- Advertisement -

Полиция қорған болып жүр ме?

124

- Advertisement -

немесе Мойынқұм ауданындағы қылмыстық ахуал алаңдатып тұр

Жергілікті полиция қызметі – Елбасының «Бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» – Ұлт жоспарының 30-қадамына сәйкес ішкі істер органдарының құрамдас бөлігі болып құрылып, үлкен міндеттер жүктелгені белгілі. Бүгінде жергілікті полиция қызметінің жұмысы тиімділігін көрсетті ме? Бұл сауалға алтыншы шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс жиырмасыншы сессиясынан жауап алып қайттық. Сессия жұмысы облыстық мәслихаттың депутаты Мұқаш Ескендіровтің төрағалығымен өтті. Оның жұмысына облыс әкімі Асқар Мырзахметов, облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, облыс әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының басшылары, аудан әкімдері, Тараз қалалық және аудандық мәслихаттардың хатшылары, облыс әкімдігінің басқармалары мен жекелеген мекемелердің басшылары қатысты.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Б.Бейсеев облыс аумағында қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі есебін жасады. «Жергілікті полиция қызметі өзіне жүктелген міндеттерді орындағалы екі жыл болды.
Біздің міндетіміз қылмыстың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қылмыстық теріс қылықтар мен әкімшілік құқық бұзушылықты анықтау» деген хабарламашы өткен жылы облыс аумағында тіркелген құқық бұзушылықтар алдыңғы жылмен салыстырғанда 21,6 пайызға қысқарғандығын атап өтті. Мұндай көрсеткіштің бір сыры азаматтардың әрбір шағымы тіркеліп, ішкі істер органдарына тиісті кез келген фактіге шұғыл әрекет етуінде және соған қатысты құқық қорғау органдарындағы қатаң тәртіпте көрінеді. Дегенмен тіркелген қылмыстардың өсімі жалғыз Мойынқұм ауданында 2,6 пайызға өскен. Қылмыстың ауыр, аса ауыр түрлері де Мойынқұм ауданында 9,9 пайызға, орташа ауыр қылмыстар да аталған ауданда 13,5 пайызға артқан.
Сондай-ақ облыста адам өлтіру дерегі 41 пайызға өскен. 2016 жылы 39, 2017 жылы 55 адам өлтіру орын алған. Оның 23-і Тараз қаласында, 9-ы Қордай ауданында, 5-еуі Шу ауданында тіркелген. 55 кісі өлімінің 42-cін жұмыссыз тұрғындар жасаған.
Жұмыссыздардан бөлек, мас күйінде жасалатын қылмыстар да өзекті болып тұр. Жалпы мас күйде жасалатын қылмыстар саны 7,9 пайызға төмендегенімен, Жуалы ауданында 84,2, Байзақ ауданында 50, Тараз қаласында 5,8 пайызға өскені байқалған. Сонымен қатар, жалпы қылмыстардың ішінде алдыңғы жылмен салыстырғанда төмендегені байқалғанымен, жартысынан астамы ұрлық деректерін құраған. Өңірде жалпы мал ұрлығы біршама төмендегенімен, Мойынқұм ауданында 42,9 пайызға өскені алаңдатады. Жасөспірімдер арасындағы қылмысты алдын алу жұмыстарының нәтижесінде ол 12,5 пайызға, суицид деректері 33 пайызға төмендеген.
Өткен жылы жергілікті полиция қызметіне бюджеттен 387 миллион 528 мың теңге қаржы бөлініп, қажетті жабдықтармен жарақтандырылса, биылғы жылға 854 миллион 838 мың теңге қарастырылыпты. Жергілікті полиция қызметінің бастығы Б.Бейсеевтің айтуынша, әлі де қаржыны керек ететін тұстар бар. Мысалы Байзақ ауданы аумағындағы 18 полиция пунктіне сақтандырылған интернет желісіне оптикалық талшықты кабель тарту үшін 24 миллион теңге қажет. Облыс орталығындағы 206 бейнебақылау камерасы да аз көрінеді. Нақтылы кезеңде облыстық әкімдіктің қолдауымен Тараз қаласы аумағына 300 бейнебақылау камерасын орнату жұмыстары жүргізілуде, мұндай камераларды аудан орталықтарына, ауылдардың кіреберістеріне де орнату қажет.
Бүгінде облыста 361 учаскелік полиция инспекторы, олардың 74 көмекшісі, 216 ювеналдық полиция, 493 жол-патрульдік полиция инспекторы қызмет атқарады. Ал қажетті нормаға сай болу үшін қосымша 1296 штат керек екен. Тағы бір өзекті жайт, 55 учаскелік полиция инспекторы өздерінің әкімшілік аумақтарында тұрмайды. Облыстық мәслихаттың бірінші жартыжылдық есеп қорытындысында қабылданған шешімде учаскелік полиция инспекторларын бекітілген әкімшілік аумақтарда қызметтік пәтерлермен қамтамасыз ету көзделген. Бірақ ол тапсырма тек қағаз жүзінде ғана қалған.
Жергілікті полиция қызметінің бастығы өз есебінің қорытындысында депутаттар алдында биылғы іс-шаралар жоспарын жүргізудегі қызметкерлеріне қойылған талаптарын тізбектеп өтіп, алдағы уақытта жергілікті полиция қызметі өзіне жүктелген міндетті орындауға дайын деп сендірді. Облыстық мәслихаттың депутаты Халық Тұрсынбай жергілікті полиция қызметінің басшысы сараптаманы жақсы жасап шыққандығын атап өтіп, алайда полиция қызметкерлері қылмыстың алдын алу шаралары, атқарылған жұмыстары жайлы насихаты кемшін түсіп, бұқаралық ақпарат құралдарында аз көрініп жатқандығын сын тезіне алды. Жарыссөзге шыққан депутаттар қазіргі таңда облыс аумағында криминогендік жағдай қалыпты, жергілікті полиция қызметі мен ішкі істер департаментінің бірлескен жұмысының нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылықтардың төмендеуіне қол жеткізгендігін атап өтіп, жергілікті полиция қызметінің жұмысына қанағаттанарлық деп баға берді. Депутаттар қылмыстың бірнеше түрі өршіп тұрған Мойынқұм ауданы болғандықтан, аудан басшысына түсініктеме беруін талап етті. Бұл көрсеткіштерді жергілікті полиция басшыларының жиі ауысуымен байланыстырған аудан әкімі Бақытжан Нүркенов мырза кінәні сала өкілдеріне бағыттай берді.
Сессияда күн тәртібіндегі өзге де мәселелер талқыланып, депутаттар тарапынан айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныстар бойынша шаралар қолдану туралы және басқа да мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Шынар Сағиева

Суретті түсірген
Ақәділ Рысмахан

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support