- Advertisement -

Математиктер марафоны

88

- Advertisement -

№54 орта мектепте өткен «Білімге жол» атты республикалық интеллектуалды марафонға қаладағы жалпы орта білім беретін 15 білім ошағының шәкірттері мен 2 балабақшаның бүлдіршіндері қатысты. Бұл – Білім және ғылым министрінің бала құқықтарын қорғау комитетінің қолдауымен «UCMAS Қазақстан» халықаралық ментальды арифметика балалар және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, «КАДУ» мектепке дейінгі мекемелердің қазақстандық және «Асыл бала» республикалық ассоциациясы бірлесе ұйымдастырып отырған шара. Алматы қаласынан бастау алған марафон жаз шыққанша еліміздің барлық өңірінде өткізілетін көрінеді. 

– Елімізде «UCMAS Қазақстан» халықаралық ментальды арифметика балалар орталығы осыдан 5 жыл бұрын ашылған болатын. Аталмыш орталықтың филиалы облысымызда 1 жыл бұрын ашылды. Біз 4 жастан 13 жасқа дейінгі балалардың қабілетін дамыту үшін жұмыс жүргізудеміз. Марафонға келсек, бұл шараға тек қана дарындылар ғана емес, мүмкіндігі шектеулі балалар мен мектепке дейінгі мекемелердің балғындары және жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып оқушылары қатыса алады. Мұндағы басты мақсат – бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық және ізденіс сипатындағы есептерді шығару қабілетін анықтау және оны дамыту, жетістік пен кемшілік және құрылымды қимылдау икемдерінің себептерін түсіну. Мәселен, бойында кемістігі бар балалар абакус есептеу құралын пайдалана отырып, есептеу құралын сипау арқылы саусағының ұшымен сезінеді. Ондағы тас моншақтармен жұмыс кезінде есептеуді тез үйренеді. Бұл процесс білім беру саласындағы таңдауды анағұрлым жеңілдетеді әрі кез-келген баланың бойындағы қабілетті мейлінше дамыта түсуге көмектеседі, – дейді «UCMAS Қазақстан» орталығының Тараз қаласындағы филиалының инструкторы Толқын Адеева.
Әр өңірде өткізілетін марафон жеңімпаздарын Білім және ғылым министрлігінің, Астана қаласының білім беру басқармасының, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталық өкілдері мен Мәскеу қаласының педагогтері және ата-аналар, ғалымдардан құралған қазылар алқасы анықтайды.
Тараз қалалық №7 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Жәмила Нәбиева сайысқа 1 және 2-сыныптың ең озат 10 оқушысын әкелгенін айтады.
– Бұл – балалар мен ұстаздар үшін маңызды шара. Балғындардың есеп шығару қабілетін дамытып қана қоймай, олардың үлкен додаларға қатысуына үлкен жол ашады. Сондай-ақ, ұстаздардың әр баланың қарым-қабілетін тануына да үлкен септігін тигізеді. Себебі, шәкірттердің өзіндік ерекшелігін танып, қабілетін біліммен ұштастырып, игілікке баулу – мұғалімдердің міндеті. Ал марафон бізге де баланы тануға көмектеседі. Біздің тобымыз мектептің абыройын асқақтатып, ұстаздар артқан сенімді ақтайды деген үміттемін, – дейді ол.
Марафонның қорытындысы Астана қаласында 1 маусым – Халықаралық балалардың құқын қорғау күні қарсаңында түйінделмек.

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support