- Advertisement -

Тұңғыш рет…

123

- Advertisement -

Жуалыда балғын шаңғышылар сынға түсті

Ақшұнақ аязы бет қаритын Жуалы жерінде қысқы спорт түрлерімен айналысатын мүмкіндік жеткілікті. Әсіресе, бұл аймақта шаңғы, коньки тебуге таптырмас орындар баршылық. Мұнда Алматыдағыдай Медеу мұз айдыны сияқты орын болмағанымен, спортпен айналысамын деген бұқара үшін ыңғайлы жерлер бар. Мәселен, ауданға кіреберістегі «Мәңгілік Ел» аллеясы.
Аудан әкімі Бақтияр Көпбосыновтың тікелей бастамасымен салынып жатқан аталған аллеяда жуырда шаңғы тебуге арналған арнайы алаңша ашылды. Шараның ашылу салтанатында Бақтияр Бейсембайұлы: «Құрметті жуалылықтар! Бүгін біз үшін ерекше күн. Өйткені, шаңғы тебуге арналған алаңша ашпақпыз. Болашақта бұл жерде аудандағы осы спортқа икемі бар жасөспірімдер келіп дайындалатын болады. Бір сөзбен айтқанда, біз еліміздің қысқы спорт түрлерінің дамуына өз үлесімізді қосамыз. Сонымен қатар, келешекте мұнда коньки тебуге арналған орын ашылмақ. Бүгінде қажетті шаралар қабылданып, жұмыстарды қолға алып жатырмыз. Баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық тілеймін», – деді.
Айта кету керек, «Білім және тәрбие» кіші бағдарламасы аясында «Отаным – тағдырым» бағыты бойынша 2 жоба жүзеге асырылмақ. «Саламатты өмір – ұлт болашағы» атты спорттық секцияларын білім ошақтарында ашуды көздейтін бірінші жобаның басты мақсаты
– оқушылардың бос уақыттарын тиімді пайдалана отырып, саламатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал ету, сондай-ақ оңтүстік өңірде кенжелеп қалған шаңғы және коньки спортын дамыту. Ағымдағы жылы аталған жобаға қатысқан оқушылардың саны 130 болса, бөлінген қаражат – 2,2 миллион теңге. Бөлінген қаражат есебінен биыл 150 шаңғы мен 125 коньки алыныпты.
Ал жуалылық жұртшылыққа қуаныш сыйлаған осынау шара барысында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарас Мұратайұлы бұл игі істің жастарға берер пайдасына тоқталып, өздерінің жылы лебіздерін білдірді.
Бұдан кейін жиналған көпшілік шаңғы тебуден мектеп оқушыларының арасында өткен жарысты тамашалады. Ең алғаш рет шаңғы таяғын қолға алып отырған қатысушылардың тартысты өнері көпшілікті риза етті. Жеңіс жолында жанкештілік танытқан жас өрендердің ынтасын көргенде еріксіз риза болдық. Жас шаңғышылар арасындағы сайыста Дамир Абдрахманның (Герцен орта мектебінің оқушысы) мерейі үстем болды. Жүлделі екінші орын А.Байтұрсынов атындағы №13 орта мектептің оқушысы Нұрдәулет Әміреге бұйырса, Самат Асқар (Мыңбұлақ орта мектебі) үздік үштікті түйіндеді.

Есен САҒЫНАЙҰЛЫ,
журналист.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support