- Advertisement -

Головкин – Альварес

114

- Advertisement -

Екінші жекпе-жекте кім жеңеді?

WBC, IBF, WBA (super), IBO тұжырымдары бойынша орта салмақ дәрежесінде әлем чемпионы Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес арасындағы екінші жекпе-жек бесінше мамырда (біздің уақытпен алтыншы мамыр) өтетін болып шешілді.
Әлем күткен алапат айқастың бірінші сериясы өткен жылы тең нәтижемен аяқталған болатын. Аталмыш жекпе-жек тәмамдалған соң кәсіпқой бокстың жілігін шағып, майын ішкен майталман мамандар қазақстандық боксшының жеңісін төрешілер бұрып жібергенін сөз етіп, қос саңлақ арасындағы екінші шайқасты көруге ниетті екендіктерін білдірген-ді. Тіпті, төреші Аделайда Бердтің басымдықты 118-110 есебімен Альварестің еншісіне жазғаны көпшіліктің наразылығын да тудырған еді.
Шаршы алаңда талай мықтымен жұдырықтасқан Сауль Альварес тек кіші Флойд Мейвезерге ғана есе жібергені мәлім. Сондай-ақ Альварес ақылы көрсетілімнің (ppv) қазіргі таңда басты жұлдызы саналады.
Екінші жекпе-жектің өтетіні туралы ресми ақпарат таралған сәтте-ақ екі боксшы ойларын білдіріп үлгерді. Алдымен мексикалық былғары қолғап шебері сөз алып: «Мен бұл айқастың өтетіндігіне шын ниетіммен қуаныштымын. Бүкіл бокс жанкүйерлері Головкин екеуміздің шаршы алаңға шыққанымызды қалады. Осы кездесу ең үздік шайқас болады деген үміттемін. Енді Геннадий төрешілер туралы теріс пікір айтып, ақтала алмайды. Өйткені мен оны мерзімінен бұрын жеңуге бел буып отырмын», – деді. Қарсыласының пікірін білген соң кезек қазақстандық боксшыға тиді. «Мен Альвареспен қайта жұдырықтасуға дайынмын. Алғашқы айқаста төрешілердің шешіміне риза болмағаным анық. Десе де енді бәрі өзгеше болады. Шаршы алаңда бір чемпион қалады. Ол мен», – деді Гена өз ойымен бөлісіп.
Жылдың ең кассалық шайқасында салмақ дәрежесіне қарамастан әлем үздігі анықталады деп күтілуде. Головкин осы жекпе-жекте өзіне тиесілі белбеулердің бәрін сарапқа салса, Альварес орта салмақтағы «The ring» журналының белбеуін бәске тігеді. Жаһан күткен кездесу туралы алдағы уақытта толығырақ жазатын боламыз.

Әзиза Әзімбекқызы,
ТарМУ-дың студенті

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support