Ел аузында түрліше айтылып жүрген батыр батасының түпнұсқасы қайсы?
- author «Ақ жол»
- 5 тамыз, 2025
- 952
Тіпті алғысөз ретінде мынандай дерек келтіріледі: «Ұлы Отан соғысы аяқталған соң, Бауыржан Момышұлы Бішкек қаласына әскери қызметке жіберіледі. Ол жолшыбай өзінің туған жері – Жуалы ауданында (Жамбыл облысы) 4-5 күн аялдайды. Батыр ағамыздың жанына облыстың, ауданның біраз басшы қызметкерлері еріп жүреді. Ауыл ақсақалдарымен бірге жақсы сөзге жаны құмар жастар да Баукеңнің әңгімесін тыңдайды.
Сапарының соңғы күні Баукең жалғыз баласы соғыста қаза болған қасіретті қарияның бірінің үйінен дәм-тұз татып шықпақшы болады. Қанша үйдің дәмін татса да, астан кейінгі бата беруді ауыл ағалары атқарады. Енді елден аттанар алдындағы дәм-тұздың батасын беруді жұрт Баукеңнен өтінеді. Баукең сәл ойланады да, тебірене түсіп, былайша термелеп кетеді...» деп жазылған.
Әйтсе де бұл «алғысөз» оқырманды шатастыратыны анық. Бауыржан Момышұлы «Ұлы Отан соғысы аяқталған соң Бішкек қаласына қызметке жіберіледі» дегенді кім жазса да, жалған жазған. Біріншіден, соғыс аяқталған жылдары Қырғыз елінің астанасы Фрунзе аталған. Екіншіден, бұл басты дерек, Бауыржан Момышұлы сол қалаға әскери қызметке жіберілмеген. Ол алдымен Бас штабтың академиясына жолдама алып оқуға түседі. Одан кейін 1948 жылы Сібірдегі 49 бригадаға командирдің орынбасары қызметіне тағайындалады. Екі жыл өткеннен соң Калинин қаласындағы әскери академияға аға оқытушы болады.
Осыдан екі-үш жыл бұрын мен Бауыржан атамыздың немересі әрі мұрагері Ержан Момышұлынан Баукеңнің үйде сақталып жатқан мұрасынан біраз құжаттарды алып, зерттедім. Сонда Бауыржан атам өз қолымен жазған батасының нұсқасын таптым. Бата Баукеңнің комментарийлерімен әрленген. Онда былай делінген: «Бір үйде қонақта отырмыз. Түскен үйіміздің өмірінде қонақ күтіп көрмегендігі, ағайын арасында ынтымақтары аздығы, шал-кемпірлерінің қадыры жоқ екендігі, келін-кепшік, бала-шағалары бейбастау ауыл екендігі жүріс тұрысы, қарым-қатынастарынан көріне бастады... Шай алдымызда, қой сойылып, ет асылып жатыр. Әдеп сақтап, зордан шыдап отырмыз...
Тамақ аяғында бір жігіт:
– Әумин! – деп бата сұрады.
Табақтас шал төмен қарап отырып қалды.
– Батаны батыр берсін, – деді ауылдың бір қуы.
Шынымды айтсам мен де не айтарымды білместен біраз сасқалақтадым.
– Ақсақал, жол сіздікі еді ғой, – деппін бата білмес жазған шалға..
.– Жоқ! Батаны батыр берсін, – деді тағы да жаңағы қу жігіт.
Абырой болып, Керей сыбан Шардамбайдың батасының негізгі арнасы есіме сап етіп түсе қалғаны бар ма. Қолымды жайып, оны біраз өзгертіп мен батамды бастадым:
– Иләә Құдай! – дедім.
Отырғандар да қолдарын жайды.
– Тілегімізді қабыл ет,
Иманымызды кәміл ет.
Тозақтың отынан сақта.
(Кемпір-шалдар мүлгиді. Баукеңнің комментарийі).
Қаңғыған оқтан сақта.
Парақор соттан сақта.
(Қатарымдағы халық сотына қарап отырғандар ду күлді. Баукеңнің комментарийі).
Кірлі сумен жуыстан сақта,
Ынтымақсыз туыстан сақта.
Көрінбей жатқан аудан сақта,
Жөнсіз даудан сақта.
Қара жүрек батырдан сақта,
Көк долы қатыннан сақта.
Мезгілсіз келген ажалдан сақта (бұл жол сызылып тасталған. Менің комментарийім).
Елімізді (сызылып тасталған. Менің комментарийім)
Колхозды жеген бастықтан сақта,
(Отырғандар ду күлді. Баукеңнің комментарийі).
Есенгіреген мастықтан сақта,
(Отырғандар ду күлді. Баукеңнің комментарийі).
Мылжың келген қарттан сақта.
(Отырғандар ду күлісті. Баукеңнің комментарийі).
Кеудесін керген келіннен сақта.
Мезгілсіз келген өлімнен сақта.
Татымсыз тұзыңнан сақта.
Ұятсыз қызыңнан сақта.
Қайырымсыз жекжаттан сақта.
Жалқау бала тек жаттан сақта.
Түнере атқан таңнан сақта.
Жаңбырсыз шаңнан сақта.
Жастарында әдеп жоқ,
Өлгенінде батуа жоқ,
Құры айқай, шат-шелекей даңыңнан сақта.
Я Алла тағалам!
Өмір берсең жайлы ғып бергін.
Дәулет берсең дақты ғып бергін.
Әйел берсең әдепті, жанға
Тыныс, төсекке жайлы ғып бергін.
Ұл берсең ұлықты ғып бергін.
Қыз берсең қылықты ғып бергін.
Келін берсең келісті ғып бер.
Ағаш берсең жемісті ғып бер.
Ат берсең желісті ғып бер.
Тұлпар берсең шабысты ғып бер.
Өлімізге жұмақ бер.
Тірімізге еңбек бер.
Жомарт болсаң осы айтқандарымның барлығын
Үйіп-төгіп бір-ақ бер.
Аллаһу акбар! – деп батамды аяқтадым».
12/IX-62 жыл.
Б.Момышұлы деп қолы қойылған.
Бекет МОМЫНҚҰЛ,
«Бауыржантану» ғылыми-зерттеу
орталығының жетекшісі.
Ұқсас жаңалықтар
Қазіргі қазақ прозасы не айтқысы келеді?
- 4 желтоқсан, 2025
Қазақ өлеңіне қолдау мен құрмет
- 1 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




