Менің директорым

Менің директорым
ашық дереккөз
Менің директорым
[caption id="attachment_3495" align="alignnone" width="500"]«Ара» журналының  мерейтойына арналған әзіл сурет. 1971 жыл.  Суретте Шөкең  шаңырақтан үңіліп тұр. «Ара» журналының
мерейтойына арналған әзіл сурет. 1971 жыл.
Суретте Шөкең
шаңырақтан үңіліп тұр.[/caption]

   Қазақтың белгілі сатирик ақыны, қоғам қайраткері  Шона Смаханұлының туғанына 90 жыл

   Талас ауданының Жиембет аймағында мен оқымаған мектеп жоқ. Бірінші сыныпты Ерназар ауылында бастап, Ақкөл кенті мен «Ынтымақ» ауылында екіншіні, үшіншіні түгестім. Жеті жылдықты Ойық орта мектебінде бітірген соң, үйіміз Ақкөлге қайта көшіп кетті. Отбасым осылай көшіп-қонып жүргенде аудан орталығында төрт жылдай оқыппын. Сегізіншіні Үшарал орта мектебінде оқуыма тура келді. Ақкөлде орта мектеп орнаған соң, туған жерге қайта оралдым. 1952 жылдың жайма шуақ көктемі еді. Аудан орталығы. Ақкөл кенті. Мәдениет үйінің іші-сырты сапырылысқан халық. Мен Ақкөлдегі үйіме мектеп оқушыларының көктемгі демалысында келгенмін. Аудан мектептері көркемөнерпаздарының байқауы өтіп жатқан. Сахнада бірінен соң бірі қызылды-жасылды киінген қыздар, ара-арасында балалар да өнер көрсетуде. Осы екі арада сахнаға бойшаңдау қыздың соңынан шанағы үлкен домбыраны құшақтаған аласа бойлы жігіт көтерілді. Топталған жұрт: «Мынау Шона ғой, Шона!» деп жатты. Тіпті, «Ура» деп айқайлағандар да болып еді, жанындағылар: «Әй, қойсаңшы» деп тыйып тастады. Бірақ жаңа көргендей Шонаны қызықтағандардың екпіні басыла қоймады. «Біздің Шона ағай», «Менің Шонам ғой» деп иемденіп, мақтаныштан жарылардай болып күпілдеген ағайын, Шона домбырасын тыңқылдатып, сұңқылдатып тарта бастаған кезде ән құмар жұртшылық сілтідей тына қалды. Өйткені, ол заманда қазіргідей дауыс күшейткіш аппарат қолданыла бермейтін. Әнші 7-сынып оқушысы Күлсина Омарқұлова екен. Домбырамен сүйемелдеген, әрине, Шона еді. Менің Шонаны алғаш көруім осы болды. Бұрын аудандық «Екпінді колхозшы» газетінен Шөкеңнің сықақ өлеңдерін қызыға оқитын едім. 1945 жылы Шонаның туған ауылы – «Ынтымақ» колхозына әкем парторг болып сайланып, сол елде екі жылдай тұрақтадық. Сонда Шөкең жөніндегі әңгімелерді естіп, ағайын-туыстарымен бірге түскен суреттерін көргенмін. * * * 1953 жылғы қыркүйек. 10-сынып оқушылары – соқталдай жігіттер мектеп дәлізіне жиналды. Сабақтың басталуына белгі беріліп, қоңырау соғылды. Бірақ мұғаліміміз әлі жоқ. Дәліздің екінші басындағы мұғалімдер бөлмесінен 10-шының жігіттері көз алмайды. «Логикадан сабақты Шона ағай жүргізеді екен» деген сыбыстың шыққанына талай күн болған. Міне, сол күн де келіп жетті. «Әй, Шона қайда? Неге кешігіп жатыр екен, білдіңдер ме?» дәп құрдасын іздеп тұрғандай. «Бұлардың бәрі Шона ағайдың інілері» деді жөн білетін жігіттердің бірі. «Е, ит ұяласынан қорықпайды» деген осы деді тағы бір білгіштер. Мұндай «популярный» дәрежеге Шөкең оңайлықпен жетпегені белгілі. 