- Advertisement -

«Жол картасына» енгізілді

117

- Advertisement -

Облыс аумағында 117 су қоймасы мен су бөгеттері орналасқан. Олардың 5-і республикалық, 7-еуі жеке, 105-і коммуналдық меншікте. Оның ішінде 73-і – «Жамбыл су қоймалары» мекемесінің теңгерімінде, қалған 32-сі аудандық коммуналдық меншікте.
Ағымдағы жылы облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес облыстық комиссия құрылып, барлық су қоймалары мен гидротехникалық құрылымдардың жай-күйі арнайы зерделенді. Осы жұмыстардың нәтижесінде жалпы сомасы 8,272 миллиард теңгені құрайтын 80 нысан «2017-2020 жылдарға арналған тасқын су қаупін жою және алдын алу шаралары кешені» «жол картасына» енгізілді. Оның ішінде облыстың елді мекендерін топан судан сақтау және еріген қар суынан болатын тасқын қаупінің алдын алу мақсатында жалпы сомасы 7,8 миллиард теңгені құрайтын 33 нысан бар. Іс-шара жоспарына сәйкес жергілікті бюджеттен бөлінген барлығы 66,9 миллион теңгеге іске асырылуы биылға белгіленген 8 нысан бойынша жұмыстар толығымен аяқталды. Қалған нысандар бойынша жұмыстар жоспарға сәйкес 2018-2020 жылдары жалғасады, келер жылы 267,7 миллион теңгеге 20 нысанда жүргізіледі.
Ал 16 нысан бойынша жергілікті бюджеттерден қаржы 2018 жылға жоспарлануда. «Жол картасына» республикалық бюджет есебінен енген «Талас өзені жағалауларын нығайту және арнасын тереңдету (Жамбыл ауданы Жасөркен ауылынан – Тараз қаласынан Байзақ ауданы Түймекент ауылына және Жамбыл, Талас аудандарының елді мекендеріне дейін өзеннің 47 километр бөлігі)» жобасының жобалық-сметалық құжаттамалары мемлекеттік сараптамадан өтіп, республикалық бюджеттен жалпы сомасы 3,4 миллиард теңге қаржы бөлуге Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолданды.
Сонымен қатар, «Жол картасына» жалпы сомасы 473,1 миллион теңгені құрайтын тасқын суларды жинақтау, сақтау және тарату бойынша 47 нысан енгізілген. Оның ішінде 2017 жылға бірінші кезеңге жалпы құны 257,9 миллион теңгеге 23 нысанның жөндеу жұмыстары белгіленген. Бүгінгі күнге 20 су қоймасында ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалған 3 су қоймасындағы жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін ақталады.
«Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы аясында 7,4 миллиард теңгеге жалпы сыйымдылығы 59,0 миллион текше метрді құрайтын Қордай ауданындағы Ырғайты өзенінде «Ырғайты», Қалғұтты өзенінде «Қалғұтты», Шу ауданындағы Үңгірлі өзенінде «Үңгірлі», Байзақ ауданындағы Талас өзенінде «Ақмола» су қоймаларын салу жоспарлануда.
Бүгінде жерге орналастыру жобалары алынып, мемлекеттік жер актілері дайындалды. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалы тарапынан техника-экономикалық негіздемелерін әзірлеу жұмыстары басталды. Жаңадан салынатын 4 су қоймасы пайдалануға берілсе, барлығы 59,0 миллион текше метр тасқын суды қабылдауға мүмкіндік болады әрі облыстың суармалы жерінің көлемі 16,3 мың гектарға артады.
Бағдарлама шеңберінде жалпы сомасы 3,1 миллиард теңгеден астам қаржыға 4 жобаны гидротехникалық құрылыстарды салу мен қайта жөндеуден өткізу көзделген. Оның ішінде «Қордай ауданындағы «Қақпатас» магистральды каналының бас су құрылымы мен құрылысын жүргізу» жобасы бойынша жұмыстар аяқталуға жақын. Ал жұмыс істеп тұрған 3 су қоймасын қайта жөндеуге техникалық-экономикалық негіздеме дайындау 2018 жылға жоспарланған. Бұл тұрғыда «Қарақоңыз» су қоймасын қалпына келтіру, сыйымдылығын 8,5 миллион текше метрден 18,5 миллион текше метрге арттыру, Сарысу ауданындағы Шабақты өзеніндегі «Ынталы» су қоймасын қалпына келтіру, Шу ауданындағы «Тасөткел» су қоймасының сейсмотұрақтылығын көтерудің 2 кезеңінде сыйымдылығын 500 миллион текше метрден 620 миллион текше метрге арттыру жұмыстары көзделген.
Жоғарыда аталған бағдарламаға сәйкес жаңа гидротехникалық құрылыстарды салу мен қолда барларын қайта жөндеуден өткізуге республикалық бюджеттен барлығы 10,5 миллиард теңге қарастырылған. Осы іс-шаралар нақты іске асырылса, қосымша 130,0 миллион текше метр тасқын суды қабылдауға мүмкіндік тумақ.

Серік ҚОЙБАҚОВ,
облыс әкімдігінің табиғи
ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу
басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support