- Advertisement -

Бағдарламаның орындалуы – бақылауда

186

- Advertisement -

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының өңірімізде жүзеге асырылу барысы туралы партиялық тыңдау өтті. Оған партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша «Жоғары технологияларды дамыту» бағыты жөніндегі комиссияның мүшелері, Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, бөлім басшылары, бірқатар басқарма қызметкерлері, шағын және орта бизнес өкілдері, сондай-ақ агронесиелік құрылымдардың басшылары қатысты.
Жиынды партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орын-басары Мұратхан Шүкеев жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде бұған дейінгі партиялық тыңдауларда білім, денсаулық, ауыл шаруашылығы, мемлекеттік қызмет көрсету, жұмыспен қамту, индустриалды даму бағыттары бойынша бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың облыста жүзеге асырылу барысы жан-жақты қаралып, талқыланып, құзырлы органдарға тиісінше ұсыныстар берілгенін атап өтті.
«Нұр Отан» партиясының 2016-2020 жылдарға арналған «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Жоғары технологияларды дамыту» бағыты бойынша комиссия мүшелерінен құрылған жұмысшы тобы Жуалы мен Шу аудандарында болып, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының жүзеге асырылу жұмыстарына зерделеу жүргізген екен. Оның нәтижесін жиында аталған комиссияның үйлестірушісі, облыстық мәслихаттың депутаты Абылай Сансызбай таныстырды.
Бұдан әрі күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Жандәулет Кенжебеков баяндама жасады. Ол бағдарламаның «Пайыздық ставканы субсидиялау» тетігі бойынша 82,0 миллиард теңгені құрайтын 841 субсидиялау келісімшарттары жасалғанын, «Банк кредиттері бойынша кепілдік беру» құралы бойынша, жалпы кредиттік портфель 3362,3 миллион теңгені құрайтын 284 келісімшарт жасалып, оның ішінде 262 жоба субсидиялау арқылы қолдау тауып, 22-сі тек қана кепілдік алғанын, мемлекеттік гранттар беру бойынша 140,3 миллион теңгеге 50 кәсіпкерге грант берілгенін, өндірістік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағыты бойынша 11,4 миллиард теңгені құрайтын 83 жоба жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Бағдарламаға екінші деңгейдегі 12 банк және 4 лизинг компаниялары қатысып келеді екен.
Жиында Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Әбдікерім Үркімбаевтың, Шу ауданы әкімінің орынбасары Әлихан Балқыбековтің баяндамалары тыңдалып, олар да комиссия мүшелері қойған көптеген мәселелер төңірегіндегі сұрақтарға тосылып қалды. Сондай-ақ М.Шүкеевтің «Бизнес саласы бойынша Мойынқұм ауданының көрсеткіші неліктен үнемі төмен болады?» деген сауалына аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Қалымбетов ауданның шалғайда орналасуы мен ІІ деңгейлі банктердің бірде-бір филиалының жоқтығын алға тартып жауап берді.
Партиялық тыңдауды қорытын-дылаған Мұратхан Жүнісәліұлы: «Бүгінгі ұсыныстар алдағы уақытта жоспарға енгізіліп, нәтижелі жұмыстар атқарылып, қатаң бақылауға алынуы тиіс», – деп атап өтті.

Қарлығаш ЕСБЕРГЕНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support