- Advertisement -

«Тараз» бұл жолы да айласын асырды

192

- Advertisement -

Футболдан Қазақстан бірінші лигасындағы тартыс қыза түсті. Соңғы ойындарда жарқын жеңістерге қол жеткізе бастаған «Тараз» футболшылары сырт алаңда «Ақтөбе – Жас» командасына қарсы жасыл алаңға шығып, кезекті үш ұпайды қоржынға салды.
Ойын басталған сәттен-ақ шабуылға иек артқан жамбылдық футболшылар осы кездесуде қалайда жеңіске жету қажеттігін жақсы түсінді. «Тараз» ойыншыларының жүзінен жеңіске деген құштарлық айқын аңғарылып тұрды. Допты бақылауда ұстай отырып, нәтиже шығаруды көздеген жерлестеріміздің ойыны көз сүйсінтті.
Бұл күні Әлішер Сүлейдің айы оңынан туды. Ол ойынның 28-минутында 11 метрлік айып добынан есеп ашып, командасын жеңіске жетеледі. Бұдан соң Әлішер бірінші кезең аяқталуға санаулы секундтар қалғанда мергендік танытып, нәтижені еселеді. Қорытынды есеп 0:2. «Тараз» жеңісті жорығын жалғастырып келеді.
Қазіргі кезде үшінші орынға жайғасқан жамбылдық ұжым бүгін «Мақтаарал» футбол клубын қабылдайды. Бірінші лигада топ тізгінін қолға алған Шымкенттің «Қыран» футбол клубы мен «Тараз» командасы арасын бар болғаны үш ұпай бөліп тұр. Екінші орында «Оқжетпес» командасы келеді. Көкшетаулықтар жамбылдық футболшылардан бір ұпай артық жинаған.
«Оқжетпес» пен «Қыран» футболшылары бүгін жасыл алаңда бақ сынайды. Егер көкшетаулық ұжым ұпай жоғалтып, «Тараз» «Мақтааралды» жеңсе, жерлестеріміз екінші орынға көтеріледі. Соңғы кездері шымкенттік «Қыран» футбол клубы ала-құла ойын көрсетіп жүргенін ескерсек, жамбылдықтар алдағы кездесулерде жеңісті жорығын жалғастырып жатса, көш тізгінін қолға алуы бек мүмкін.
Маусым басталмас бұрын «Тараз» футбол клубының басшылығы команданың қайтадан премьер-лигаға оралуы үшін бар күштерін сарқа жұмсайтындарын айтқан болатын. Сол жолда аянбай тер төгуге де уәде берген еді. «Тараз» футболшылары да осы арманды іске асыруды көздейді. Ол үшін қалған ойындарда ұпай қорын молайта беруі керек.
Естеріңізге сала кетейік, бірінші лигада топ жарған ұжым мен 2-орын иеленген команда премьер-лигаға тікелей жолдама алады.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support