- Advertisement -

Ата-бабалар ұлағаты ұлықтауға лайық

69

- Advertisement -

Мемлекет басшысының жоғарыда аталған мақаласында Ұлы Даланың жеті қырының ерекшеліктерін, әлемдік маңызын жіліктеп шағып, түсіндіріп беруі әсіресе жас ұрпақ тәрбиесі үшін өте-мөте қажет деп санаймыз. Қарышты даму жолына түскен еліміздің ертеңгі тұтқасын ұстар иесі – бүгінгі өскелең ұрпағымыздың тегін, тарихын түптеп танып, талабы өршіл, рухы асқақ, білімді де білікті, ұлтжанды азамат болып қалыптасуы бәрінен де маңызды. Елбасы мақаласы осыны түптеп түсіндіріп, ұғындыруымен де құнды. Әрі әрбір жасты, тіпті барша қазақстандықтарды алдағы уақытта асқақ арман-мақсат пен биік белестерді бағындыруға жігерлендіріп, рухани зор серпіліске де бастап тұр. Бағзы кездердегі, одан берідегі ұлттық құндылықтарымыздың қатары қазіргі кезеңдегі өмір сүру сипатындағы мол мүмкіндіктермен үйлесімді түрде толыға түсуі де тиіс.
Мен тарихшы да, әдебиетші де емеспін. Көзі ашық, көкірегі ояу оқырмандардың бірі ғанамын. Дегенмен Елбасы мақаласында айтылған мәселелерге байланысты ой, пікірлерімді білдіруден сырттап қала алмадым. Ең әуелі ата-бабаларымыздың атқа міну мәдениетін адамзат тарихында алғаш қалыптастыруы тұрғысында сөз сабақтайын. Ел Президенті бұл тұрғыда «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы Даладан тарағаны тарихтан белгілі. …Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты» деп атап көрсетті. Расында да халық даналығында «Ат – ер қанаты» деп жайдан-жай айтылмаған ғой. Қазақ пен қазанатты бөле-жара қарастыру тіпті мүмкін емес. Қазақтың тағдыры осы Қамбар ата түлігімен тікелей байланысты. Жылқыны алғаш қолға үйретіп, сүтін сауып, қымыз ашытуды меңгерген де қазақ. Жалпы қазақ атқа қысы-жазы мінеді ғой. Соған сай ықшам, жылы киіну салты, мәдениеті бар. Мысалы, қыста жаурап қалмас үшін шапан, тері шалбар, саптама етік (жай мата мен етік ат теріне, бүлкіліне аса шыдас бере қоймайды), бөрік, түлкітұмақ кигені мәлім. Ал ол кезде орыстар атқа ұзын көйлекке ұқсас кафтан киіп мінетін болған деп естиміз. Сол тұста Иван Грозный патшаның біздің бөркімізге ұқсас «монамах шапкісін» киюді «сәнге» айналдырғаны белгілі. Көп өтпей патшалы Ресейде бас киімнің осы түрінің сыртын асыл тастармен безендіріп, кию үлгісі орыстың бай-бағландарына да жұғысты болды. Ал қыз-келіншектердікі болмаса, ер адамдар бас киімдерін моншақпен безендіру біздің салтымызға жат. «Иван Васильевич мамандық ауыстырады» деген кинофильмдегі кейіпкердің киген шапаны мен шошақ бөркі де біздікіне ұқсас қой. Осындай киімді еуропалықтар да кезінде сәнге айналдырып, «дала аристократтарының киімі» деп те құрметтеген екен.
Осы орайда аталған мақалада айтылған «Ұлы Даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай техникалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған. Бұларды адамзат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келеді» деген ой да әбден құптауға тұрарлықтай. Мысалы, бүгінде Мәскеу музейінде «монғол-татарлар пайда болғанға дейінгі дін өкілдерінің киімі» деп әспеттелумен тұрған қазақтың бөркі, шапаны, басы қайқайған саптама етігі көзге біртүрлі жылы ұшырайды. Бабаларымыздың киім үлгілері осылай сырт елдерде жоғары көрнекілігімен көздің жауын алып тұр! Ықылым замандарда бабаларымыз қолымен жасалған, пайдаланған мұндай үздік өркениеттік үлгі, үрдістер осымен ғана шектеліп жатса бір жөн. Бізде жасалып, пайда болып, кейіннен жер-жаһанға таралып кеткен «брендтеріміздің» бірсыпырасы Елбасының аталған еңбегінде де нақты көрсетілді. Осыған қарағанда «Біз ұлы халықпыз» деп айтуымызға да негіз жоқ емес сияқты. Ал ұлы халықтан ұлы ойлар мен идеялар шығатыны белгілі. Мемлекет басшысының айтып отырғаны да осы.
Қазіргі уақытта төл тарихымыз сүзгіден өтіп, бәрі де орын-орнына, қалпына келтірілуіне батыл қадамдар жасалуда. Еуроцентристік көзқарастың, бағзы кездегі отарлау саясатының, бертіндегі тоталитарлық режімнің ұлттық құндылықтарымыздың жарқырап көрінуіне, алысқа танылуына мүмкіндік бермегені бесенеден белгілі. Алайда тәуелсіздікке қол жеткізілген күннен бастап, әлем елдерінің біразы қазақ деген ұлт, Қазақстан деген ел барын танып-білді. Алпауыт мемлекеттер кеңістігінде қалыптасқан қазақ тек мал бағуды ғана білетін жабайы, варвар халық деген ұғымның сеңі сетінеп, дені бізбен санаса да бастады. Еуропаның да, Ресейдің де қабағы жылып, жұмсарыңқырап, арақатынасымыз жақындай түскендей. Ресей тарапынан КГБ-ның бұған дейін мұрағаттарда құпия сақталған құжаттары қолымызға беріле бастады. Кенесарының басы да бір жерден шығып қалар, ортамызға оралар деген үміт бар көңілімізде.
Қазақ халқының ұлылығын айғақтайтын тағы бір дүние, бұл шырынды жеміс түрі – алмадан басталады-ау деп ойлаймын кейде. Адам деген атауды да бүгінде тек өзбек пен қазақ қана айтады емес пе? Бұл айтылған жайлар Адам ата мен Хауа ана қай өңірде дүниеге келгенінің ақиқатын ашуға жетелейтін бір себездеген сәуле секілді. Хауа ананың алмаға тісін тигізгені үшін жер жәннатынан қуылғаны жайлы аңыз есіңізде болар. Осы күнгі алма, жеміс деген сөздеріміздің өзі алма, жеме деген қазақы ырым-тыйымдардан туған жоқ па, өзі. «Алма жеп ауырғанша, жер тістеп өле қалған жөн» дейтін халық даналығы да Хауа ана оқиғасымен сабақтас сияқты. Оның үстіне Сиверс ашқан алманың отаны да – Алматы өңірі, Жетісу жері.
Шынында да жоғарыдағы мақалада көтерілген мәселелер жан-жақты ой елегінен өткізіп, терең зерделеуді де қажет етеді. Тарихи сананы жаңғыртуға да тигізер септігі мол. Мемлекет басшысының осы реттегі қолға алынар ауқымды жұмыстарды «Архив-2025», «Ұлы Даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы Даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» деген бірқатар ірі жобалар арқылы жүзеге асыра бастауды ұсынуын әбден қолдаймыз.
Бағдарламалық мақалада білімді дәріптеуге және туризмді дамытуға баса мән берілуі қажеттігі де атап өтілген. Біздің өңіріміздің экономикасының басым бағыттарының бірі де осы – туризм екені белгілі. Бүгінгі күні алдын ала жоспарланған мақсат-міндеттерге қол жеткізу, облыстың оң туристік имиджін қалыптастыру және көптеп туристер тарту үшін қажетті инфрақұрылым жасақтау жұмыстары қызу жүргізіліп те жатыр. Атап айтқанда, отандық инвесторлар, меценаттар, қаржы институттары арқылы тартылған қаражат есебінен 5 туристік аймақ құрылуда. Олардың қатарында Шахристан аумағынан салынатын «Көне Тараз шеберлері» қолөнершілер қалашығы да бар. Біз, тараздық қолөнер шеберлері бұл шешімді қуана қабылдаудамыз. Кезінде ұлан-ғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткен арғы ата-бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы – мұрагерлері ретінде бағзы кездегі, сондай-ақ заманауи үлгідегі, жаңаша сипатқа ие үздік қолөнер туындылары арқылы еліміздің, өңіріміздің атын алысқа танытуға өзіндік үлестерімізді де қосатын боламыз.

Пернебек АХМЕТОВ,
жеке кәсіпкер, қалалық қолөнершілер қауымдастығының төрағасы.

Тараз қаласы.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының заңды жалғасы іспеттес «Ұлы Даланың жеті қыры» атты еңбегі көпшіліктің көкейіндегісін дөп басып қозғауымен, жергілікті ұлт өкілдерін өздеріне, ата-бабаларының үздік өмір сүру үлгісіне, тұрмыс-салтына, мәдениетіне, тарихына құрметпен қарауға үндеуімен айрықша елеулі маңызға ие болып отыр. Жалпы ұлтына, нәсіліне қарамастан, кім-кімде болсын өзінің тілін, ділін, дінін, тарихын танып-білуге, қастерлеуге тиіс. Тәуелсіз елімізде бұған мүмкіндік те, жағдай да бар.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support