«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Тәуелсіздік дәуірі» – ел дамуының айнасы

«Тәуелсіздік дәуірі» –  ел дамуының айнасы
ашық дереккөз
«Тәуелсіздік дәуірі» – ел дамуының айнасы

Әлемдік деңгейдегі ойшылдардың көпшілігі қоғамның дамуындағы жеке адамның белгілі бір жағдайдағы шешуші рөлді атқаратынын жоққа шығармайды десек, әлемдік саяси-құқықтық тарихта ондай тұлғалар баршылық.

Солардың ішінде қиын-қыстау шақта жол тауып, елін аман сақтап, жаңа мемлекет құрып, оның болашағын баянды еткен қайраткерлер санаулы және олардың тарихи орны ерекше. Өткен жылы жарық көрген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабы – тарихи кезеңнің қайнаған бел ортасында жүрген тарихи ерекше тұлғаның қаламынан туған құнды туынды. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ҚР Тұңғыш Президенті атындағы мәжіліс залында өткен дөңгелек үстелде сөз алған баяндамашылар тың дүниені осылай деп бағалап, ойларын ортаға салды.

Жиынға бірқатар басқарма басшылары, өңіріміздегі жоғары оқу орындарының ректорлары, ұстаздар қауымы мен студенттер қатысты. Басқосуды аталмыш университеттің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков ашып, жүргізіп отырды. Ректор алдымен кітап мазмұнының тереңдігіне, тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның шежіре-тарихына айналатынына сенім білдірді. Сондай-ақ ол әзірге 500 таралыммен шыққан кітап оқу ордасына жалғыз дана болып жеткізілгенін айтып, алдағы уақытта таралымы артып, бірнеше кітапты университет кітапханасына алдыратынын айтты. Махметғали Нұрғалиұлы «Тәуелсіздік дәуірі» студенттер үшін егемен еліміздің ширек ғасырлық өткенімен жіті танысуға таптырмас дүние екенін тілге тиек етті. Бұдан соң кітаптағы төрт бөлім бойынша баяндамашыларға кезек тиді. Алғаш болып сөз алған М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың Заң факультетінің деканы Қайрат Нұрманбетов «Тәуелсіз Қазақстанның бірінші жаңғыруы» тақырыбында сөз қозғап, егемендіктің алғашқы 1991-1995 жылдарындағы тарихи оқиғаларға ой жүгіртті. Ал «Ұлы бетбұрыс» бөлімі бойынша ой толғаған гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Әзімхан Ыбырайым 1996-1999 жылдардағы тәуелсіз еліміздің тарихына тоқталды. Әсіресе баяндамашы астанамыздың ауысуы, Елорданың қалыптасуы жайлы кітапта жан-жақты жазылғанын жеткізді. Жиында өзге де сөз алушылар орамды ойларын, келелі пікірлерін білдіріп, шын мәнінде де туындыны Тұңғыш Президентіміздің өз қолымен жазылған «Тәуелсіздік энциклопедиясы» деп атауға лайық екенін жеткізді. Технологиялық факультетінің деканы Әнуарбек Әймен «Жаңа ғасыр табалдырығында» тақырыбында, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру факультетінің деканы Зәуреш Абдукаримова кітаптың «Қалыптасқан мемлекет» атты бөлімі бойынша әңгімелеп, ондағы мағлұматтардың құндылығын сөз етті.

Жанғазы АХМЕТ

 

Ұқсас жаңалықтар