- Advertisement -

Партиялық жобаларды жандандыру маңызды

120

- Advertisement -

«Amanat» партиясының облыстық филиалының соңғы екі жылда атқарған жұмысы мен алдағы кезеңге арналған міндеттері туралы және партияның «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасының облыс бойынша іске асырылу барысы ХХХІІ есеп беру сайлау конференциясында айтылды. «Amanat» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаевтың қатысуымен өткен конференцияға 266 бастауыш партия ұйымы біріккен барлығы 53,6 мың партия мүшесінің атынан 200 делегат қатысты.

Конференцияда баяндама жасаған «Amanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов партия облыстық филиалы Саяси Кеңесінің соңғы екі жылда атқарған қызметтеріне кеңінен тоқталды.

– Соңғы екі жылда партия облыстық филиалының 3 кезектен тыс конференциясы, 2 Саяси кеңес пен 13 Саяси кеңес Бюросының отырыстары өткізілді. Қазіргі таңда облыстық филиалдың құрамында 53,6 мың партия мүшесі бар 266 бастауыш партия ұйымы жұмыс атқаруда. Жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде партия қатары белсенді жастар, өндіріс саласындағы жас мамандар, шағын және орта бизнес өкілдері, спортшылар, мәдениет саласының қызметкерлері және мемлекеттік қызмет атқарып жүрген 5100 адаммен толықты. Бастауыш партия ұйымдарының тамыз айындағы есептік жиындарында 55 жаңа төрағалар сайланып, 211-і қайта сайланды. Бастауыш ұйым төрағаларының 28-і мәслихат депутаттары болса, 32-сі қоғамдық кеңес мүшелері. Яғни, бұл бастауыш партия ұйымдарының төрағалығына сапалы кадрлар келгендігін көрсетеді. Дегенмен, партия мүшелерінің түрлі әлеуметтік топтар арасындағы үлес салмағына тұрақты түрде сараптама жасап отыруымыз қажет. Мысалы, партия облыстық ұйымының 59 пайызын әлеуметтік саланың өкілдері құраса, 30 пайызы экономика мен қызмет көрсету саласының өкілдері. Шағын және орта бизнестің өкілдері партия мүшелері санының 3,2 пайызын, ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері 1,7 пайызын ғана құрап отыр. Сондықтан да партия қатарының сапалық құрамын жақсарту партия аумақтық филиалдары мен бастауыш партия ұйымдары жұмыстарының негізгі бағыты болуы керек.

Партия Орталық аппаратының ұйғарымымен, партиялық іс-шараларды жүзеге асыру үшін мүшелік жарналардың 20 пайызын бастауыш партия ұйымдарына қайтару мәселесі қолға алынып, қайтарылған трансферт қаражаты есебінен түрлі форматтағы 2 мыңнан астам шара ұйымдастырылды. Шаралар негізінен ұлттық құндылықтарды, бұқаралық спортты насихаттауға, аз қамтылған отбасылардың балаларын мектепке даярлауға, партия мүшелерін ынталандыруға бағытталды. Сонымен қатар, партия филиалдары мен бастауыш партия ұйымдарының материалдық-техникалық базасы да нығайтылды, – деді Дауыл Бейсенқұлов.

Оның сөзінше, партияның «Өзгерістер жол: Әр азаматқа лайықты өмір» Сайлауалды бағдарламасы аясында 2021-2022 жылдары әр сала бойынша бірқатар әлеуметтік маңызды жобалар жүзеге асқан. Мәселен, облыстағы білім саласында 6 мың орынға арналған 18 мектеп, 5 мың орынға арналған 38 балабақша, 22 денсаулық сақтау нысаны, 9 спорттық нысан, 9 ауылдық мәдениет үйлері мен клубтар, Тараз қаласында көпбалалы аналарды қолдау мақсатындағы «Анаға тағзым» орталығы, 80 үйірме жұмыс істейтін «Бақытты болашақ» облыстық Оқушылар сарайы ашылған. Сонымен қатар, 1,3 миллион шаршы метр тұрғын үй салынып, 3296 пәтер берілген, 62,8 мың адамды қамтитын 30 елді мекенге таза ауыз су жүйесі тартылып, 18,8 мың адамды қамтитын 37 елді мекенге газ кіргізіліп, 18 кәсіпорын іске қосылған. Сондай-ақ, филиал төрағасы «Amanat» партиясының 2027 жылға дейінгі «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасына да кеңінен тоқталып, аталған бағдарламаны жүзеге асыру аясында облыстық «Жол картасы» қабылданғанын жеткізді.