10-сыныпты жеделдете бітіріп, Алматыдағы пединститутқа оқуға түсіп, оның, міне, 3-курсында оқып жүр. Шона ылғи 6,7 сонан соң анда-санда 8,9-сыныптарда сабақ беріп жүрген. Енді, міне, 10 -ыншыға «ауыз салды». Бір кезде «Балалар, сыныпқа кіріңдер» деп Шөкең бәрімізді селк еткізді. Сөйтсек, ол бағаналы бері өзімізбен бірге ортамызда тұр екен. Міне, нағыз сатирик! * * * Екі жылдан кейін мен Шонамен бірге Пионерлер үйінде қызмет істей бастадым. Шөкең қарап отырмайтын, өте еңбекқор болатын. Екеуміз Пионерлер үйінің жоспарын жасауға кірістік. Балаларды қызықтыратын, уақытша болса да алдандыратын жөн-жосықты жасауда екеуміз де қиялшыл, болашаққа көзсіз сенетіндер болып шықтық. Шөкең мақал-мәтел жинаушылар үйірмесін ашатын болды. Ал мен балаларды суретке түсіруге үйрететін үйірменің жұмыс кестесін жасадым. Ел аузынан аңыз-әңгімелер жинайтын топ құру да ойымызға оралды. Ауыл жастары, жасөспірім тілшілердің тізімін жасап, түртіп қойдық. Сонымен жоспарымызға оқу бөлімінің инспекторы риза болғанымен, «Әй, осыларыңнан жақсы нәтиже болса, қане» деді күдіктеніп. Шөкеңнің өлең жазудан да қолы тимейтін. Бір күні кеңсеге келісімен өзінің қолжазбасын оқыды. «Қазір көктем ғой. Ағаш отырғызатын кезең. Мен соны сынағым келді», - деді ол шабыттанып. «Папа, – деді баласы. Көршілерді қарашы, Үйлерінің маңына, Тал егуде жабыла, Келді кезек бізге де - Текке отырмыз біз неге?

– Онда балам мән бар ғой, Жергілікті жандар ғой. Тал егіп нетеміз, Ертең көшіп кетеміз» – деп жазған екен. Ұстазбен ақылдаса келе «Ертең көшіп кетеміз» деген жолды «Әлі-ақ көшіп кетеміз» деп өзгертті. «Сендер қалай қарайсыңдар?» деп, бізге де қарап қалды. Біз де өз ойымызды ортаға салдық. «Ертең көшіп кетеміз» деген сөзді қалдыру керек» дедім мен.

* * * Шөкең көп ұзамай, күзге салым Алматыға аттанды. Мемлекеттік емтихан тапсырып, екі айдан кейін ауылға қоңыр күздің аяғында, қыстың басында қайтып оралды. Бірақ, менің директорым Алматыдан келісімен-ақ көңілі күпті екендігін байқатты. Пионерлер үйіндегі үстелге қыранша қонжиып отырған Шона ағам сәл нәрсеге елең ете қалатын. Онысы күн сайын қайталанған соң, сырын жасырудың әбестігін ескерген болса керек, мәселенің мәнісін айтты. Мемлекеттік емтихан тапсырып, диплом алудың соңында жүрсе де директорымыз Алматыда қалу әрекетін де ойластырып келіпті. Алайда ол кезде газет-журналға әдеби қызметкер болып орналасудың өзі де оңай емес-тін. Соған қарамастан, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Сейітжан Омаров уәдесін беріпті. «Бізден хабар барады» деп те сендірген. Шөңкеңің «тысыр» еткен дыбысқа елеңдеуінің мәні осыдан екен. Таңертең біреу есікті әдеттен тыс тоқылдатты. «Кіріңіз» дедік. Хат тасушы келіншек екен. Ол Шөкеңе жеделхатқа қол қойдырып алды да, асығыс көзден таса болды. Сарғая күткен хабарға қайта-қайта көз жүгіртіп көңілденген директор: «Мен енді Алматыға біржолата кететін болдым. Қызметім – кітап баспасының редакторы», – деді қуанышын жасырмай. Менің директорым оқушыларға сабақ та беретін. Ол Алматыға жүретін күні аудандық партия ұйымының кезекті конференциясы өтіп жатқан. Шөкең достарымен бірге Мәдениет үйінің іргесінде мәз-мәйрәм болып, форум делегаттарымен әңгіме-дүкен құрды. «Әй, мынау, – деді ол жиналыс болып жатқан үйді қолымен нұсқап, – тағы да орнында қалатын болған ба? Ойпырмай, жаны не деген сірі еді». Шөкеңнің олай дейтін де жөні бар. Бірінші басшының жөнсіз істері туралы жазған фельетоны газетке жарияланбай, тексеруге жіберілген. Обкомнан өкілдер келіп, бір-екі апта тексеріп қайтқан. Бастық та тісін шықырлатып қайрап отырған. Енді, міне, Шөкең тағы да қарап жүрмей қақпанға өзі келіп түсіп қала жаздады. Шөкеңнің аузынан абайсызда