүзеге асыруды насихаттауға үлес қосуды азаматтық парызым деп санаймын. Бауыржан Момышұлының «Мен әскери отставкаға шыққаныммен, азамат ретінде әлі қатардамын» дегеніндей, жақында зейнетке шықсам да, өзімді педагогикалық көштемін деп есептеймін. Ұзақ жылдардағы ұстаздық тәжірибем кейінгі буынның кәдесіне жарап жатса, мұғалім үшін үлкен абырой осы.
Ал енді сіз қойған сұраққа тоқталсақ. Тәуелсіздігімізге дейінгі мектеп білімі, жасыратыны жоқ, коммунистік идеологияға қызмет етуге бағытталды. Ендігі жерде жас ұрпақты ел тәуелсіздігін нығайту ісіне дайындау міндеті тұр. Міне, реформалардың бірінің екіншісіне жалғасып жатуының түпкі мәнін осылай түсінген абзал.
Мектеп реформасы – мемлекеттік реформалардың ішіндегі ең күрделісі. Білім саласында тоқырап қалған кезіміз жоқ, үнемі ізденіп, кемелдікке талпынып келеміз. Сондықтан да білімдегі жаңаша жаңғырулар бір күннің шешімі немесе бір сәтте қол жететін дүние емес, ол – мәңгілік жаңару. Бір ғана мысал, қазақстандықтар әлемдік білім кеңістігінде білім алуға, ғылыми ынтымақтастыққа, өзара технологиялық табыстармен алмасуға қол жеткізіп отыр. Енді осы ниеттің жүзеге асуы үшін мектептерімізді, жоғары оқу орындарын, орта кәсіптік оқуды әлемдік білім кеңістігіне бағыттау міндеті туындады. Міне, бұл да мотив.

– Жаңа жүйенің түпкі идеясы, күтілетін нәтиже қандай?
– Өзгермелі замандағы өзгерістерден қалып қоймай, сананың оның алдында жүруі – қоғам дамуының заңдылығы. Білім мен ғылым да сол заңдылық аясында өмір сүреді. Сондықтан Елбасы биылғы Жолдауында тағы да жалпы орта білім саласындағы міндеттер функционалдық сауаттылықты, сыни ойлауды меңгеруге бағытталатынын қадап айтты. Оқушыларымыз өз халқының тарихын, тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін білетін, үш тілді меңгерген, жаңа білімді өз бетінше игеруге қабілетті, өзгерістерге бейім болуы тиіс екенін еске салды. Міне, білім берудегі жаңғырудың идеясы да, нәтижесі де осы.

Мемлекет басшысы үштілділіктің жастарымыз үшін маңызды екенін үнемі айтып келеді. Қазір елімізде осы мәселені іске асыратын «Үш тіл бірлігі» атты жоба да жүзеге асырыла бастады. 2020 жылға дейінгі кезеңде үш тіл білетін мұғалімдерді дайындау науқаны екі жылдан бері барлық аймақта жүргізілуде. Ал енді соның нәтижесі, жасыратыны жоқ, көңіл көншітпей отыр. Мұғалімдерді үш айлық курста жаратылыстану-математика пәндері бойынша ағылшын тілінде сабақ беруге дайындау мүмкін емес екендігі көрініп жатыр.

Шындығына келсек, курстық білімі бар ұстазға өз ойын ағылшын тілінде еркін жеткізу оңай дүние емес. Ал бұл пәндердің болашақ тұлғаны дайындаудағы маңызы зор. Олар оқушы көзқарастарының толығып, ақыл-ойының дамуына теңдессіз ықпал етеді. Бүкіл әлем мойындаған ағылшын тілін білу керек екенін толық құптаймыз, қолдаймыз. Бірақ оны іске асырудың басқа да жолдары бар екені ескерілсе екен.
Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасында, сондай-ақ биылғы Жолдауында туған жерді танып-білудің өзі идеологиялық негіз екенін ескертті. Соған қарамастан жаңа білім мазмұны кестесінде 2018 жылдан бастап Қазақстан географиясы пән ретінде көрініс таппай тұрғаны алаңдатады. Меніңше, «Отан – отбасынан басталады» дегенді ұмытпауымыз керек. Оқушы, ең алдымен, Отаны – туған жерін, республиканың географиясын тыңғылықты білуі керек. Жаңа білім мазмұнын түзушілер білім жоспарын әлі де болса қайта қарайды деп үміттенемін.

