- Advertisement -

Тұрғындардың табысын арт тыруға деген құлшынысы зор

89

- Advertisement -

Өңір тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы жалпы жамбылдықтардың қызығушылығын туғызуда. Игі бастаманың көпшілік тарапынан кең қолдау тапқаны соншалықты, бастапқы пилоттық жобаға енген он ауылдық округтен басқа елді мекеннің тұрғындары да қосалқы шаруашылықты дамытып, шаруасын шалқытсақ деп ниет білдіруде. Облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Асқар Мырзахметовтің Байзақ ауданында өткізген қоғамдық қабылдауына жазылған азаматтар осылай өз ұсыныс-тілектерін жеткізді.Партияның аудандық филиалы ғимаратында өткен қабылдауға ауданның бес тұрғыны жазылыпты. Олар көкейде жүрген өзекті сауалдарын жолдап, орамды ой-пікірлерін ортаға салды. Мәселен, Түймекент және Қызыл Жұлдыз ауылдық округінің тұрғындары Жомарт Мұхамбетжанов пен Асылбек Өмірзақов ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобаның маңыздылығын айта келіп, өз округтерінің осы жобаға қашан енетінін сұрады. Азаматтардың айтуынша, екі елді мекеннің шаруалары да алысқа сабылмай-ақ өз ауласында тер төгіп, тұрмысын тіктесек дейді. 

Түймекенттік Жомарт Мұхамбетжанов ауылдастарының мал шаруашылығына бейім екенін алға тартты. Сондықтан олардың үй іргесіндегі жерлерін тиімді игеруге құлшынысы зор. Ал екі айналымда өнім алуға мүмкіндік жасалып жатса, тынымсыз еңбектен де қашпайды. Тек қолдау болса дейді. Ал қызылжұлдыздық Жомарт Мұхамбетжанов округінде кооператив құрып, тиісті жұмыстарды бастап кеткендігін айтты.
Асқар Исабекұлы қазір жобаның пилоттық режимі жүзеге асып жатқанын айтып, тиісті қаражат қараша айының басында түсетінін тілге тиек етті. Он ауылдық округтегі қанатқақты жоба өз нәтижесін берсе, келер жылы өңірдегі барлық ауылдық округ түгелдей қамтылатынын жеткізді. Сондай-ақ өңір басшысы жауапты тұлғаларға барлық ауылдық округтердің жобаға дайындығын барлап, пысықтауды бүгіннен бастауды, ол үшін жұмыс жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Қоғамдық қабылдауға жазылған өзге де тұлғалар түрлі әлеуметтік мәселелерді көтерді. Сарыкемер ауылының тұрғыны, зейнеткер Қыдырәлі Оралов тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұрғандардың өтінішін жеткізуге келген екен. Ол жер телімдерін беру мәселесін ертерек шешіп беруді сұрады.
Ауылдың Бас жоспарына сәйкес елді мекен шегін кеңейту мақсатында 217,33 гектар жер телімі енгізілген. Аймақ басшысы тұрғындар үшін ол жер құнының тым қымбатқа түсетінін айтып, бұл мәселені мейлінше оңтайландыру керектігін ескертті. Ол жер суармалы алқап, шаруашылыққа қолайлы. Сондықтан бұл жайтты да ескерген жөн дейді өңір басшысы. Ал түйткілдің шешімін Байзақ ауданының халқының тығыздығына байланысты жер телімдерін өзге аудандардың бос аумақтарынан беру жолын қарастыру арқылы табуға тырысу керек.
Қабылдауда байзақтықтар ауызсу, газ тарту мәселелерін де көтеріп, көкейдегі көп сұраққа нақты жауаптар ала алды. Облыс әкімінің қоғамдық қабылдауы алдағы уақытта басқа да аудандарда жалғасын таппақ.

Байзақ ауданы.

Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support