шығып кеткен сөздің бірінші басшыға, сол сәтте-ақ жететіні даусыз. Сондықтан бұл оқиғаның ушығып кетуі әбден мүмкін еді. Шөкең жиын аяқталар шақта кеңсеге келіп, асығыс қоштасып, жолға шықты. Арада жарты сағат өтпей-ақ кеңсеге алып-ұшып, өрт сөндіргендей шолақ тон, қаракөл құлақшын киген екі жігіт жетіп келді. – Шона Смаханов қайда? (ол кезде Смаханов болып жазылатын). – Алматыға кетті. – Қашан? Екеуі дегбірсізденіп, елеңдеп тұр. – Осы сіздер келетіннің алдында ғана. Екеуінің де өңдері қашып, бір-біріне қарап, аялдамаға қарай тура жүгірді. Бірақ автобус кетіп қалған, қолдарын сермеп кіжінгеннен не пайда? Тапсырманың тығыз екені осы қарбалас қимылдан байқалды. Кейін естідік, Шөкеңді жолынан қалдырып, қайта сайланған аупарткомның бірінші хатшысы оның партиялық мәселесін жедел қарамақ екен. Жарқабақтан құлағалы тұрған Шонаны тағдырдың өзі аман алып қалу үшін Алматыға алып қашқан. Сөйтіп тірідей тозақ отынан, тұрмыстың шырғалаң тауқыметінен бір сәтте-ақ құтқарған. * * * Жылдың аяғында болған облыстық комсомол конференциясында біздің Пионерлер үйінің «даңқы» шартарапқа тарады. Облыстық мұрағаттан алынған мәліметті келтірейік. Сол жиында есепті баяндама жасаған облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, кейін облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болған Руденко былай деген: «Сарысу, Талас, Свердлов, Луговой және Жамбыл аудандарында Пионерлер үйінің директорлары мен көпшілік жұмысын ұйымдастырушылар жылына 3-4 рет ауыстырылады. Пионерлер үйінің директорлығына пионер жұмысымен мүлде таныс емес адамдар тағайындалады. Мәселен, Талас аудандық Пионерлер үйі директорының есебінде жергілікті ақын Смаханов 7 ай болған. Ол балалардан бөлектеніп есігін бекітіп алып, жападан-жалғыз отырып, нашар өлеңдерін жазған, кейде оның өлеңдеріне аудандық комсомол комитетінің хатшысы Исаев та масаттанған. Мұнан соң ақынның орнына аудандық комитет ет сатушыны бекіткен. Енді, міне, есеп бойынша Пионерлер үйі 4-ші директоры («біз тағайындаған») жұмыс істейді». Баяндамадағы «Смаханов... нашар өлеңдерін жазады» деген сөйлемді талдап көрейік. Түпнұсқасында «Директором Таласского дома пионеров 7 месяцев числился местный поэт Смаханов, который запирался от детей на замок и в одиночество творил свой вирший» деген. Міне, осындағы ең соңғы «вирший» сөзі С.И.Ожеговтың «Словарь русского языка» кітабында былай түсіндіріледі: «Вирши – старинные русские и украинские силабические стихи (теперь иронич. – о плохих стихах)». Мұнда қазақтың сатиралық сықақ өлеңдерін төменгі сортқа жатқызғаны байқалады. Өйткені, Шона фельетон, сықақтарын өлеңмен жазған. Ал, оны қызықтаған - Әуез Исаев. Ол Талас өңіріне белгілі әдебиетші, әуезді әнші, өзі де өлең жазатын. Демек, Шөкең талантын бағалаушы ағайынның бірі. Сықақ, әжуа өлеңдерді, біздегі кейбір жазғыштар менсінбейді. «Қағылған», «соғылған» шығармаларды ғана сатира деп ұғынады. Сатиралық уыт есеппен еске алынбайды. * * * Пионерлер үйіне басшылыққа Шөкеңнен соң, Осағаң келген. Енді соның жайын қаузай кетейік... Ал, жазушы Оспанәлі Иманәлиев екеуміз ҚазМУ-дың қазақ тілі мен әдебиет мамандығында соңғы курсында сырттай оқитынбыз. Көңілім ауғанда Осекеңе барып, оның сейфке салып қойған дәптеріне жазылған сықақ, қағытпа өлеңдерімен танысып қайтатыным бар еді. Көбінесе, өлеңді