Жамбылда «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі өтті
- author «Ақ жол»
- Бүгін, 18:15
- 16
Талас ауданына қарасты Есейхан ауылы маңында өткен ауқымды шара биыл екінші мәрте жоғары деңгейде ұйымдастырылып отыр.
Ұлттық құндылықтарды ұлықтауды, өңірдің туристік кластерін дамытуды мақсат тұтқан іс-шараға 6 мыңға жуық адам қатысты. Сондай-ақ, халықаралық фестивальге – Голландия, Қытай, Түркия, Сингапур, АҚШ, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Украина, Финляндия, Швейцария және Чехия елдерінен 38 шетелдік қонақ келді.
Дәстүр-салтты дәріптейтін ашық аспан астында өткен ауқымды фестивальде 20-дан астам ақшаңқан киіз үй тігіліп, мәдени-көпшілік, спорттық-бұқаралық іс-шаралар легі ұйымдастырылды. Концерттік бағдарламаға сәйкес, әлемдік шараның әлқиссасы «Қызғалдақтың шығу тарихы» тақырыбындағы театрландырылған қойылыммен басталды. Сондай-ақ, мерекелік кеште эстрада жұлдыздары – Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуалиева және Серік Ибрагимов сондай-ақ, К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әртістері өнер көрсетті.
Сонымен қатар фестиваль шеңберінде «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы қолдауымен және демеушілігімен жүлде қоры 5 миллион теңгені құрайтын ұлттық спорт ойындарының 8 түрінен жарыс өтті. Атап айтқанда – аударыспақ, қазақ күресі, қошқар көтеру, қол күресі, дестүрлі садақ ату, арқан тарту, асық ату.

Ал, халықаралық фестивальдің көркін қыздырған негізгі іс-шара – «Үздік бие сауыншы» сайысы. Қазақтың кенже қалған «Қымызмұрындық» дәстүрін жаңғыртуды көздеген аталған сайысқа да демеушілер тарапынан 1 миллион теңге жүлде қоры қарастырылды. Тіпті, әрбір қатысушыны ынталандыру мақсатында 50 мың теңгеден қаржылай сыйақы табысталды.

Фестивальдің қорытынды сәтінде сөз алған Жамбыл облысы әкімі Ербол Қарашөкеев фестивальдің мән-маңызына кеңірек тоқталды.
– Табиғат пен мәдениет тоғысқан киелі мекенде «Қызғалдақ мұра» халықаралық туристік фестивалі екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл –халқымыздың жүрегінде сақталған мәңгілік мұрамыздың жарқын көрінісі. Күн нұрына шомылған қызғалдақтар алқабы – табиғаттың сұлу көркі ғана емес, дала өркениетінің үнсіз шежіресі, ұлттық рухтың тірі куәсі. Осы игі бастама арқылы табиғат пен дәстүрді насихаттай отырып, келешек ұрпаққа аманат болар асыл құндылықтарды ұлықтадық. Фестиваль аясында ғасырлардан сыр шертетін «Қымызмұрындық» дәстүрін және ұлттық спорт сайыстарына ортақ жанкүйер болдық. Қолөнершілердің туындылары халқымыздың шеберлігі мен өнерге деген сүйіспеншілігін паш етті, – деді аймақ басшысы.
Іс-шараның тұздығы сол, фестиваль аясында Жамбыл облысына сонау Нидерландыдан жеткізілген 40 мың қызғалдақ тұқымының сертификаты салтанатты түрде табысталды. Кәріқұрлықтан келген шетелдік мейман іс-шараға қатысты өз әсерлерімен бөлісіп, голландиялық қызғалдақ тұқымдасының шығу тарихына аз-кем тоқталды.

Айта кетерлігі, фестиваль өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Адам қарасы көп болса да қым-қуыт қарбалас жоқ. Облыс орталығынан фестиваль өтетін аумаққа дейін арнайы маршрут түзілген. Келушілерге арналған тегін тасымалдау жолға қойылған. Ол үшін жолаушыларға арналған 30 автобус, 45 жол талғамайтын көлік қарастырылған. Тіпті, қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмаған. Фестиваль аумағында және қызғалдақ алқабында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 40 патрульдік автокөлік, 4 өрт сөндіру техникасы және 4 жедел-жәрдем бригадасы жұмылдырылған. Сондай-ақ, фестиваль аумағында 30 экологиялық-санитарлық торап орнатылды.
Айта кетейік, Жамбыл өңірі қызғалдақ түрлерінің көптігімен ерекшеленеді. Мұнда қызғалдақтың 18 түрі өседі, оның 10-ы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Ал, «Қызыл кітапқа» енген қызғалдақты жұлғаны, зақымдағаны және өскен ортасын бүлдіргені үшін 12,9 миллион теңгеге дейін айыппұл немесе өзге де қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




