«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бұл ауылда соңғы 2,5 жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген

Бұл ауылда соңғы  2,5 жылда бірде-бір  қылмыс тіркелмеген
Автор
«Қариясын сыйлаған елде қасиет бар» деп халқымыз қашанда қарияларын сыйлап, құрметтеуді ұлттық дәстүр, перзенттік парыз деп санайды. Өңіріміздің әлеуметтік экономикалық дамуында да ардагерлер қозғалысының маңызы жоғары. Бүгінде облысымызда қазыналы қарттарымыз қоғамдық өмірге белсене араласып келеді. Күні кеше өткен «Заң мен тәртіп – Әділ қоғам» облыстық ардагерлер форумы соның айқын дәлелі.

Әлеуметтік салаға жауапты аудан әкімдерінің орынбасарлары мен басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің қатысуымен өткен жиында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ардагерлер рөліне баса мән беріп өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Заң алдында – бәрі бірдей. Бұл – баршаға ортақ мызғымас қағида» екенін атап өтті. Заң мен тәртіпке бағынатын ел болу үшін алдымен қоғамда құқықтық сауаттылықты арттырып, тәртіпті қалыптастыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын күшейтуге тиіспіз. Бұл ретте, облыста түрлі идеологиялық және ақпараттық жұмыстар кең көлемде жүргізілуде. Бұл шараларға өздеріңіз де белсенді атсалысып, қоғам санасына бағытталған өнегелі ойларыңызды ортаға салып келесіздер. Қоғамда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Біз сонда ғана әділетті, қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз. Заң мен тәртіп басты құндылыққа айналса, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, есірткі саудасы, лудомания сияқты қатерлердің тамырына балта шабылатынына сенімдімін. Біз қашанда қариясын сыйлаған елміз. Қоғамдағы келеңсіздіктерді болдырмау, тәртіпті орнату, жастардың тәрбиесімен айналысу мәселесінде ардагерлер ұйымы мүшелерінің орны ерекше. Облыстық, қала, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, ақсақалдар, қоғамдық кеңес мүшелері осы істің басы-қасында жүріп, ата-бабаларымыздың жолын жалғап отырса, жас ұрпаққа үлгі-өнеге болар еді, – деді Серік Жақсылықұлы.

Аймақ басшысы орынбасарының сөзінше, өңірде заң мен тәртіп қағидаттарын түсіндіру, оны жас ұрпаққа насихаттау бағытында кешенді іс-шаралар жүргізіліп келеді. Бұдан бөлек, аталған бағытта кәмелет жасына толмаған жастардың арасында құқықбұзушылықтарға жол бермеу мақсатында «Қоғам сақшысы» түнгі рейд жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Сонымен қатар облыста жастар арасында нашақорлыққа, зиянды әрекеттерге, құмар ойындарға тәуелділіктің зардабын кеңінен түсіндіру мақсатында білім беру ұйымдарында кездесулер, түсіндірме жұмыстары, семинарлар, кездесулер өткізіліп келеді.

Бұдан соң жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев өңірдің әлеуметтік-қоғамдық өмірінде ардагерлердің атқарып жатқан оң істеріне тоқталып өтіп, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, отбасы мәртебесін көтеру, адамгершілік-отбасылық құндылықтарды қалыптастыру, ұлттық салт-дәстүрлерді болашақ ұрпаққа жеткізудегі қариялар рөлінің маңыздылығына тоқталды.

– Отыз бес жылдан астам тарихы бар, ауылдық, аудандық, қалалық және облыстық деңгейде жұмыс істейтін құрылымдық бөлімшелері бар ардагерлер ұйымдары бүгінде мықты әлеуетке ие. Облыс аумағында 141 мыңнан астам зейнеткер тұрып жатыр десек, оның 127 мыңнан астамы ардагерлер ұйымдарында есепте тұрады. Мұншама аға буын өкілдері 700-ден аса ардагерлер ұйымдарына топтастырылған. Он аудандық, екі қалалық ардагерлер ұйымдары үлкендеріміздің жайлы өмір сүруіне, зейнеткерлік кезеңдерін белсенді түрде өткізуіне, олардың тұрмыстық және әлеуметтік құқықтарының қорғалуына қызмет етуде. Өңір ардагерлері ел игілі үшін жасалған барлық бастамаларға қолдау білдіріп, қоғамның бірлігі мен ынтымағын қамтамасыз етуде, ел тыныштығын сақтап, заң мен тәртіпті қатаң бақылауда ұстауға белсене атсалысып келеді, – деді Еркінбек Бейсенбекұлы.

