- Advertisement -

Ауылдағы ауруханалар жаңартылады

106

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласына ерекше қолдау көрсетіп келеді. «Мен келесі жылдан бастап «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыруды тапсырдым. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған. Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық- санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды. Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады. Онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Бұл төрт миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырады. Сонымен қатар, телемедицина бағытын дамытамыз. Сол арқылы шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілетін болады. Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірген жөн. Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады. Алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді», деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының Жолдауда айтылған тапсырмаларын орындау аясында Жамбыл өңірінде бірқатар жұмыс жалғасын табуда. Облыста «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы жүзеге аса бастады.

Жалпы, облыста 1,2 миллион халыққа 388 денсаулық сақтау нысаны қызмет көрсетуде. Облыстағы ауыл халқының саны 705 845 адам. Ұлттық жоба аясында 2023-2024 жылдар аралығында облыста 5,2 миллиард теңгеге 30 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған. Денсаулық сақтау министрлігіне жалпы сметалық құны 3 миллиард 148 миллион теңгені құрайтын жобаларға бюджеттік өтінім ұсынылды.

Биыл жобалық-сметалық құны 1 739 290 мың теңгені құрайтын 10 жобалық-сметалық құжаттамасы қолдау тапты. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері аяқталып, мердігерлер анықталды. Қазіргі таңда 4 нысанда құрылыс жұмыстары басталды.

Жамбыл ауданы, Жаңаөткел ауылында 5 орындық медпункт, Жуалыдағы Теріс ауылында 10 адамға арналған фельдшерлік акушерлік пункт, Жуалы ауданы, Жылыбұлақ ауылында 5 кісілік медпункт болса, Шу ауданы, Жиделі ауылында 5 орындық медпункттің құрылысы басталған. Қалған 6 нысанда мердігермен келісімшарт жасалып, құрылыс жұмыстарын бастауға дайындық жұмыстары жүргізілуде.

2024 жылға жоспарланған 20 нысанның 8 жобасы дайын. Қалған 9 нысанның жобалау-сметалық құжаттамасын «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» акционерлік қоғамы әзірленудегі типтік жобалық-сметалық құжаттамасына байланыстыру үшін келісімшарт жіберілген. Нәтижесінде, денсаулық сақтау ұйымдарының тозу деңгейі 38,3 пайызға дейін төмендейді деп жоспарлануда. Бұл өз кезегінде саладағы көрсеткіштердің оң динамикасын қалыптастыруға септігін тигізеді.

Сонымен қатар, жоба шеңберінде Меркі, Шу, Талас аудандарында ауданаралық көпбейінді орталық ауруханалар құруға қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланған.

Қазіргі таңда «Меркі ауданының орталық аудандық ауруханасы мемлекеттік ұйымдардағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын ғимаратының бір бөлігін қабылдау бөлімшесінің қосымша құрылысымен қайта жаңарту» жұмыс жобасы 1,3 миллиард теңгеге дайын болды.

Қабылданған шаралар нәтижесінде ауыл халқын медициналық қызметкерлермен қамтамасыз ету деңгейі 2023 жылы 74,1 пайыз болады деп жоспарлануда.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support