- Advertisement -

Индустриалды аймақтың әлеуеті талқыланды

101

- Advertisement -

Биыл облыс аумағынан 4 индустриалды аймақ құру жұмыстары қолға алынған болатын. Бұл үшін, әлбетте, ең алдымен салалық басқармалар мен тиісті мекемелер аталмыш аймақтарға кәсіпкерлерді тарту, олардың сұранысқа ие өнім түрлерін шығару мүмкіндіктерін зерделеуі қажет. Облыс әкімдігінде өңірде индустриалды және аграрлы-индустриалды аймақтар құру бойынша өткен басқосуда облыс әкімі Асқар Мырзахметов жауапты тұлғаларға күн тәртібіндегі мәселе бойынша нақты тапсырмалар берді.

Енді жоғарыдағы аймақтардың әрбіріне жекелей тоқталар болсақ, тараздық тұрғындар арасында «Промзона» аталып кеткен ауданнан индустриалды аймақ құру үшін 68 гектар жер бөлінген. Алайда олардың тең жартысы кезінде жекеменшікке өтіп кеткен көрінеді. Бүгінде жер иелерінің кейбірі өз үлестерін сатуға келісім берсе, енді бірі оны жеке мақсатта пайдалануды жоспарлаған. Нәтижесінде қала билігі 38,8 гектар алқапқа 2,5 миллиард теңгеге индустриалды аймақ құруды жоспарлап отыр. Аталмыш қаржының негізгі бөлігі аймаққа инфрақұрылым тартуға жұмсалады. Бірақ бұл аймақты іске қосу жоспарланғанымен, күні бүгінге дейін онда кәсіпкерлерді тарту қарастырылмапты. Демек, қыруар қаржы жұмсалған жобаның нарықтағы сұранысы толық зерделенбеген. Осы орайда, облыс әкімі А.Мырзахметов салалық басқарма басшыларына индустриалды аймақтарды құруды қаржыландыру тетігін қарастыру, келешекте олардың аумағын кеңейту, өндірістік нысандарды дамыту жоспарлары мен салық бойынша берешек қарыз көлемін нақтылауды тапсырды. Сондай-ақ өңірде сұранысқа ие кәсіп түрімен айналысуға ниет еткен өзге облыстардың кәсіпкерлеріне қолдау білдіру жайына да тоқталды. Сәйкесінше, индустриалды аймақ кәсіпкерлерінің өнімдерін сұранысқа ие ету, оларға түрлі жеңілдіктер жасау бағытында бірқатар жұмыстарды қолға алу ұсынылды.
Аудандарда да индустриалды аймақтар құру бойынша жер көлемі нақтыланып, тиісті ұсыныстарға сай жұмыстар басталып кеткен. Мәселен, Талас ауданында индустриалды аймақ құруға 40 гектар жер бөлініпті. Ондағы тиісті жұмыстарды жүргізудің жалпы құны 1 миллиард 27 миллион теңгеге бағаланып отыр. Аталмыш аймақтағы жердің 20 гектарына кәсіпкерлер тарапынан сұраныс түскен.
Ал Сарысу ауданында 60 гектар жерге индустриалды аймақ құру жоспарланған. Алайда аудан орталығынан шалғай орналасқан жер телімдеріне инфрақұрылым тарту қымбатқа түспек. Сол себепті, бұл аудандағы индустриалды аймаққа арналған жерді Жаңатас қаласы аумағынан белгілеу ұсынылды.
Шу ауданында да 25 гектар жерге индустриалды аймақ құру жоспарда бар. Сол секілді Жамбыл, Қордай аудандарында да индустриалды, индустриалды-аграрлы аймақтар құруға мүмкіндік мол.
Жиын соңында облыс әкімі салалық басқарма басшылары мен мекеме жетекшілерін өңірде индустриалды аймақ құрудың мүмкіндігі зерделенетін жиынның келесі басқосуына тыңғылықты дайындықпен келуге шақырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support