- Advertisement -

Намысыңа қамшы бас, «Тараз»!

118

- Advertisement -

Кеше облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев «Тараз» футбол клубының бапкерлерімен және ойыншыларымен кездесті. Жиында команданың бас бапкері Ваит Талғаев құрама ойыншылары толық жасақталып, жаңа маусымға дайын екенін мәлімдеді.
Облыс басшысы бас бапкердің жұмысына сәттілік тілеп, ойыншылармен жеке-жеке сөйлесіп, жігерлендіріп, маусым алдындағы көңіл-күйлерін сұрады. Биыл «Тараз» қақпасын Джурахан Бабаханов, Бобыр Зайнутдинов және Владимир Логиноваский қорғайды. Олар өз міндеттеріне әрқашан сақ қарайтындықтарын айтты. Облыс әкімі қақпашылардың жаттықтырушысы Александр Горшинскийге де сенім артып, «Александр, жақсы қақпашы – жарты команда, сондықтан сенің жұмысың өте жауапты. Сенімді ақта», – деді. Ал қорғаныс шебін черногориялық легионер Немания Миюшкович, «Қайсардан» ауысқан Әділет Кеңесбек, тараздық Нұртас Кургулин, Мақсат Әмірханов, Мадияр Нұралы, Жақып Қожамберді күшейтетін болады.

Жартылай қорғаушылар франциялық легионер Мохамед Диорра, тәжікстандық легионер Даврон Эргашев, тараздық Тимур Байжанов, Құрмет Қараман, Ахтиер Зайнутдиновтарға да зор сенім артылып отыр. Ал шабуыл шебінде ресейлік легионер Руслан Мухамедшин өнер көрсетеді деп күтілуде. Украиналық Максим Фешуктың да жасыл алаңда жасындай жарқылдағаны қажет.

Жиырма жастағы жартылай қорғаушы Санжар Нұрлыбаев пен 19 жасар қорғаушы Болат Щадмановтың да өз шеберліктерін байқатуға мүмкіндігі бар. Құраманың 50 пайызы тараздықтардан құралғаны да көңілге қуаныш ұялатады.
Облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы биыл барынша жақсы өнер көрсетіп, жанкүйерлер сенімін ақтау қажеттігін бапкерлер мен ойыншыларға ескертіп, ол үшін барлық жағдай жасалғанын айтып өтті. 8 наурыз күні өз алаңында қарағандылық «Шахтерді» қабылдайтын командаға сәтті ойнауға тілектестігін білдірді. Барлық ойыншыға әр ойын сайын артылатын жауапкершілікті сезінуді жүктеді.
Жиын соңында тараздық ойыншы Нуртас Кургулин клубқа келіп, ашық әңгіме өткізгені үшін облыс әкіміне алғыс айтып, Кәрім Нәсбекұлына команданың атынан футбол жейдесін сыйлады.

Есет досалы,
«Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support