- Advertisement -

Армандар орындалады…

109

- Advertisement -

Неге екенін білмеймін, кішкене кезімнен бастап ұшқыш болсам деп армандадым. Әйтеуір мені аспан әлемі қызықтыратын. Аспанға құштар болып өстім. Еліміздегі бүгінгі таңдағы «Боинг» алып ұшағын жүргізетін қазақтан шыққан жалғыз әйел ұшқыш Тоты Әмірова апайымыздай болсам дедім. Армандаған арманына жетеді екен.
Он екі жасымнан бастап «Тараз жастар авиация орталығы» қоғамдық бірлестігінде оқу-жаттығудан өттім. Оның директоры Анатолий Кисильдің басшылығымен өзімнің алғашқы парапландық ұшуым мен парашютпен секіруімді жүзеге асырдым. Кім-кімге де өзінің арманына жету жолындағы қиындықтардың ешбірі де қорқынышты емес.
Ал үлкен ұшақпен ұшуды меңгеруім бірден бола қойған жоқ. Ең бастысы, мектептен кейін Азаматтық авиация академиясына сол кездегі жалғыз ғана грант бойынша оқуға түстім және оны «авиация ұшқышы» мамандығы бойынша үздік бітіріп шықтым. Солай арманыма бір табан жақындай түстім. Осыдан жеті жыл бұрын мерзімдік басылымдар «Жамбылдық «Фортуна» авиакомпаниясында Әйгерім Молдашева есімді жаңа ұшқыш пайда болды. Жергілікті әуе желісінің тәжірибесінде ұшақтың штурвалына сыртқы кейпі топ-модель болуға лайықты 22 жасар қыз отырды» деп жарыса жазды. Шынында да, ол менің ұшақты басқару пультіне алғаш отыруым еді. Бүгінде мен «Эйр Астана» авиакомпаниясында «Боинг-757» және «Боинг-767» жолаушылар ұшақтарын жүргіземін, халықаралық деңгейдегі әуе қатынастарына да жиі шығып тұрамын. Өзімді тәуелсіз еліміздің арманына жеткен бақытты қыздарының бірімін деп есептеймін.
Өмірдегі ең басты құнды қасиет ол жауапкершілік деп есептеймін. Өзің үшін, өз тағдырың үшін, жақындарың үшін, Отаның үшін, өз ісің үшін жауапкершілік. Жастарға да тілерім осы. Олардың алдында үлкен мүмкіндіктер күтіп тұр. Өйткені, біздің еліміздің болашағы орасан зор. Барлықтарыңыздың отбасыларыңызға бақыт, қуаныш, жақсылық тілеймін! Армандарыңызға жетіңіздер!

Әйгерім Молдашева,
«Боинг» ұшағының екінші ұшқышы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support