- Advertisement -

Білімге басымдық беріледі

120

- Advertisement -

«Әр құжыраның өз шырағы бар» деген рас екен. Қанмен жазылған тарихымызды тағы бір еске алайық. Сұрапыл соғыстар, саяси қуғын-сүргін, ашаршылық, Желтоқсан оқиғасы, тәуелсіздік табалдырығындағы қиындықтар… Тізе берсең таусылмайды. Әбіш Кекілбаев ағамыздың бір сөзі бар еді ғой: «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды», – деген. Үлкен еңбекпен, табанды күреспен келген қастерлі тәуелсіздікті өз дәрежесінде бағалай алғанның, туған елге туымызды тіге білгеннің, байтақ жеріміздің, терең тарихымыз бен бай әдебиетіміздің арқасында әйгілі елдер қатарын толықтырып тұрмыз. Бай бодан болғаннан, тәуелсіз кедей болғанның артықтығына көзіміз толық жеткен заман. Кешегі кеңестік кезеңді мына біздер, алдыңғы буын, сағат сайын секем алып айтып отыратынбыз. Өткенге тас атудан аулақпын. Менің тілге тиек еткім келіп отырған мәселем бүгінгі мен ертеңгі болашағымыз болмақ. Күні кеше Елбасымыз
Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында өзінің халыққа Жолдауын жариялады. Елбасымыздың мемлекеттің дамуына байланысты жоспарлары, жобалары, үндеулері, бағдарламалары өз жемісін беріп келеді.
Биылғы Жолдаудағы ерекшелік білімге айрықша назар аударылғандығында болды деп есептеймін. Елдің болашағы жастардың қолында деп жиі айтамыз. Сол жастардың сауат ашу ордасы да, достар табатын мекені де, түрлі салаға қызығушылығы артып, білім бәйгесінде сыналар шағы да осы мектеп қабырғасынан бастау алады. Сол себепті де ұстаз бен оқушының, оқушы мен мемлекет арасында көзге көрінбейтін алтын жіп бар. Жолдауда білім саласының барлық сатылары нақты тізбектеліп айқындалған. Орта мектептен бастап колледж, ЖОО үздік мұғалімдерінің бейнесабақтары мен бейнереакцияларын интернетке орналастыру керектігін мәлімдеді. Еліміздің даласы мен қаласындағы ұстаздар қауымы үшін бұл үрдіс таптырмас көмекші құрал болар еді. Сонымен қатар оқытушылар легі осындай тәсіл арқылы бір-бірімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады деп ойлаймын. Біздер, яғни ұстаздар үшін жағымды жаңалық 30 пайыздан 50 пайызға дейін мұғалімдердің біліктілігіне байланысты жалақы мөлшерінің өсетіндігі болды.
Сонымен қатар Жолдауда ұлттық және әлеуметтік мәселелер де айтылды. Бастысы, барлық саланы жаңа бағытта дамытып, жаңа технологиялармен толықтырып отыру керектігін айқындап берді. Өйткені бүгінгі таңда бүкіл әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, техника мен технологияның тереңінен дамып, цифрлық жүйенің кеңінен етек алған кезеңіне қадам басуда. Дамыған елдер қатарына қосылу үшін де көштен қалмау керек-ақ. Әлем елдері Қазақстанды боксшы Г.Головкинмен, бұлбұл үнді Д. Құдайбергенмен, аты алты құрлық асқан ЭКСПО – 2017 көрмесімен, қазба байлығымен таниды. Енді елімізді саясатының биіктігімен, жастарының білімділігімен, ғылыми жетістіктерімен білетін болады деп сенеміз. Мемлекет басшысы: «Көл-көсір мұнайдың дәуірі аяқталып келеді. Елімізге дамудың жаңа сапасы қажет. Жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін Қазақстанда қажетті нәрсенің бәрі бар екеніне сенімдімін!» – деді. Енді дамудың жаңа үлгісіне көшуіміз керек.
Біздің бойымызда арғы бабаларымыздың қаны тулап жатыр. Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың салиқалы саясаты біздің елді дамудың даңғыл жолына түсірді. Тек ұлт болып ұйысып, бірлік барда тірлік барын естен шығармайық.

Айгүл Ертаева,
Р. Смаилов атындағы орта мектеп директоры

Т.Рысқұлов ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support