– Оқушыларға демалыс күндері тапсырма берілмеуі керек дегенге қалай қарайсыз, бұл дұрыс па?
– Білім реформасының әрбір арнасы әлдебіреудің ойдан шығарып қосқаны емес, қоғам және мүшелері үшін өзекті қажеттіліктен туындайды. Жаңартылған білім беру мазмұны оқушыларға демалыс күндеріне қарай оқу жүктемелерін міндеттеуді азайтуға бағытталып отырғаны рас. Өйткені қазіргі білім берудің мұраты – неғұрлым көп ақпаратты бала миына жинай беру емес, оның тұлға ретінде дамуына арқау болып, денсаулығына қамқор болу мақсатында емін-еркін демалуына, әлеуметтенуіне, сауығуына мүмкіндік тудыру. Осылайша жан-жақты дамыған тұлға қалыптастыру көзделеді. Бір кездерде неміс данышпаны Кант: «Біздер мектеп үшін оқып өстік» деген өкінішін айтқан. Қазір де біз осыдан ұзай қойған жоқпыз.

– Мұғалім мәртебесін арттырудың жолдары қандай?
– Мен осыдан біраз жыл бұрын Алматы қаласының білім департаментінің нұсқауымен ресми сапармен жіберілген делегацияға қосылып, Алматымен бауырлас қала саналатын Оңтүстік Корея елінің астанасына бардым. Мақсатымыз – мәдениет, білім салаларында тәжірибе алмасу. Сондағы бір байқағаным, бұл елде мұғалімдік қызметтің жүйесі де, талабы да өте күшті. Педагогикалық университетке кім болса соны қабылдай салмайды. Әбден алдын ала сұрыптау конкурстарының бірнеше сатыларынан өткен, аса білімді, қабілетті, сөз мәдениетін, сөйлеу шешендігін білетін, өнерлі, шығармашыл, көркем мінезді, тартымды жастар ғана оқуға алынады екен. Олар университетті бітіре салысымен диплом алып, мектепке жұмысқа жіберілмейді. Мұнда да бірнеше қатаң сатыдан өтіп, сынақтан сүрінбеген жарамдылары ғана мектепке жіберіледі. Мұғалімдердің жалақысы өте жоғары, олар сапалы білім беруден басқа, тұрмыс проблемаларынан азат деуге толық болады.
Мұғалімдер жағдайы Финляндия елінде де көңіл аударарлық. Ол енді өз алдына бөлек әңгіме. Дегенмен, бұл – ғасырларға созылған ізденістердің нәтижесі екенін айту керек. Иә, ондай деңгейге жету үшін көп уақыт керек. Өздері де солай дейді.
Біздің ел болып еңсемізді түзегеніміз кеше ғана. Бірақ солай екен деп қамсыз отырған жоқпыз. Құқықтық-нормативтік, мазмұндық, оқу-әдістемелік, электрондық-ақпараттық, материалдық-техникалық жағынан мектептерді қамтамасыз ету үдерісі ұдайы жүргізіліп келеді. Мектеп мұғалімдерін дайындауда да, біліктіліктерін арттыруда да ізденістер жасалып, жаңаруда. Соңғы жылдардағы «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы, Назарбаев зияткерлік мектептері, республикалық Жаңа технологиялық орталық, шын мәнінде, жаңа рельсте, жаңа қарқында, жаңа бағытта мұғалімдердің біліктілігін арттырудың үздік лабораториялары мен орталықтарына айналуда. Мектеп мұғалімдерінің жалақысы да жыл сайын біртіндеп артып келе жатқанына өзім куәгермін.
Біздегі оқушылардың жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда орта есеппен үштен бір еседен көп екенін ескеріп, оны төмендетуді тапсырғаны үшін Елбасыға мың алғыс. Бұл көптен бері көтеріп жүрсе де, жүзеге асыру қиын болып жүрген шаруа еді.
Сонымен бірге Жолдауда мұғалім біліктілігін заман талабына сай көтерудің жолдары мен міндеттері де белгіленген. Бұл ұстаз еңбекақысының бұдан әрі де өсе беруінің кепілі екенін Елбасы ашық айтты. Енді оны орындау міндеті тұр. Қазір 1, 2, 5, 7-сыныптарға жаңа білім мазмұны бойынша сабақ беретіндердің жалақысы 30 пайызға артады. Меніңше, Елбасы нұсқауы аясында Білім және ғылым министрлігі 30 пайызға арттырумен мұғалімдерді түгел қамту жағын ескерсе, ал жаңа білім мазмұнындағы біліктілік санатындағы ерекшеліктерді үстеме ретінде көтермелесе, дұрыс болар деп ойлаймын.

