- Advertisement -

Әлем жаңалықтары

139

- Advertisement -

ШЫҰ халықаралық байланыстарды нығайтуда

Шанхай ынтымақтастық ұйымына 22 жыл толды. 2001 жылы құрылған ұйымға алғашында 6 мемлекет – Қазақстан, Қытай, Қырғыз, Өзбекстан, Ресей мен Тәжікстан кірген. Кейін Үндістан мен Пәкістан қосылды.

Ұйымның құрылған күні құрметіне Циндао қаласында дипломатия және ұйымның бауырлас қалаларының форумы өтті. Ашылу салтанаты аясында балалар мен жастардың мәдени-спорт фестивалі ұйымдастырылды. Мұндай шаралар технология саласындағы ынтымақтастықты нығайтып, дарынды мамандар табуға көмектесетіні сөзсіз. Болашақта осындай форумдарды өзге елдерде де ұйымдастыру көзделіп отыр. Жастар сайысына қатысушылар ақшалай сыйлық ұтып алу мүмкіндігімен қатар, өз жобаларын техникалық тұрғыдан дамытуға, нарыққа шығаруға көмек ала алады. Шара қорытындысы бойынша Циндао бастамасы қабылданды. Онда медицина, жастар саясаты, білім, мәдениет және спорт салаларында ынтымақтасу арқылы халықтар арасында достықты нығайту қажеттігі жазылды.

«Жасыл» жобаларға қомақты қаржы құйылды

Еуропалық қайта құру және даму банкі Өзбекстанда қонақүй бизнесін дамыту бағдарламасын іске қосты. Енді кәсіпкерлер кеңес алып қоймай, энергия көзін тиімді пайдалану әдісін меңгереді. Қаржылық қолдау да қарастырылған.

Өзбекстанда энергетикалық жетіспеушілік мәселесі күн өткен сайын өзекті болып барады. Тек электр қуаты емес, тіршілік нәрі тапшы өңірлер көп. Ел билігі ахуалға еуропалық қауымдастық назарын аударды. Нәтижесінде қаржы институтының өкілдері қонақүй иелерін электр қуатын тиімді пайдалануға үйретіп, тегін кеңес берді. Бағдарлама Әзірбайжан, Грузия, Молдова және Армения сынды елдерде жүзеге аса бастаған. Өзбекстан да оған қосылып, қаржылық қолдау алуға қадам жасады.

Мемлекетке бұдан келер пайда да көп. Өйтпеген жағдайда электр энергиясына деген сұранысты өтеу қиынға соға бастады. Келешекте Өзбекстан жалпы өндірістегі жаңғыртылған қуат көзінің үлесін 13 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. 2026 жылға дейін жаңадан 20-дан аса ГЭС салынбақ. Жобаға үкімет еуропалық қаржы институттарын тартқан. Бір ғана Франция бұл іске 6 миллион, ал Еуроодақ 1 миллион еуро бөліп отыр.

Еуропа орталық банкі мөлшерлемені көтермек

Еуропалық орталық банк негізгі мөлшерлемені 25 тармаққа көтеру туралы шешім қабылдады. Бұл бір жылдың ішіндегі сегізінші өсім.

Бұған бағалардың қаржы ұйымы бекіткен шектен асып кетуі себеп. Әзірге аймақта инфляцияны тоқтату қиын болып тұр. Әсіресе, азық-түлік бағасы қымбат. Еуропалық орталық банк биыл экономика 0,9 пайызға құлдырауы мүмкін деп отыр. Еуропалық орталық банк төрағасы Кристин Лагардтың мәлімдеуінше, Басқарушылар кеңесі өзара ақылдаса келе мөлшерлемені көтеруді ұйғарған. Бұл өзгеріс инфляцияның теріс ықпалын азайтуға және ақша-несие саясатын тұрақты қалыпта ұстауға көмектесуі тиіс.

Қылмыстық жолмен келген кірістің жазасы қатаң

Ұлыбританияда қылмыстық жолмен келген кірістерін заңдастырғысы келетіндер қатаң жазаланады. Дәулеттілер байлығының шығу тегін түсіндіре алмаса, заң алдында жауап беруі керек. Құйтырқы жолмен байып кеткендерді тұманды Альбион билігі қалай жүгендейді?

Ұлыбританияда бір күнде банктен есепшот ашу мүмкін емес. Қаржылық институт жаңа клиентін бір апта көлемінде жіті тексереді. Өйткені, оның заңсыз ақша айналымына қатысы болуы мүмкін. Қылмыстық жолмен келген кірістің жазасы қатаң. Ақшаның шығу тегін жасырғандар бас бостандығынан айырылып, көп көлемде айыппұл арқалайды. Қылмыс ауыр болған жағдайда, айыпталушы 14 жылға дейін сотталуы мүмкін. Оның шоттары бұғатталады және қаражаты тәркіленеді. Айыппұлдың көлемін судья анықтайды. Тұманды Альбионда ақшаның ізін жасыру ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндірумен тең. Өйткені, лас ақша терроризмді қаржыландыруға жұмсалуы мүмкін.

Өткен жылдың екінші жартысында Ұлыбританияның Салық және кеден комитеті заң талаптарын орындамаған 240 кәсіпорынға шара қолданыпты. Оларға барлығы 3 миллионнан астам стерлинг фунт көлемінде айыппұл салынған.

Еуроодақ Сирияға қаржы бөледі

Еуроодақ Сириядағы онжылдық қарулы қақтығыс пен жер сілкінісінен зардап шеккендерге 1,5 миллиард еуро бөледі. Бұл туралы Еуропалық комиссия төрағасы Жозеп Боррель мәлімдеді.

Оның айтуынша, сириялықтардың 90 пайызы кедейлікте күн кешіп жатыр. Ал, халықтың 60 пайызы азық-түлік тапшылығынан зардап шеккен. Боррель сондай-ақ алдағы уақытта бірқатар араб елі мен Сирияның қарым-қатынасы оң бағытта дамитынын айтты. Брюссельдегі конференцияда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антонио Гутерриш те халықаралық қауымдастықтан Сирияға көмек көрсетуді жалғастыруды сұрады.

Хорватияда туристер саны рекордтық межеге жетті

Биыл Хорватия туристер есебінен рекордтық пайдаға кенелуі мүмкін. Жыл басынан бері елге Еуропадан миллиондаған саяхатшы келген.

Жалпы туристік ағын өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға көбейген. Сарапшылардың болжамынша, оң үрдіс жалғасады. Саяхат саласындағы белсенділіктің артуы Хорватияның шенген аймағына кіруімен байланысты болып отыр.

2022 жылы туризмнен ел қазынасына 14 миллиард доллар пайда түскен. Биыл бұл сома бірнеше есе артуы мүмкін.

 

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support