- Advertisement -

Алғашқы көмек – ұстаздардан

122

- Advertisement -

Жас ұрпақтың болашағына бейжай қарамайтын педагогтер – ата-анадан кейінгі баланың қамқоршысы, жанашыры. Облыстық «Aq jol» газеті «Наурыз – ізгілік айы» акциясын бастағанда да игі іске ең алдымен үн қосқан білім саласының қызметкерлері болды. Атап айтсақ, Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбәрак Жинақбаева бастаған ұстаздар қауымы көп балалы отбасына көмектесті.

Біз аулаға кіргенімізде жәудір көздер үйдің есігінен сығалап қарап тұрған. Өте биязы, салмақты, балалық қиқарлық та, еркелік те жоқ. Келген меймандарға амандасып, «Үйге кіріңіздер» деп төрге оздырды. Балалардың жаны жабырқайтынындай бар екен. Отағасы Ғани Сариевтің әйелі 2016 жылы ауыр науқастан қаза болып, үйелмелі-сүйелмелі 6 баламен жалғыз қалыпты. Тағдыр тауқыметін тартқан азамат өз бетінше тірлік қылып, сол балаларды жалғыз бағып-қағып отыр. Төрт ұл, екі қыз. Үлкені 11-сыныпта оқыса, ең кішісі бес жаста.
– Мектептегі әр баланың жайы сабақ беретін ұстазы мен директорға мәлім. Осы отбасындағы жағдайды мектеп басшысы хабарлаған болатын. «Aq jol» газеті қайырымдылық акциясын бастағанда біз осы отбасына көмек көрсетіп, қолдау білдіруді жөн көрдік. Оқушылардың еңсесі көтеріңкі жүргені бізге де жақсы. Сонда бар зейіні сабаққа ауады. Мүмкіндігінше жас ұрпаққа қамқор болудан тартынбайық, – деді Мүбәрак Жинақбаева.
Мектеп директоры Гүлбахира Бердімбетованың айтуынша, балалардың анасы №11 мектепте техникалық қызметкер болып жұмыс істепті. «Балаларының бәрі осы мектепте білім алған соң, бейжай қарап отыра алмаймыз. Өзі болмаса да артында қалған балаларына қолдау көрсетіп, қамқор болуды мектеп ұжымы естен шығарған емес. Балалар да көңілді тапқырлар клубына, басқа да түрлі іс-шараларға қатысып, өздерін тек жақсы жақтарымен ғана көрсетіп жүреді», – дейді ол.
Қамқорлық пен қолдау көрсетіп, қуаныш сыйлауды жөн санаған білім саласының қызметкерлері Сариевтің отбасына азық-түлікпен бірге мерекеге арналған тәттілерін де ала келіпті.

Камила Борашова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support