өзі оқитын. Ұмытпай тұрып үстел үстінде қалып кетпесін деген сақтықпен сейфке қайта салып, құлпын кілттеп қоятын. Сондағы өлеңдері кейінірек өзіне қарсы қару болып жабысты. Тіпті, жұрт арасында тез тарап кетті. Газетке де жарияланды. Осекең өлеңдерінде адамдардың атын өзгертіп, түсін түстеп, бет-бейнесін тұспалдап, әрекетін дәлдеп жазатындықтан, оқырмандар сықақтың кім туралы екенін бірден түсіне қоятын. Өлеңдегі кейіпкерлердің бәрі аупарткомның бірінші басшысынан бастап, өңірдің марқасқаларын, бюро мүшелерін сайқы мазаққа айналдыратын. Бірде Осекеңді аудандық Мәдениет бөліміне меңгеруші етіп «төмендетті». Бұл өзі көзге көріне қоймайтын, күйбең тіршілігі мол, «ұшарын жел, қонарын сай білетін» алашапқын жұмыс. Көп ұзамай Осекең маған келді, көңіл-күйі төмен. – Мені райком басшысы аудандық «Ленин жолы» газетіне әдеби қызметкер боласың деп жатыр. Бірақ аудандық газетке барғым жоқ деп ем, «Олай болса, жұмысты өзің тауып ал» деді. «Жатып та, тұрып та ойландым. Сосын Пионерлер үйінің директоры болудан артық ештеңе таппадым. Ал, сен «газетте істесем» деп армандаушы едің ғой. «Ленин жолы» газетіндегі менің орныма бар». Менің қуанышымда шек болмады. «Осы өңім бе, түсім бе», деп танырқадым да «мақұл», деп келісімімді бердім. Екі-үш күннен кейін Ос-ағаң тағы да тұңжырап, ренжіп келді. «Ленин жолы» газетінің редакторы Ерғара Тәжімбетов сенің келуіңді жақтырмай отыр. Пионерлер үйі-жалқаудың жұмысы. Ол әбден масылдыққа бейімделген, газет ісі оның қолынан келетін оңай тірлік емес» депті. – Ой, Ереке-ай! Менің облыстық «Еңбек туы» газетіндегі, оқта-текте республикалық «Лениншіл жас» газетерінде жарық көрген мақалаларымды неге ескермеді екен. Ең болмаса, өзі басқаратын аудандық газеттегі бірді-екілі мақаламды көрмеді ме екен?-дедім мен. – Сен ренжіме, мен райкомға жолығайын, - деді Осағаң. Айтқанындай, аупартком басшылары «Ленин жолы» газеті редакторын шақыртып алған көрінеді. «Біз Иманалиевті қайда орналастыруды білмей қиналып жүрміз. Сен болсаң оның ұсынған адамын қызметке неге алмайсың? Иманәлиев те, Баққараев та ендігі жылы ҚазМУ-ды бітіреді. Ал, өзіңнің орта білімің де жоқ екен», деп пәле салыпты. Сонымен аупартком Ос-ағаңды өзі ұнатқан қызметіне орналастырды. Мен өзім өмір бойы аңсаған арманыма-газетке баратын болдым. Мен аудандық газетте жарты жыл жұмыс жасаған соң редактор Ерғара Тәжімбетов көктемгі мереке құрметіне шығарған бұйрығын оқып берді. Онда: «сынақпен қызметке қабылданып, бірақ өзінің шығармашылық қабілетін танытқан, болашағынан мол үміт күттіретін газетші, дарынды әдеби қызметкер Кәдірхан Баққараевтың еңбегі айрықша бағаланып, атап көрсетілсін» деген баға беріліпті. Сөйтіп, Ерағаң алғаш рет менің журналистік жолымды ашты. Мұнан артық бізге марапат керек емес сияқты көрінетін. Қазіргідей үйіп-төгіп заттай, ақшалай сыйлық беру дәстүрге айналмаған кез. Бірақ Осағаң Пионерлер үйінде көп жыл тұрақтай алмады. Алматыға көшіп кетті. Ал, мен Сарысу, Талас ауданаралық газетінің бөлім меңгерушісі қызметінен Алматы Жоғары партия мектебі журналистика бөлімшесіне оқуға түстім. Бұл кезде Шөкең, ештеңеден қаймықпайтын Шона ағам алматылық ақын-жазушылардың ортасынан шоқ жұлдыздай жарқырап көріне бастаған...

9Кәдірхан Баққараев, журналист.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар