- Advertisement -

ХХ ғасыр Гомері

1 997

- Advertisement -

2Өлеңге 

қойылған өр мүсін

Балаң күнімде, бастауыш сынып оқып жүргенімде анама ілесіп Тараз қаласына алғаш келгенім еміс-еміс болса да әлі есімнен шыға қойған жоқ. Бәлкім, ол менің қалаға алғаш келуім де емес шығар, бірақ есте қалғаны сол жолғы сапарым еді. Әйтпесе, облыс орталығынан жетпіс шақырым-ақ қашықтықта жатқан Тараз балалық ауылында асыр салып жүрген мен үшін алып, сән-салтанаты жарасқан шаһар еді де, оған келуім алып-ұшқан көңіліме қуаныш сыйлайтын теңдессіз тарту болатын. Сол жолы мен ауылыма «Жамбыл Жабаевпен таныстым, жүз жасаған алып ақынды өз көзіммен көрдім» деп риясыз көңілмен оралғанымды үйдегі үлкендер әлі күнге айтып отырады. Қалай болды дейсіз ғой…
Анам екеуміз тамыздың тамылжыған соңғы жайма шуақ күндерін ыңғайға алып, мектеп керек-жарағын түгендеуге нән шаһардың Төле би көшесінің бойындағы, орталық «Достық» алаңына таяу маңдағы базарға келген болатынбыз. Ойымда таңғалыстан өзге ештеңе жоқ мен көлік терезесінен оңды-солды барлап, қаланың биік ғимараттарын санағандай болып мәз-мейраммын. «Ұлым, базарға жеттік, көліктен түсейік» деген анама еріп сыртқа шықтым. Сонда ғой, Жамбыл атаммен «танысқаным». Айналма жолдың қақ ортасында қолындағы қасиетті домбырасымен, сұңғақ бойлы, ойлы көзбен нөпірге көз тастап тұрған халық ақынының ескерткішін мен құдды бір өзін көргендей әсермен қабылдадым. Анамнан ұзап жүгіріп қасына барып, ерекше сезімде тұрғанымды аңғартып, ғасыр жасаған абызға амандасып та қойдым.

«Балалар, аманбысың,
шырақтарым,
Майысып көлге біткен
құрақтарым.
Жүрмесем есендесіп тұра
алмаймын,
Ішінен асып кетсе бір аптаның», –

деп күбірлеп, жыр алыбының өз өлеңін өзіне қайталап оқып та қоям. Оның әр өлеңін мектептегі оқушы біткен таласып оқитынымыз есіме түсіп, Жамбыл ақынның өзін көргендей бал-бұл жайнап тұрғанымда, қаптаған арпалыстың ішінен анам мені жоғалтып алып, шарқ ұрып жүргенін ойға да алмаймын ғой. Ізімді бағып, анамның мені тапқаны сол екен, сұрақтың астына алып, тезірек барар жерімізге бағыт түзеуге асықтырғаны. Мен болсам, кітаптан суретін, өлеңдерін көретін абыз атаның батасын алмай кеткім жоқ… Содан, не керек, әйтеуір сол жолы ауылға «Жамбыл атамды көріп, сәлемдестім» деп марқая айтып бардым. Кейінірек мектепте бала қиялмен «Жамбыл атаммен жүздескенде…» деп шығарма да жаздым. Енді қарап отырсам, сонда расында ескерткішті жансыз деп ойламағандаймын. Бірақ, содан бері Жамбыл Жабаев шығармашылығына деген қызығушылығымның өрісі сәт сайын өсе берді. Кейінірек мектеп бітіріп, арман қуып қалаға келгелі алаңдағы баба мүсінін көрген сайын өзімнің бала шағымның сол бір естелігі көз алдыма келеді де тұрады. Бірде сол тұғыр түбінде абызға арнап жыр да жаздым… «Түсінгін, баба, бағаңды бермедік таспен, Өлеңге қойдық өр мүсін сұлбаңды қашап» деп келетін жүрекжарды арнауымның осы бір жолдары сол тұстан өткен сайын санамда жаңғырып тұрады. Ол мен үшін ғазал жүректің осынау ғапылдағы тұғыры іспетті әрқашан…

