- Advertisement -

ПАРТИЯ БАСТАМАСЫ МАҢЫЗДЫ

44

- Advertisement -

Бүгінде жалпы халықтың аса зор сеніміне ие болған «Nur Otan» партиясының елімізде атқарылып жатқан ұлан-ғайыр тірліктің басында жүруі, қарапайым халықтың мұң-мұқтажына көңіл бөлуі асқан жауапкершілік деп түсінемін. Осындай мақсатты жұмыстардың түпкі нәтижесінде халық «Nur Otan»-ның төңірегіне топтасуда.
Биыл өзінің 20 жылдық белесін артқа тастаған еліміздегі ең ірі саяси ұйымы осы жылдары үлкен саяси және қалыптасу жолынан өткені уақыт шындығы. Осындай сан салалы игі істерді жүзеге асыру және қоғамдағы белсенді позицияның қалыптасуы жолында Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың дана саясаты мен дара саяси жолын көреміз. Себебі осы жолда партия халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналды.
Тамыз айында өткен партияның кеңейтілген Саяси кеңесі отырысында қабылданған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» бағдарламасы мен «Халыққа көмек», «Бақытты отбасы», «Ауыл – ел бесігі» және «Құтты мекен» сияқты партиялық жобалар тәуелсіз елімізді өркендету мен халықтың қамын ойлаған маңызы терең, мәртебесі биік саяси құжаттар дер едім. Сондай-ақ көптің көңілінен шыққан «Ардагерлерді ардақтайық» және «Кедергісіз келешек» атты жобаларды іске асыруда халықтың партиясы атанған «Nur Otan» соғыс және еңбек ардагерлері мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы жағдайлар жасауда табанды тірліктер атқарып келеді. Бұл мақсатты жұмыстар бүгінде өз жалғасын тауып отыр.
Жақында өткен Парламент Мәжілісіндегі депутаттық фракция отырысында Елбасы-Партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттық фракциялардың жұмысын жандандыру, белсенділігін арттыруды міндеттеді. Бұл барша «нұротандықтардың» аса жауапты міндеті деп түсінемін. Партияның мемлекеттік және салалық бағдарламалардың орындалуы мен бюджеттік қаражаттардың мақсатты әрі тиімді жұмсалуына қатаң бақылау жүргізуі – атқарылған жұмыстардың сапасын арттыруға негіз болып отырғаны шындық.
Жалпы елімізде демократиялық үрдістерді дамытуға жол ашық. Бұған белсенді азаматтық қоғам орнатудағы жасампаз қызметі мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерімен тығыз жұмыс жасау әдістері өз септігін тигізіп отыр. Осының барлығы «Nur Otan» партиясының стратегиялық және жанды идеологиялық жұмыстарының үлкен көрінісі.
Мен облыстық мәслихаттың депутаттығына «Nur Otan» партиясы атынан Жамбыл ауданынан сайланған едім. Осы жылдары партияның аудандық филиалымен және бастауыш партия ұйымдарымен, ең бастысы сайлаушыларыммен арадағы байланысымды үзген емеспін. Түрлі деңгейдегі қоғамдық-саяси шараларға қатысып, жергілікті тұрғындардың өтініш-тілектерін зерделеу мақсатында қоғамдық қабылдаулар өткізіп, жастардың бағалы бастамаларына қолдау көрсетуді өз міндетім деп санадым.
Жақын күнде Жамбыл ауданында партияның «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында «Аса аялы алақаны» қайырымдылық қоғамдық қорымен бірлесе отырып «Мейірім шуағы» атты қайырымдылық шарасына қатысып, аса мұқтаж жандарға демеушілік көмек көрсеттім. Қоғамдық қордың жеке кабинетінде Бесжылдық ауылының тұрғыны Бітән Нұртаза мен Аса ауылының тұрғыны Дариға Кеңесбайға ортопедиялық велосипед, Аса ауылының тұрғындары Анастасия Асанова, Медеу Кеңесов және Айша бибі ауылының тұрғыны Әсем Мұсаеваға тірек-қимыл аппараты (вертикализатор) және жүру құралы (ходуноктар) табыс етілді. Бұл – балалардың денсаулықтарын жақсартып, өз еріктерімен жүріп-тұруларына барынша ықпал етуге бағытталған ізгі қадам.
Әрине, осындай аса мұқтаж жандар үшін көрсетілетін көмек, қолдау шаралары осымен шектелмейді. Алдағы уақытта да осындай ізгі бастамалар өз жалғасын табады. Өйткені бұл мені облыстық мәслихат депутаттығына ұсынған «Nur Otan» партиясының бүгінгі жарқын істері мен маңызды жұмыстарды ұйымдастырудағы көшбасшылығының бір бағыты ғана. «Nur Otan» партиясының саяси Доктринасында айқындалған талаптардың орындалуына өз үлесімді қосуды, мүмкіндігі шектеулі жандарға, оның ішінде жасөспірім балалардың келешек өмірге деген үмітіне қолдау көрсетуді азаматтық парызым деп санаймын.

Ғалымжан Сағынтаев,
«Nur Otan» партиясының облыстық мәслихаттағы
депутаттық фракциясының мүшесі.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support