– Сауатсыз жазатын ұрпақ өсіп келе жатыр, көпке топырақ шашпаймыз, әрине. Бұл реформашылдықтың әсері емес пе?
– Өз басым сауатсыз ұрпақ өсіп келе жатыр деп айта алмаймын. Ұялы телефон, компьютер, электрондық құралдар, интернет тағы басқа сол сияқты заман жаңалықтары жастарды қызықтырып, өзіне тартып жатқаны рас. Бұл да жаңа құбылыс болғандықтан, назар соған көбірек ауады. Алайда уақыт өте ол да ретіне келеді. Мысалы, Франция, АҚШ сияқты дамыған елдерде қауым электрондық шыңға шыққан соң, оның теріс ықпалдарынан арыла бастаған: электрондық құралдармен жұмыс мәдениетін меңгеру, қағаз кітаптарына қайта бет бұру, тағы басқа. Бізде де солай болатыны анық. Осы ретте бір-екі ой қосқым келеді.
Еліміздің болашағына жауапты, заманға лайық жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеп, қалыптастыратын білім жүйесіне үздіксіз жүріп жатқан жаңартулардың көңілге алаң салатын жайлары да аз емес. Әсіресе ана тілі ретінде оқытылатын қазақ тілі, тұлғаның ұлттық рухын тәрбиелейтін әдебиет, тарих, география сынды пәндердің бүгінгі білім мазмұны қандай, олар саналы ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған ба деген сұрақтар педагог ретінде өзімізді толғандырады. Бұл сауал қай ортада болсақ та бізге жиі қойылып жатады. Осыған байланысты бір мысал айтсам, артық болмас. Өзім бұл пәннің маманы болмасам да, қазақ тілі біліміне ерекше мән беремін. 5-сыныптан бастап оқушыларға қазақ тілінің заңдылықтарын, оның грамматикалық жүйесін оқыту арқылы өз ана тілін үйрететін еді. Ал қазіргі 5-сыныпқа арналған жаңа білім мазмұнындағы қазақ тілі оқулығында тіл білімі жоқ, оның орнына «Аспан әлемінің құпиялары», «Қиял әлемі», «Су – тіршілік көзі», «Жан-жануарлар мен өсімдіктер» деген сияқты танымдық тақырыптар берілген. Сонда бұл пәннің өзіне тән білім мазмұны қайда қалды? Жасыратыны жоқ, білім беру жүйесінің түпкі нәтижесі ҰБТ арқылы анықталатындықтан, қазақ тілі мұғалімдері түлектерге грамматиканы оқытуға мәжбүр. Сондықтан да мектепте оқушылардың қазақ тілінің ғылыми жүйесін тиянақты түсінуіне қажетті білім болуы керек. Білім берілмесе, жалпы түсініктер шашырап, жүйелілігінен ажырайды. Сондықтан білім беру жүйесінде, әсіресе мектепте, өзімізде қалыптасқан ізгі дәстүрлерімізді сақтай отырып, әлемдегі жаңашылдықтарды дұрыс кіріктіре білуіміз керек деп ойлаймын.

– Ұстаздық, басшылық еңбек жолыңызда көкейге түйгеніңізді айтсаңыз, білім беруді жетілдіруге әлі қандай қадамдар жасалу керек?
– Мен Жамбыл облысының тауы мұнартқан, Билікөлі көңіл шалқытқан, жеміс-жидегі төгілген, қауын-қарбызы мол ертегідегідей өңірде туып-өстім. Осында мектеп бітіріп, алғашқы мұғалімдік жұмысымды бастадым. Сондағы ұстазым, мектеп директоры, бүкіл аймақта беделді, мәртебелі педагог Сайлаухан Слямханов ағай тұлға ретінде ерекше адам еді. Сол директордың қоластында тәрбиеші, математика мұғалімі, директордың орынбасары қызметтерін атқардым. Шындығында, бұл кезең менің болашағымды анықтаған нағыз өмір университеті еді. Сайлаухан ағай қызметкерлерінің, шәкірттерінің үнемі көңілдерін өсіріп, өздеріне сенімді болуға үйретіп, жолға салып, көтермелеп жүретін. Сондағы жинаған тәжірибе менің өмірлік қазынам болды десем, артық емес. Ол кейін бір мектепке үздіксіз 25 жыл басшылық еткен шағымда негізгі рухани тірегіме, 45 жыл оқушыларға математикадан сабақ бергенімде басты оқу-әдістемелік құралыма айналды.
Осы жерде азырақ шегініс жасасам деймін. Өзім ширек ғасырдай еңбек сіңірген Алматы қаласындағы №159 мектепті ашу бастапқыда өте қиын соқты. Ол кезде бүкіл Алматыда 3-4 қана қазақ мектебі болды. Сол тұстағы көрнекті қазақ зиялылары, әдебиетші, ірі ғалым Рахманқұл Бердібаев, белгілі режиссер Асқар Тоқпанов, жазушы Жүніс Ыбырай, Тоқтар Абайділдаев, т.б. қайраткерлер күні-түні жоғары жақтың табалдырығын тоздырып жүріп, 1991 жылы тамыз айында ашқызған еді. Бұл – тәуелсіздігімізге қол жеткізген жыл. Міне, сол бейнет текке кеткен жоқ. Тәуелсіздіктің құрдасындай болған Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 мектеп 2001 және 2011 жылы республикамызда екі дүркін «Ең таңдаулы мектеп» конкурсының жеңімпазы болды. 2008 жылы осы мектептің оқу-тәрбие жұмысының бағасы ретінде директоры болып жүрген маған Қазақстанның Еңбек Ері атағын, «Алтын Жұлдыз» бен «Отан» орденін берді. 2006 жылы және 2016 жылы мектебіміз Алматы қаласы бойынша ең үздік мектеп деп танылды. Бұлар республика, қалалық деңгейдегі мәртебеміз болса, күнделікті табыстарымыз, оқушыларымыздың, мұғалімдеріміздің еңбек жетістіктері ұшан-теңіз еді.

