- Advertisement -

ЖОБАЛЫҚ ОФИСТІҢ ИНТЕРАКТИВТІ КАБИНЕТТЕРІ

185

- Advertisement -

IMG_7344 IMG_7669Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың қатысуымен Достық үйінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Өңірлік жобалық офистің интерактивті кабинеттерінің таныстырылымы және «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпаздарымен кездесу өтті.

Өңірлік жобалық офиске арналған интерактивті, заманауи кабинеттердің тұсаукесер рәсімінде өңір басшысы бұл жобаның мақсатымен, жұмыс істеу тәртібімен толыққанды танысып шықты.
Кабинеттер бағдарламаның негізгі 4 бағыты, атап айтқанда, «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Атамекен» және «Ақпарат толқыны» атты тақырыптар бойынша жұмыс жасамақ. «Тәрбие және білім» кабинетінде «100 жаңа оқулық», латын әліпбиі және аталған бағытта өңірде жүзеге асырылатын жобалар туралы ақпараттар жинақталып, халықтың компьютерлік сауаттылығын арттыру және латын әліпбиін үйрету мақсатында арнайы компьютерлер орналастырылған.

Ал «Рухани қазына» кабинетінде өңірдің киелі жерлері, қазақстандық заманауи мәдениет, өңір табиғаты және аталған бағытта жүзеге асырылатын жобалар туралы ақпаратпен танысуға болады екен. «Атамекен» кабинетінде әлеуметтік бағдарламалар, ҮЕҰ, меценаттардың форумы, еріктілердің атқарып жатқан жұмыстары, интерактивті платформа, «Жомарт жүрек», «Асыл жандар» жобаларымен танысуға болса, «Ақпарат толқыны» кабинетінде бағдарламаны ақпараттық сүйемелдеу және «100 жаңа есім» жобаларымен таныса аласыз.

Ұйымдастырылған шараның екінші бөлімінде «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен кездесу өтті. Кездесуді облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ашып, кіріспе сөз сөйледі.
– Біздің мақсатымыз айқын, ол – дамыған 30 елдің қатарына кіру. Ал кезекті жаңғырудың жетістігі – рухани қатынастар басымдық алатын қоғамдық сананың деңгейіне байланысты екені белгілі. Сондықтан бүгінгі таңда рухани жаңғыру өзекті міндеттердің қатарында. Ел Президенті «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында бәсекеге қабілетті ұлт болып қалыптасудың кезекті қадамдарын белгілеп берді. «Сананы жаңғыртудың» мазмұнын негіздей отырып, жаңғырудың негізгі 6 бағытын айқындады. Мұның барлығы біз үшін өзекті және заман талаптары. Бүгінгі күні облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасын сапалы іске асыру бойынша пәрменді шаралар қабылданған. Өңірлік жобалық офиспен «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Атамекен» кіші бағдарламалар бойынша 73 жоба енгізілді. «Руханият» орталығы ашылып, 8 жаңа өлкетану бағыты жасалды, оған 34 мың оқушы мен студент тартылды. Барлық білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылы «Рухани жаңғыру» тақырыбымен басталды. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына облыстың 8 киелі орны анықталып, ұсынылды. Облыстың тарихы, мәдениеті мен киелі орындары туралы 11 сериялы деректі фильм түсірілді. «Жамбыл облысының өнері мен қол шеберлігінің энциклопедиясы» шығарылды. Ағымдағы жылы Бектөбе, Георгиевск, Тамды, Саудакент ортағасырлық қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Ақыртас қалашығының туристік инфрақұрылымы кеңейтілді. Осындай инфрақұрылым 6 нысанға жүргізілетін болады. Алдағы үш жылда 107 мәдениет нысандары жөнделіп, материалдық-техникалық базасы нығайтылады. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында азаматтық қоғам институттары белсенді тартылуда. Әр ауданда меценаттар клубы құрылуда. Өңір кәсіпкерлері өз бастамасымен 1,5 миллиард теңгенің әлеуметтік жобаларын ұсынбақ. Жалпы, «Туған жерге туыңды тік!» акциясы аясында 80-нен астам меценаттың тартылуымен 50-ге жуық жаңа нысанды ел игілігіне беру көзделуде. Бүгінгі күнге «Туған жерге тағзым» жобасы аясында кәсіпкерлермен барлығы 10 меморандумға қол қойылды. Осы жұмыстар жергілікті жерде жалғасын табуы тиіс. Бүгін тұсаукесері өткен Өңірлік жобалық офис осы жұмыстарды үйлестіру бойынша аудандар мен Тараз қаласы әкімдерімен бірлесіп нәтижелі жұмыстар көрсетеді деген сенімдемін, – деген өңір басшысы келесі кезекте «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында жеңімпаз атанған азаматтар жайлы сөз қозғады, – Еліміздің егемендігін қалыптастырған жылдары түрлі салаларда еңбегімен үлес қосқан тұлғалар аз емес. Ақылымен, қолымен, дарынымен елімізді дамытып, танытып жүрген азаматтардың көпшілігі қарапайым келеді. Ал «Қазақстандағы 100 жаңа есім» осындай жандардың тәуелсіз Қазақстанға танылуына жол ашты. Жоба өзінің батыры мен ақынын көрсеткісі келетін қалың жұртшылық тарапынан кең қолдау тапты. Әрбір облыстың, әрбір ауданның, тіпті әрбір ауылдың халқы жобаға қызығушылық танытты.
Бұл жобаға халық қалаған, аймақ қолдаған тұлғалар ұсынылды, жеңімпаздарды халықтың өзі таңдады. Жобаның бірегейлігі мен ерекшелігі де осында. Үміткерлерге ешқандай шектеу қойылмаған жобаға бір мыңнан астам адамның шынайы өмір тарихы жиналды. Бір жарым миллионға жуық дауыс берілді. Жалпыұлттық онлайн дауыс беру арқылы Қазақстан 102 жаңа есімді анықтады. Жобадан Жамбыл облысы да тыс қалған жоқ. Облыс бойынша 257 ұсыныс түсіп, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің бекіткен талаптарына сәйкес 86 өтініш іріктелді. Олардың он екісі республикалық кезеңге жолдама алып, оның ішінен 8-і таңдалып шықты. Облыстың мерейін асырған 8 жеңімпаз Тұңғыш Президент күні қарсаңында Елбасымен кездесіп қайтқан болатын. Жалпы, тізімге енгізілген жамбылдық 8 есімнің арқасында облысымыз республика көлемінде жоба жеңімпаздарының саны жағынан 3-орынды иеленді. Бұл – ынтымағы мен ырысы қатар жүретін жамбылдықтардың ортақ жеңісі. Облыс жұртшылығының өз жерлестеріне көрсеткен қолдауының жемісі деп түсінген абзал.
Келесі кезекте «Қазақстанның 100 жаңа есімі» тізіміне енгізілген жамбылдықтардың аттары аталып, құрмет көрсетілді. Олардың қатарында «Кирпичник» ЖШС-ның директоры, қоғам белсендісі Сембек Әбетайұлы Сейдазимов, Ш.Қажығалиев атындағы І республикалық дирижерлар конкурсының лауреаты, Астана қаласындағы Академиялық филармония симфониялық оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі Ерлан Әбдінәбиұлы Бақтыгерей, Орталық клиникалық ауруханасының нейрохирургі, бірінші санаттағы дәрігер Марат Аманғалиұлы Саршаев, кәсіпкер, «Бурный сүт компаниясы» ЖШС-ның директоры Әбдібек Үйкекбайұлы Пошкаев, полиция сержанты, «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсы облыстық кезеңінің жеңімпазы Ғалым Қазбекұлы Арыстанбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, еркін күрестен халықаралық біріншіліктердің бірнеше дүркін жеңімпазы, Азия чемпионы, Лондонда өткен 2012 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Ақжүрек Достықұлы Таңатаров, қазақстандық спортшы, жүзу бойынша халықаралық дәрежедегі Қазақстан Республикасының спорт шебері, Рио-де-Жанейрода өткен паралимпиялық жазғы ойындардың жеңімпазы Зүлфия Раухатқызы Ғабидуллина және «Қайрат» футбол командасы мен Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Бауыржан Ербосынұлы Исламхан бар.
Кездесуге Зүлфия Раухатқызы Ғабидуллина мен Бауыржан Ербосынұлы Исламхан белгілі себептермен қатыса алмады. Ал өзге жеңімпаздар өз тараптарынан жүрекжарды лебіздерін білдіріп, қолдау көрсеткен жандарға алғыстарын айтты.

Маржан РАҚАЙ,
«Ақ жол».

Суреттерді түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support