– Қазіргі уақытта «Жол картасын» іске асыру аясында облыста бірқатар әлеуметтік нысандар іске қосылып та үлгерді. Атап айтар болсақ, Тараз қаласындағы 200 орындық онкологиялық диспансер мен 250 орынға шақталған Байзақ аудандық емханасы, Қордай және Меркі аудандарында 180 орындық мәдениет үйлері ашылып, жұмысын бастады. Бұдан өзге, облыс орталығына жақын орналасқан Жамбыл ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен құны 720 миллион теңге болатын «Almaly resort» этнотуристік демалыс орталығы іске қосылды. Сондай-ақ, Тараз қаласында автобус паркіне қосымша 38 дана жаңа автобустар сатып алынып, автопарктер жаңаруда, – деді Дауыл Ынтықбайұлы.

Есептік кезеңде облыстың шалғай елді мекендерінде 64 мобильді қоғамдық қабылдау өткізіліп, 891 азаматтардың мәселелері қаралған. Қазіргі уақытта партия Үкіметпен бірлесіп «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруда. Жамбылдықтарға 20,6 миллиард теңге бөлініп, 2193 жоба қаржыландырылды.

Есеп беру сайлау конференциясы барысында бақылау-тексеру комиссиясының есебі тыңдалып, бірқатар делегаттар облыстық партия ұйымының соңғы екі жылдық жұмысын талқылап, ашық дауыс беру нәтижесінде бірауыздан қанағаттанарлық деп таныды. Партия облыстық филиалы жанындағы Экологиялық кеңестің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Оралхан Дәуіт өткен 2021-2022 жылдары өңірлік және аумақтық Жол карталарында жоспарланған іс-шаралардың 97 пайызы орындалып, Жамбыл өңірі республикада алдыңғы орыннан көрінгенін айтты.

– Сайлау алдында берілген ауқымды уәделерді ескере отырып, олардың облыста, әр қала мен ауданда орындалуына жүйелі бақылау жолға қойылды. Бұл үшін барлық деңгейлерде белсенді азаматтарды тарта отырып, партия жанынан құрылған 108 аумақтық қоғамдық кеңестердің 482 отырысында 594 мәселе қаралса, оның 374-і оң нәтижесін берді. Атап айтсақ, осыған дейін Жамбыл ауданы, Ерназар-Қойгелді бағытындағы жолдың сапасыз төселгенінен мәселе туындаған еді. Кеңес мүшелері зерделеу жұмыстарын жүргізіп, мердігер компания «ТехСтройИнжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ұсыныс берілді. Нәтижесінде серіктестік қайта қалпына келтірілді. Сол секілді Талас ауданында Қасқабұлақ, Байзақ ауданында Мырзатай ауылдық округіне қарасты Сеңкібай елді мекеніндегі жайылымдық жерлерді ел игілігіне қайтару мәселесі де өз шешімін тапты, – деді Оралхан Әбдірашұлы.

Конференция барысында Саяси кеңес қатары 68 пайызға жаңарып, жастардың үлесі 20 пайызды, әйелдердің үлесі 30 пайызды құрады. Саяси Бюро кеңесі мен бақылау-тексеру комиссиясының қатары да жаңа мүшелермен жаңартылды.

Партия Хатшысы Ержан Жылқыбаев алдағы кезеңде партия мүшелерінің алдында тұрған басым міндеттерді атап өтті. Фракция жұмысын жетілдіру, партиялық жобаларды жандандыру мен «Жол картасындағы» іс-шаралардың уақытында әрі сапалы орындалуын қаматамасыз ету мәселесін де баса айтты. Ол өз сөзінде халықтың сенімімен сайланғандардың ішінде бір де бір депутаттық сауал жолдамай, ешбір қоғамдық қабылдау өткізбегендер де барын айтып, ондайлардан мандатты қайтарып алу функциясы бар екенін ескертті.

 

 Қамар ҚАРАСАЕВА.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support