Қысқа-нұсқа

– Өмірлік ұстанымыңыз қандай? Жалпы ұстаным адамда қалай қалыптасады?
– Мемлекеттік мүдде, тұлғалық мүдде дегендер әдемі үйлесіп жатуы тиіс кім-кімнің де бойында. Бұлардың негізіне ұлттық мүдделер жатады. Осы үшеуінің біртұтастығын сақтап, нығайту – нағыз азаматтық ұстаным. Ұстаным деген – осы құндылықтар иегерінің сол құндылықтарды сақтауға, олардың талаптарын, нормаларын, заңдылықтарын орындауға тырысуы, ұмтылысы, адалдығы. Қандай ұстаным болса да, келісім, толеранттық, төзімділік сияқты құндылықтар аясында көрініс беруі – олардың өміршеңдігінің шарты болмақ.
– Арманыңызға жеттіңіз бе?
– Арман – жария ете беруге болмайтын ішкі сыр ғой. Оны айқайлап айтуды дұрыс көрмеймін. Өзіңді-өзің дұрыс ұстап, отбасы, Отан алдында, әлеуметтік ортада мәртебеңді сақтай алсаң, қалғаны еңбекпен, ұмтылыспен келеді емес пе?!
– Туған жерге жиі келіп тұрасыз ба?
– Әрине, елге келіп тұрамын. Жерлестерім ұмытпай, елдегі айтулы шаралардан қалдырмай, үнемі хабарласып, арнайы шақырып тұрады, ризамын. Бауырларым туған жеріне үлкен мешіт салып берді. Қазірше оның күтімін жасап, қарасып тұру – біздің мойнымызда. Өзіміз оқыған мектепке, балабақшаға барамын. Алтын ұя мектебімізге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оқу-әдістемелік жабдықтар сыйладық. Мектептегі 50 жылдық (2016 жылы) кездесуге, 2017 жылы өзімнің сүйікті институтымның ашылғанына 50 жыл толған мерекесіне қатыстым. Тараз педагогикалық институтының ректоры Дария Қожамжарованың басшылық іскерлігін көріп, көңілім толды. Енді биыл Жуалының аудан болып құрылғанына 80 жыл толғалы отырған мерекесінде жерлестеріммен қауышуға жазсын деймін.
– Жастарға айтарыңыз?
– Ең біріншіден ұлттық намыс-қасиетің түгел болсын деймін. Сол үшін талмай білім алып, қажымай еңбек ету керек. Тәуелсіздікке, бейбіт қоғамға қызмет етуден асқан береке жоқ. Тәуелсіздіктің қадірін біліп қана қоймай, соның мәңгілік болуына еңбек етіп, жемісі мен жеңісін көретін азаматтар өсіп келеді деп сенемін.
– Алған марапаттарыңыз өте салмақты, жауап­кершілігі тым ауыр емес пе?
– Мен мемлекеттен марапат алған болсам – ол қасымдағы ұжымдастарыма, бүкіл елдегі мұғалім қауымына берілген баға деп ұғынамын. Ал енді марапаттың қуанышынан жауапкершілігі артық дер едім. Марапатқа дейінгі еңбектен марапаттан кейінгі еңбек еселеп артып тұруы керек.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Камила БОРАШОВА,
журналист

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support