Құрылыс басында бір жұмысшы жоқ
Аудан орталығында «сақалды» құрылысқа айналған бір нысан бар. Нақтырақ айтсақ, спорттық-сауықтыру кешені. Аты бар да заты жоқ бұл нысан өткен жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілуі тиіс еді, бірақ әлі күнге жұмыс істемей, қаңырап бос тұр. Мемлекеттік объектінің құжатында – тапсырыс беруші Байзақ ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі деп көрсетілген. Ал жауапты басшының аты-жөні көрсетілген жерде Садыров Ербол Қыдыралыұлы деп жазылыпты. Мекенжайы – Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылы, Байзақ батыр көшесі, 100 үй.
Әрине, бізді ең алдымен нысанның не себепті белгіленген уақытта пайдалануға берілмегендігі қызықтырды. Сондықтан облыс орталығынан ауданға келе салысымен бірінші ат басын бұрған мекемеміз аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі болды. Мұндағылар суыт жүрісімізден секем алғандай, асты-үстімізге барлай қарап, сақ сөйлесті. Бөлім басшысы Ербол Садыровты жұмыс орнынан тауып алған соң әңгімеге тарттық.
– Спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы неліктен дер кезінде аяқталмауының басты себебі мынау: сараптама қорытындысына сәйкес республикалық бюджеттен ақша кеш бөлінді. Ақша бөлінген кезде құрылыс материалдары қымбаттап кетті. Нәтижесінде құрылыстың бас мердігері «Bek stroy 2010» ЖШС бүгінде құрылыс жұмыстарын өз қаражатына істеуде. Осыдан кейін бұл серіктестік шамамен 65 миллион теңге көлемінде шығынға батты. Біз тапсырыс беруші мекеме ретінде істі сотқа бергенбіз. Соттың екінші отырысы 30 тамызда өтеді. Мердігер құрылыс жұмыстарын қыркүйекке дейін толық аяқтап бітіруі қажет. Қазір 80 пайызын бітіріп қойды. Болмаса сот шешіміне қарай әрекет ететін боламыз. Нысан іске қосылмаса салынған 790 000 теңге айыппұлды өндіртіп аламыз, – дейді Ербол Қыдыралыұлы.
Бөлім басшысының кеңсесінен шыққаннан кейін тіке спорттық-сауықтыру кешенінің жұмысымен танысуға бардық. Бірақ қыркүйек айында бітуі тиіс нысан басында ешқандай құрылыс қызып жатқан жоқ. Тіпті, құрылыс жұмыстарымен айналысып жатқан бірде-бір жұмысшыны көрмедік. Бізді қаңырап бос тұрған нысан, меңіреу тыныштық қарсы алды.
Сиқы қашқан саябақ қашан жөнделеді?
Байзақ ауданы орталығындағы орталық саябаққа да бас сұқтық. Саябақты аралай жүріп, жолай бұрандасы түсіп қалған әткеншектің сым темірмен жай ғана оратылып байлана салғанын, түсі оңып кеткен орындықтардың көптен бері боялмағанын және қоғамдық әжетхананың маңында үйілген ағаш үйіндісінің төбе болып жатқанын, бір ауыз сөзбен айтқанда саябақтың сиқы қашқанын көріп, мұның сырын аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымовтан сұрадық.

Әкімнің орынбасары мән-жайға қаныққан соң саябаққа тиісті жауапты мамандарды шақыртып алып, өзі де бізбен бірге жүріп, бәрін аралап көрді. Сосын Сарыкемер ауылдық округінің әкімі Еркін Зауырбековті сөзге тартты.
«Орын алған олқылықтардың бәрін де ретке келтіреміз. 20-30 литрлік сырымыз дайын тұр. Арматура темірін алдыртып қойдым. Сынған темірлерді жаңартамыз, дәнекерлейміз. Бұл саябақ аудандағы 100 мың тұрғынға қызмет көрсететін жалғыз саябақ. Келесі жылы аудан орталығында бұдан бөлек тағы жаңа 2 саябақ, барлығы 3 саябақ халыққа қызмет көрсететін болады», – деді ауылдық округ әкімі ағынан жарылып.

Аяғы ауыр келіншекті дәрігер неге қабылдамады?
Аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қалмұхамбетұлымен бірге аудандық емханаға қарай жүрдік. Өйткені мұның алдында аудан тұрғындарының аталған емхананың қызметіне көңілдері толмайтындықтары туралы арыз-шағымдарын естігенбіз.
Емхананың іші кең, ауасы таза. Кезекте тұрған адамдар көзімізге түспеді. Аудан әкімінің орынбасары және бізді қарсы алған Байзақ аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Жібек Исаевамен бірге бөлмелерді аралай жүріп, емхана қызметін тұтынушы тұрғындарды сөзге тарттық. Рас, тұрғындар тарапынан бірден арыз-шағымын айтып, ешкім суырылып шыға қоймады. Бірақ енді қайтпақ болып жатқан сәтімізде өзін Жанар Аубакировамын деп таныстырған бір жүкті келіншек келеңсіз жағдайға тап болғанын айтып, шағымданды. Сөйтсек, ол бүгін аудан орталығына Аймантөбе ауылынан келіп, қолдағы талоны бойынша сағат 11:45- те кардиолог дәрігердің қабылдауында болуы тиіс екен. Алайда неге екені белгісіз, оның орны ауыстырылып, орнына бір зейнеткер кезекке тұрғызылған. Осының анық-қанығын білмек болып, келіншек ауылдағы мамандарға хабарласады. Олар электронды нұсқада берілетін талонды кімнің ауыстырып тастағанын білмейтіндіктерін айтып, ақталыпты. Ақыр аяғында сұрағына тұшымды жауап таппаған соң емхана басшылығына жолығуды жөн көрген.
Міне, осыдан кейін біз жүкті келіншекті ертіп, бас дәрігердің орынбасары Жібек Исаеваның алдына келдік. Ол кісі бізді кардиолог дәрігер Тимур Рысқұлбековке алып барды. Дәрігер бізге өз компьютерінен кезектің қай уақытта берілгендігін анықтап, көрсетіп берді. Бірақ оның басқа біреуге қалайша ауысып кеткендігін түсіндіріп бере алмады. Шынында алдын ала уақыты белгіленіп, электронды түрде беріліп қойған кезек орыны ешкімнің араласуынсыз қалай өзгеріп кетті? Ақыр соңында біз араласқаннан кейін талондағы заңды орнынан айырылып қалған аймантөбелік келіншек дәрігер Тимур Рысқұлбековтің рұқсат беруімен кардиологиялық тексерістен өтіп, қолына анықтамалық қағазын алды.
Ал егер осы іске журналистер араласпағанда аяғы ауыр келіншектің жағдайы не болар еді? Басқа-басқа, болашақ сәбиі үшін жанын шүберекке түйіп жүрген келіншекті ары-бері сандалтпай-ақ мәселесін сол жерде шешіп беруге не кедергі болды? Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?
Міне, Байзақ ауданына жасаған бір күндік сапарымызда осындай қызықтар мен шыжықтарға тап болдық. Сапар ары қарай жалғасады...
Талғат ТАЛАПҰЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Жамбыл облысында 46 көпқабатты тұрғын үй салынуда
- 1 желтоқсан, 2025
Жазушыға 100 сұрақ: Көсемәлі Сәттібайұлы оқырманмен кездесті
- 20 қараша, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