Ардагерлер кеңесі төрағасы өз сөзінде бірқатар игі бастамаларға тоқталып өтті. Мәселен, Қордай ауданындағы Ауқатты ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбай Семжановтың бастамасымен елді мекенде «Тәртіпті өзіңнен баста», «Қызға қырық үйден тыйым» тақырыбында шаралар ұйымдастырылып, оларға ауыл тұрғындарының көбірек қатысуы қамтамасыз етілген. Нәтижесінде ауылда тәртіп қалыптасып, үлкен-кішінің барлығы еңбекке тартылған. Ең бастысы, 16 этнос өкілі тұратын ауылдың ынтымақ-бірлігі жарасқан. Дәл сол секілді Жамбыл ауданындағы Өрнек ауылдық ардагерлер ұйымы өзінің қоғамдық қызметінде ауыл ақсақалдарына көбірек басымдық береді. Мұндағы бір сүйсінерлік тәжірибе округ әкімі, ардагерлер ұйымының төрағасы және учаскелік полиция инспекторы бірлесіп, ауылдағы құқықбұзушылықтың алдын алуды жолға қойған. Елді мекенде ауыл адамдары тарапынан дау-дамай бола қалған жағдайда учаскелік инспектор ауылдық округ әкіміне, ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасына жүгінеді, бірлесе шешім қабылдайды, жазалау емес тәрбиелеу бағытында жұмыстар жүргізеді.

Жиында Еркінбек Солтыбаев Шу ауданы, Балуан Шолақ ауылын мысал ретінде келтіріп өтті. Аталған елді мекенде соңғы екі жарым жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Жүйелі жұмыстың нәтижесі еленіп, жуырда ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есенгелді Текебаевқа қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді атсалысқаны үшін ел Президенті Алғыс хат табыстаған болатын. Бүгінде аталған ауылдың тәжірибесін аудандарға тарату жоспарланған.

– Шындығында заң мен тәртіп әр шаңырақтан, әр көше мен ауылдан бастау алады. Мемлекет басшысының тарапынан берілген марапат тек ұйымның жұмысы ғана емес, ауылыма берілген жоғары баға деп білемін. «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» жай ғана ұран күйінде қалмай, күнделікті қағидаға айналуы керек. Тиісінше, тұрғындар да қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету тек құқық қорғау органдарына жүктелген міндет емес, әрбіріміздің жауапкершілігіміз екендігін жіті түсінсе екен дейміз, – деді Есенгелді Текебаев.

Расында, қоғамдық қауіпсіздік пен тыныштық сөз етілгенде бірінші болып ойымызға құқық қорғау органдары түседі. Бүгінде бұл бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесінде соңғы бес жылда облыста құқықбұзушылықтардың саны екі есеге төмендеген. Бұл өңірлер арасындағы қылмыстың ең төменгі көрсеткіштерінің бірі саналады. Өңірдегі оң ахуал «Тараз – қауіпсіз қала», «Қауіпсіз – Қордай», «Қауіпсіз – Шу» сияқты жобалардың есебінен қамтамасыз етілген. Форумда облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы мен Полиция департаментінің басшысы Бақытжан Малыбаев аталған бағыттағы жұмыстарға тоқталып өтіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ардагерлерге қолдау танытқаны үшін алғыстарын білдірді.

Сондай-ақ жиында облыстың бас имамы Асқар Сатылғанов пен Ш.Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалық қоғамдағы діни ахуалды тұрақтандыру мен той мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарға тоқталып өтіп, ондағы аға буын өкілдерінің рөліне айрықша баға беріп өтті.

Форум соңында қатысушылардың облыс жұртшылығына үндеуі жарияланып, бірауыздан қабылданды. Бұдан бөлек, бірқатар азаматтарға қоғамдық тыныштықты қамтамасыз етудегі белсенділігі үшін облыстық полиция басқармасы мен ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттары табысталды.

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар