Адамдықтың өлшемі
Адам деген аттар ортақ болса да,
Адамдықтың өлшемдері қаншама?!
Кейбіреулер озбырлығын қару қып,
Өмір-бойы шен қорғайды жан сала.
Кейбіреудің қулық сұмдық өлшемі,
Көрер көзге ол ақжарқын, ол сері.
Пайдасы үшін жарға жығар жақынын,
Обал-ау, деп аямайды ол сені.
Туа бітті аңғалдар да болады,
Ондайларды жылпос іштен шалады.
Бір ғажабы бірін-бірі ала алмай,
Екеуі де ертеңіне барады.
Біреу адал, ала жіпті аттамас,
Ондайлардың абыройына жоқ талас.
Баукеспелер, сұғанақтар тағы бар,
Жамандар бар жақсыменен бақталас.
Біреу шыншыл, бас тігуге тұратын,
Елмен өзін бір қатарда ұғатын.
Жәдігөй бар бұл өмірде тағы да,
Өз шаңына арын сатып шығатын.
Ақылгөй бар, даналар бар, дарын бар,
Санасымен ғарыш барған ғалым бар.
Солай бола тұрса дағы, ой тоба-ай,
Топастықтың бітпеуіне таңым бар.
Таң атады, күн батады бір қалып,
Бір аспанның астындамыз, бұл да анық.
Біреулер жүр жетер-жетпес күн кешіп,
Біреулер жүр нан тепті боп жырғалып.
Біреулерді біреу құлға санайды,
Біреулерді біреу пұлға санайды.
Біреулерді хан көтеріп біреулер,
Бұл дүниеге тірек, тұлға санайды...
Адамдықтың өлшемдері күн болсын,
Күнге құлаш созып тұрған шың болсын,
Жамандықтан жақсылығы мың есе,
Жалғандықты жоя білер шын болсын.
Асқартау - арман асуы
Алатау сымбатыңа қызығамын,
Мекенсің етегі гүл, қойны жалын
Күн сүйген асқар шыңың асқақтаса,
Биіктік, ұлылық деп ұғынамын.
Төбелер біртін-біртін биіктеген,
Алла да тек заңғарын іріктеген
Таулардың мәртебесі өскен сайын,
Қарайды төбешіктер күдікпенен
Білмеймін, жетер ме екен сана сезім,
Кімдерге ой салады айтқан сөзім.
Шыңдардың қасиетін білем десең,
Шарқ ұрып кең даланы кезгін өзің.
Ақиық, көк тіреген асқар тауым,
Мүмкін бе биіктесем асқақтауым?
Халқымның мұңын мұңдап, жоғын жоқтап,
Тұрмаса биіктіктен бас тартамын.
Тау бізді жетелейді армандарға,
Қамығам құлшыныссыз қалғандарға.
Биіктік көрсетіп тұр бізге өнеге,
Теңелу міндет бізге заңғарларға!
Біз қашан түзелеміз?
Біреуді біреулерден асырамыз.
Мақтаймыз, кемшілігін жасырамыз.
Жасап ап қолымыздан дөкейлерді,
Өзіміз табынамыз, бас ұрамыз.
Бәріне айтқанының мақұл дейміз,
Ақ дейміз, адал дейміз, асыл дейміз.
Жасаса бардан жоқты, жоқтан барды,
Айтқанын құп аламыз, ақыл дейміз.
Неге бұлай, біз неге осындаймыз?
Бұл сұраққа тағы да тосылмаймыз.
«Бізде оған жететін жан жоқ дейміз»
Басыбайлы мінезді жасырмаймыз.
Ал енді, мойындасақ бір шындықты,
Сол дөкейге бара-бар жүр сан мықты.
«Бұл жамандар қайтеді, япыраулап»,
Жұмсаймыз оған қарсы күншілдікті.
Сығырайып қараймыз, жымысқылап,
Мұрын тығып ізіне, тіміскілеп.
Ағын да, асылын да «қара» дейміз,
«Дөкейіме орынсыз тиісті» деп...
Біз қашан бағалаймыз дәл шындықты,
Қоямыз қашан сатпа күншілдікті?
Арылсаң марғаулықтан, аңқаулықтан,
Жоясың қазақ сен де бұл сұмдықты!
Өтеді дәурен
Қайдасың жастық дәурен жайраңдаған,
Ойын-күлкі қызық пен сайраңдаған.
Бұл күнде көңіл шіркін қобалжиды,
Бір кезде кербестідей жайнаңдаған.
Кеттің бе жастық жалын бұрылмастан,
Әлде сен тайсалдың ба бурыл бастан.
Өмірдің ақ сұңқары жиырма бес,
Көңілдің гәкку назын алып қашқан.
Жастық шақ білдім қайта келмесіңді,
Болмасты сұрағаным бермесіңді.
Көзімнен бұлбұл ұшқан жігіттік шақ,
Сағынып әнге қостым елесіңді.
Дүниеге талай ұрпақ әлі келер,
Өмірден бұйрықтыны бәрі көрер.
Мәңгілік өріс тауып жүрсе деймін,
Жасампаз қасиетті өлең-өнер!
Перзентімін табиғаттың
«Тіршіліктің татып жүрмін тұз-дәмін,
Көрдім оның жалынын да, ызғарын.
Төзе білдім, безінбедім бәрінен,
Жазмышымның жазған заңын бұзбадым.
Перзентімін табиғаттың талшығы,
Жайбарақат ашылмайтын жан сыры.
Өмір-дүние гүл жайнаған жапырақ,
Мен деп білгін мөлдіреген тамшыны.
Асқақ сезім жетелеген мені алға,
Жан тұшынар қызықтардың бәрі алда.
Шаршасам да, шалдықсам да жүремін,
Кеуде тосып үміт дейтін самалға.
Дауыл ұрған шағы да бар өмірдің,
Тайталаста озбырлықтан жеңілдім.
Қайта түлеп қанат қаққан кезім бар,
Самұрығын сайлап алып сенімнің.
Күш-қуатым, ақыл-есім, ұятым,
Жүрекке сен жылылықты құятын.
Жақсылықтың қарлығашы бола алсам,
Адамдықтың сақтағаным ұлы атын.
Битама МЫРЗАМБЕТҰЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