Таулар алыстаған сайын асқақтайды

Ол – ХХ ғасырдың Гомері. Ол – өмірімен де, шығармашылығымен де екі ғасырды молынан тұтастырып жатқан ұлы жырау, абыз ақын. Ақынның XX ғасырдың басына дейінгі шығармашылық өмірбаяны туралы деректер аз, өлеңнен аузы дамылдамаған кісінің ұшан-теңіз жыр-толғау, айтыстары да түгел сақталмаған. Әйтсе де, бала Жамбылдың дүмше молданы мысқылдап шығарған «Шағым», ақындық жолына рұқсат сұраған «Әкеме», «Менің пірім – Сүйінбай» деген өлеңдері, бозбала кезінің мұңды да шуақты көркем жыры – «Айкүміспен айтысы», сылқым бойжеткен Кәмшат сұлуға шығарған құрбылық наз өлеңі сияқты дүниелер сақталған. Одан бертіндегі Жетісуды, Қаратау, Сыр өңірін өнеріне тәнті еткен, қырғыздың шалқар «Манасын», Шығыстың әйгілі қиссаларын жырлаған ақын мұрасынан біршамасының аты ғана белгілі. «Кедей күйі», «Пұшықтың ұрыға айтқаны», «Әділдік керек халыққа», «Кәрібайдың төбеті», «Жылқышы», «Мәңке болыс» тәрізді тегеурінді де өжет ақындық мінезден, халықтық даналықтан туған өлеңдері, әйгілі Құлмамбет, Сарбас, Нұрмағанбет, басқа да ақындармен айтысы, Өтеген, Сұраншы батырлар туралы ұзақ дастандары – даңқты шайырдың төңкеріске дейінгі шығармашылығынан сақталған қомақты бай мұрасы. Осылардың өзінен-ақ Жамбылдың халықтың ақындық қазынасын жете, зерделей меңгеріп, жаңғырта, жаңарта дамытқан, өмір-тіршілік даналығын көкірегіне тоқыған, елдің арғы-бергі тарихын әділдік, шындық сөзін ешкімнен де тайсалмай айтатын, өлеңі тау өзеніндей тасқынды үлкен дарын иесі екенін аңғарамыз. Оған ешкім де шәк келтіре қоймас.
Өзінің кең тынысты өлеңдерімен, қазақ халқының сан ғасырлық тарихын бейнелейтін толғау-жырларымен алаш жұртын әлемге әйгілеген алып ақын тірлігінде-ақ танылды. Қазақ сөз өнерінің Абайдан кейінгі ұстазы саналатын Мұхтар Әуезов Жамбыл Жабаев туралы толғай келіп: «Жамбыл – ақыл-ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен аса зор құбылыс. Оның бір өзі әрі эпик ақын, әрі айтыс ақыны, әрі азаматтық әуеннің де ақыны» дейтіні тегін емес.
Ғасырға жуық ғұмыр кешіп, соңындағы ұрпағына өлшеусіз мол әдеби мұра қалдырып кеткен Жамбыл бабамыз бүгіндері де кейінгі толқынның қызығушылығын тудырып, үлкен зерттеулерге негіз болып келе жатыр. Осындайда «Таулар алыстаған сайын асқақтайды» деген тәмсілдің туралығына нана түсеміз. 1846 жылы 28 ақпанда Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген ақын, жырау, жыршы бабамыздың туған күнін жыл сайын атап өтуіміздің себебі де осында жатса керек. Жасынан анасы Ұлданның ақындық талантын бойына сіңірген, Жетісу ақындарының алтын діңгегі атанған Сүйінбайдың шәкірті өзіне дейінгі қазақ ауыз әдебиетінің бар құнарын қана ішіп, өзіндік үлгісін қалыптастыра білді. Ол табиғи талантымен киіз туырлықты, ағаш уықты қазақ халқын кешегі өткен Кеңестер одағына, одан қалса, бүкіл әлемге алғаш танытқан дара тұлға екені даусыз.

Жанғазы АХМЕТ, 
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support