- Advertisement -

Кезекті жеңіс

100

- Advertisement -

Мейірім Нұрсұлтанов пен
Мадияр Әшкеевтің рейтингі жоғарылады

Кәсіпқой бокс әлемінде атой салып жүрген қазақтың екі боксшысы кезекті жекпе-жектерінде жарқын мәнерде жеңіске жетіп, жанкүйерлерін қуантты. Нью-Йорктегі атақты «Madison Square Garden» аренасында өнер көрсеткен Мейірім Нұрсұлтанов пен Мадияр Әшкеев жартылай ауыр салмақтағы WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы Сергей Ковалев пен Игорь Михалкин арасында өткен бокс кешінің андеркардында шаршы алаңға шықты.
Бірінші орта салмақ дәрежесінде жұдырықтасып жүрген Мадияр Әшкеев бұл күні доминикандық Хосе Антонио Абреумен қолғап түйістіріп, қарсыласын бірінші раундта нокаутпен ұтты. Салған жерден шабуылға иек артқан жерлесіміз, меркілік оғлан Мадияр Әшкеевтің жойқын соққылары Абреуді алысқа шаптырмады. Нәтижесінде Мадияр тоғызыншы шайқасында да жеңіс тойын тойлады.
Орта салмақ дәрежесінде сынға түсіп жүрген Мейірім Нұрсұлтанов бұл күні мексикалық Алехандро Торрестің мысын басты. Жекпе-жек басталған сәттен басымдықты өз қолына алған Мейірім шайқас барысында сойқан соққыларымен қарсыласын кәдімгідей састырып тастады. Раунд өткен сайын комбинациялық шаубылдарымен ерекшелене түскен Мейірімнің рингтегі қимылдары көз сүйсінтті. Өзінің шын мықты екенін дәлелдей білген ол шаршы алаңда адымдап алға жүре бермей, ақылды бокс көрсете білді. Керек кезінде соққысын жаудырған Нұрсұлтановтың өнеріне мұхиттың арғы бетіндегі жанкүйерлер зор қошемет көрсетті. Торресіңіз алтыншы раундқа дейін шыдас берді. Әйткенмен осы үш минуттықта кездесу тоқтатылып, қазақстандық боксшының мерейі үстем болды. Осылайша Мейірім Нұрсұлтанов кәсіпқой рингтегі алтыншы шайқасын алтыншы раундта аяқтады.
Аты Мейірім болғанымен, шаршы алаңда заты қатал сайыпқыранымыз бен меркілік Мадиярдың аталған шайқастардан кейін boxrec.com сайтындағы рейтингі жоғарылады. Нақтырақ айтсақ, осы жеңісінен кейін Мейірім Нұрсұлтанов орта салмақ дәрежесінде 15 сатыға көтеріліп, 80-орынға жайғасса, бірінші орта салмақтағы саңлағымыз Мадияр Әшкеев 21 орынға жоғарылап, 94-орынға тұрақтады.
Мұхит асып, АҚШ-ты жерсінгелі екі өреніміз де ел намысын абыроймен қорғап жүргені анық. Рейтингілік жекпе-жектерде қарсыластарын қоғадай жапырып келе жатқан Мейірім мен Мадиярдың чемпиондық белбеуге таласатын күні де алыс емес деп ойлаймыз. Әрине, ол үшін қос қыранымыз әлі біраз кездесуде қарсыластарынан айласын асырып, өз салмақтарында үздіктер қатарынан көрінуі тиіс. Сол межеден көрінуге екеуінің де шамасы жететіні талас тудырмайды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support